ҚазРусEng

Тұрақты даму

Өндіріс тұтастығын қамтамасыз ету жүйесінің құралдары

2014 жылы іске қосылған нысан тұтастығын қамтамасыз ету жүйесіне сәйкес келесі негізгі құралдар қолданылады:

  1. Тосқауылдар моделі;
  2. Өндіріс тұтастығы тиімділігінің негізгі көрсеткіштері (ТНК);
  3. Қолданыстағы нысандарды модификациялау бойынша өзгертулерді басқару жүйесі;
  4. Апаттық дабылдарды басқару;
  5. Технологиялық процесс қауіпсіздігінің негіздері бойынша іс-шаралар.

Тосқауылдар моделі

2020 жылы өндіріс тұтастығын қамтамасыз ету бөлімі Microsoft Excel бағдарламасының негізінде «Тосқауылдар моделі» құралын жетілдіру мақсатында мамандандырылған бағдарламалық жасақтама дайындаушы ​​"Risk Poynt" компаниясы жасаған бағдарламалық кешеннің конфигурацияларын реттеу бойынша жұмыстар жүргізді. Осындай жаңа шешім өндірістік қауіп-қатерлерді басқарудың инновациялық құралы болып табылады. Ол ұйым активтері үшін қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін талдаудың мәліметтері мен көрсеткіштерін ұсынады.

«Тосқауылдар моделінің» бағдарламалық жасақтамасы КПО талаптарына сай жаңартылып, осылайша жедел деректер есебінен үдерістің тиімділігін айтарлықтай арттыруға және анықталған ықтимал қауіпті факторлармен жұмыс жасау кезінде әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Онлайн тәртібіндегі жүйе 2020 жылғы 22 желтоқсанда іске қосылды.

Өндіріс тұтастығы тиімділігінің негізгі көрсеткіштері

КПО-ның нысан тұтастығы тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің (ТНК) мақсаты — сайып келгенде неғұрлым ауыр салдарға әкелуі мүмкін оқиғалардың себептері мен шарттарын анықтау немесе олардың орын алуының алдын алу. КПО нысан тұтастығы ТНК туралы есеп беру бойынша API RP 754 ұсынылған тәжірибесіне, IOGP 456 стандарты ұсынымдарына, «Эни» және «Шелл» компанияларының басшылық ететін қағидаттарына сәйкес кешікпелі және ескертпелі көрсеткіштерді қадағалап отырады. КПО құрушы компанияларының 2020 жылғы аудит нәтижесіндегі ұсыныстар шеңберінде ТНК процесі бұрын қолданылмаған «жарық индикаторларын» енгізу арқылы жетілдірілді.

2020 жылы өндіріс тұтастығын қамтамасыз ету бөлімі КПО-дағы нысан тұтастығы тиімділігінің негізгі көрсеткіштері және өндірістік қауіпсіздіктің негізгі көрсеткіштері туралы есептерді ай сайын және тоқсан сайын беруді жалғастырды.

КПО процесстерінің қауіпсіздігі бойынша ақпараттық панельдерде КПО-ның барлық өндіріс нысандары бойынша орташа және жалпы көрсеткіштер бар.

Үздіксіз жетілдіру және хабардарлықты арттыру мақсатында ТНК пирамидасы 1-3 деңгей коэффициентімен толықтырылды. Бұл коэффициент деңгейіндегі оқиғалар санының мердігерлер мен қосалқы мердігерлер жұмыс істеген адам-сағаттың жалпы санына қатынасын көрсетеді.

Бағалау карталары мен ақпараттық панельдерге кірме деректерді цифрландыру және деректерді автоматтандырылған өңдеу бойынша 2020 жылға қойылған міндетін орындау коронавирус пандемиясы мен шектеулі ресурстарға байланысты мүмкін болмады.

2020 жылы өндіріс тұтастығын қамтамасыз ету бөлімі ТНК мен ақпараттық панельге қажетті деректерді (КПО бойынша жалпы және объект бойынша бөлек көрсеткіштер) ай сайынғы жинақтау, құрылымдау, мерзімді жаңарту және талқылау бойынша жұмыстарды жалғастырды.

Қолданыстағы нысандарды модификациялау бойынша өзгертулерді басқару жүйесі

Өзгертулерді басқару жүйесінің негізгі мақсаты — жабдықты модификациялау бойынша кез келген өзгертулер енгізілмес бұрын бағаланғанын, мақұлданғанын және құжатталғанын және, осылайша, өндірістік қондырғылар мен процестердің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда, жабдықты модификациялау үдерісіне қатысатын КПО бөлімдері аталмыш жүйені кеңінен қолданып келеді. Жалпы алғанда, 2020 жылдың соңында жүйеде 1946 электронды өзгерту тіркелді, оның 9,8%-ы жыл ішінде жүйеге енгізілді. Жалпы жүйеде барлығы 814 электронды өзгерту жабылды, оның 136-сы — 2020 жылы жабылды.

Кен орнындағы барлық нысандардың белсенді қолдануы арқасында өндіріс тұтастығын қамтамасыз ету бөлімі мерзімі өткен электронды өтінімдердің азаюына қол жеткізді. Өткен жылмен салыстырғанда мерзімі өткен электронды өтінімдердің саны 58,8%-ға азайып, 247 құрады. 2021 жылы біз мерзімі өткен өтінімдердің санын азайту және ашық өтінімдердің жиналуын болдырмау мақсатында жүйенің тиімділігін арттыруға ден қойдық.

Апаттық дабылдарды басқару

2020 жылы «Апаттық дабылдарды оңтайландыру бағдарламасының» ақырғы нұсқасы орталық қызмет көрсету бөліміне іске асыру үшін жіберілді (3 фаза). 2020 жылдың бірінші тоқсанында аталмыш жобаны іске асыру кезеңіне дайындық ретінде орталық техникалық қызмет көрсету бөлімінің операторлары мен супервайзерлері үшін қысқа дайындық курсы өткізілді.

Технологиялық процесс қауіпсіздігінің негіздері бойынша іс-шаралар

Технологиялық процес қауіпсіздігі негіздері (ТПҚН) бойынша іс-шаралар 2017 жылы басталды. Бұл бастама өндірістік нысандарды пайдалану кезінде орын алуы мүмкін қауіптер туралы өндірісте қызмет ететін қызметкерлердің хабардарлығын арттыруға бағытталған.

Коронавирус пандемиясымен байланысты шектеулер салдарынан 2020 жылы бұл іс-шаралар уақытша тоқтатылды.