ҚазРусEng

Тұрақты даму

Жол қауіпсіздігі

Жол қауіпсіздігінің тұрақты көрсеткіштерін қамтамасыз ету үшін КПО жол қауіпсіздігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды жалғастыруда. 2020 жылда Компания келесілерді қосқанда, осы жоспардың қысқа мерзімді іс-шараларының 98%-ын орындады:

  • Жол қауіпсіздігі бойынша міндеттемелерді қабылдаумен Компанияның ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саясатын жаңарту;
  • Көлік құралдарын пайдалануды оңтайландыру және көлік жүрісін азайту міндеттері шеңберінде Компанияның Ақсай қаласындағы кеңселері үшін «ортақ пайдалану» көлік жүйесін енгізу;
  • Тоғыз негізгі мердігердің басшылығымен жол қауіпсіздігі туралы кезектен тыс жиналыс өткізу, онда жол қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау, ережелерді бұзуға жол бермеу, қажығандықтың алдын алу, көлік жүргізу кезінде сыртқы факторларды ескеру және т.б. мәселелер көтерілді;
  • Компания және мердігер жүргізушілерімен қыс мезгілінде көлік жүргізу қаупі, оның ішінде жануарлармен соқтығысу қаупі туралы қыс мезгіліндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша кезектен тыс жиналыс өткізу;
  • Қарашығанақ кен орнында жұмыс істейтін мердігер ұйымдардың барлық көлік құралдарына бейнетіркеуішті орнату талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;
  • Компанияның негізгі процедураларын жаңарту: жол қауіпсіздігі, көлік құралдарын бақылау жүйесін басқару, жүктерді қауіпсіз тасымалдау;
  • Компанияның жол қауіпсіздігін басқару жүйесін ISO 39001 «Жол қауіпсіздігін басқару жүйесі» халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігіне салыстырмалы талдау жүргізу. Компания аталмыш стандарт бойынша 2022 жылы сертификаттаудан өтуді жоспарлап отыр.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІСІ:
АҚСАЙ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК ТЕХНИКАСЫ ЖӘНЕ ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ХАБАРДАРЛЫҒЫН АРТТЫРУ

Мәселенің мазмұны / қысқаша сипаттамасы:

Жыл сайын Компания Ақсай тұрғындарының қауіпсіздік техникасы мен жол қауіпсіздігі бойынша хабардарлығын арттыруға және осы мәселелерді насихаттауға зор көңіл бөліп келеді. КВИ пандемиясының шектеулеріне байланысты бірқатар жоспарланған іс-шаралар жаңа форматта өткізілді.

Жағдайдың шешімі / қолданылған әрекеттер:

Жыл сайын КПО Ақсай қаласы балалары мен олардың ата-аналарына 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай жол қауіпсіздігі шарасын өткізетін еді. 2020 жылғы КВИ пандемиясы салдарынан шара басқа форматта өтті.


КВИ пандемиясының шектеуліктеріне қарамастан және «Радио-Ақсай» радиостанциясы әріптестерінің көмегімен ҚТ корпоративтік бөлімінің қызметкерлері Instagram арқылы онлайн байқау өткізіп, қала ата-аналарымен және балалармен сұхбаттасуға мүмкіндік алды.

 

Іс-шараға дейін бір апта бұрын бірнеше қысқа бейнероликтер дайындалып, «Радио-Аксай» Instagram парақшасына жүктелген болатын. Оның мақсаты кең таралған қауіп-қатерлер мен қауіпсіздік ережелері, қауіпсіз мінез-құлық әдеттерін қалыптастыру және балалардың жарақаттануын болдырмау туралы ескерту болды. Сонымен қатар балалардың үйдегі, көшедегі, жолдағы және т.б. жерлердегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарымен бөлісу мақсатында Ақсай тұрғындарына өз фотосуреттерін және бейнероликтерін жіберуді ұсындық.

 

Үздік шығармашылық жұмыстар іріктеліп, Балаларды қорғау күні «Радио–Ақсай» тікелей эфирінде жарияланды.

 

Сондай-ақ 2020 жылы «Ақсай» радиостанциясы толқынында Компанияның түрлі тақырыптары, атап айтқанда күнделікті өмірдегі және көшедегі қауіпсіздік ережелері, өрттің алдын алу, қауіпсіз көлік жүргізу, балалар қауіпсіздігі, сонымен қатар қыс уақыты мен қараңғы уақыттағы қауіпсіздік тақырыптары бойынша аудиороликтерді ойнату жалғастырылды. Қауіпсіздік техникасы мен жол қауіпсіздігі бойынша өзекті тақырыптар бойынша аудиороликтер күніне бес рет ойнатылып, ай сайын жаңартылып тұрады.

 

Сондай-ақ, жергілікті жол полициясы мен аудандық білім беру бөлімі өкілдерімен бірлесіп, қаланың орта жалпы білім беру мектептерінің төменгі сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелерін насихаттау мақсатында ақпараттық іс-шаралар өткізілді. Осы іс-шаралар аясында балаларға естелік сыйлықтар және қараңғы уақытта қолданылатын 1 мыңнан астам жарық шағылыстырғыш фликер сыйға тартылды.