ҚазРусEng
23.02.2021
КПО 2020 жылға арналған өндірістік қызметтің нәтижелерін ұсынды

АҚСАЙ, Батыс Қазақстан облысы, 2021 жылдың 23 ақпаны - «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) 2020 жылға арналған өндірістік қызметтің қорытындысын шығарды.

Өткен жылы компания 10,9 миллион тонна тұрақты сұйық көмірсутектер өндірді, бұл - КПО үшін тарихи максимум. Көмірсутектердің жалпы көлемі, оның ішінде экспортқа шикі газ бен отын ретінде пайдалану үшін тазартылған газ өндірісі 143,9 миллион баррель мұнай баламасын құрады.

Сонымен қатар, қоймаға 10,4 миллиард текше метр шикі газ айдалды, бұл оның өндірісінің жалпы көлемінің 51,3% құрады (5-ші кері айдау құбыры жобасының екі қосымша ұңғымасын пайдалану арқылы).

Коронавирустық пандемиямен ушығып тұрған әлемдік мұнай-газ саласының құлдырауына қарамастан, КПО өндірістік объектілері барлық қауіпсіздік талаптары мен 2020 жылға арналған өндірістік жоспарларды қатаң сақтай отырып жұмыс істеді.

«2020 жылы біз сұйық көмірсутектерді өндіру бойынша жоспарларды асыра орындадық. Сонымен қатар, біз жыл сайынғы мұнай өндіру, қайта айдау және жалпы газ өндіру бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткіздік. Осылайша, жұмысымызда құрылымдық тәсілді қолдана отырып, өндірістік нәтижелерге қол жеткіздік», - деді КПО бас директоры Эдвин Блом.

Осы кезге дейін Қарашығанақтағы серіктестер кенішті игеруге 27 миллиард доллардан астам қаржы салған.

2020 жылдың желтоқсанында Қарашығанақ жобасының акционерлері Қарашығанақ-1А кеңейту жобасына (ПРК1А жобасы) рұқсат беру туралы келісімге қол қойды.

Эдвин Бломның айтуынша, «ПРК1А жобасын мақұлдау - Қарашығанақ кен орнын игерудің маңызды кезеңдерінің бірі. Оны іске асыру қазіргі ҚӨК газы бойынша өндірістік шектеулерді алу (ҚГӨША) жобасы және 4-ші газды кері айдау компрессоры жобасы шеңберіндегі жұмыстың логикалық жалғасы болады. Айтпақшы, өткен жылы екі жоба да пандемияға және онымен байланысты шекарадан өту мен шетелден жеткізілімдегі қиындықтарға қарамастан жүзеге асыруда біршама алға жылжыды. ПРК1А жобасының мақсаты - сұйық көмірсутектер өндірісінің шегін кеңейту. Мұнда 5-ші газды кері айдау компрессордың және басқа да байланысты нысандардың құрылысы қарастырылған.

«КПО ірі Қарашығанақ кен орнының қауіпсіз дамуын, республика бюджетіне тұрақты кірістерді қамтамасыз етеді. Осылайша, мыңдаған жұмыс орны мен БҚО-да және оның шегінен тыс жерлерде тұратын көптеген отбасылардың әл-ауқаты сақталады», - деп атап өтті Эдвин Блом.

КПО атмосфералық ауаны, топырақты, жер үсті және жер асты суларын бақылауды, сондай-ақ шығарындылар мониторингін (ағынды сулардың шығарындылары мен төгінділерін) қоса алғанда, қоршаған ортаны толық бақылауды жүзеге асырады. «Жасыл» технологияларды енгізуге, қалдықтарды жоюға және ластаушы заттар шығарындыларын азайтуға бағытталған шараларға ерекше назар аударылады.

Жалпы алғанда, 1998 жылдан бастап КПО түрлі табиғат қорғау іс-шараларын іске асыруға 432 миллион АҚШ долларын инвестициялады. Өткен жылы Қарашығанақтағы газды кәдеге жарату көрсеткіші 99,92%-ды құрады, бұл да әлемдік деңгейдегі жетістік болып табылады. Сертификаттық аудит нәтижелері бойынша КПО-ның экологиялық және энергетикалық менеджмент жүйелері тиімді және ISO 14001:2015 және ISO 50001:2018 халықаралық стандарттарына сәйкес деп танылды.

Қызметкерлер мен жергілікті халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі компания үшін негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Ағымдағы жағдайдың күрделілігіне қарамастан, КПО өз қызметкерлері үшін де, мердігер ұйымдарының жұмысшылары үшін де қауіпсіз жұмыс жағдайын қамтамасыз ете отырып, жұмыс орындарын одан әрі сақтауға ниеттеніп отыр.  2020 жылы қазақстандық қызметкерлердің үлесі мамандардың/білікті жұмысшылардың жалпы санының 97%-ын және басқару буынының 83%-ын құрады. Жалпы, ӨБТК-не қол қойылған сәттен бастап қазақстандық мамандарды оқытуға және дамытуға 227 миллионнан астам АҚШ доллары жұмсалды.

Компания Қарашығанақ кен орнын игеруге қазақстандық жеткізушілер мен өндірушілерді тарту бойынша белсенді әрі жан-жақты жұмыс жүргізуде. Осы бағдарламаны іске асырудағы қарқынды жұмыс өз жемісін беріп жатыр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізу үшін жасақталған КПО келісім-шарттарындағы қазақстандық қамту үлесі 59%-ды құрады. Сонымен қатар, соңғы бірнеше жылда қарапайым өнімнен бастап материалдар мен жабдықтардың күрделі және жоғары технологиялық түрлеріне дейін қазақстандық тауарларды сатып алу ерекшеліктері түбегейлі өзгерді.

Сондай-ақ, КПО Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобаларды іске асыруды да жүзеге асырады. Бүгінгі таңда КПО-ның осы салаға салған инвестициясының жалпы көлемі 427 миллион АҚШ долларын құрайды.

2020 жылы COVID-19-ға қарсы күресте облыстың денсаулық сақтау мекемелеріне айтарлықтай қолдау көрсетілді. Қажетті медициналық жабдықтар, оның ішінде қарқынды терапия бөлімшелері үшін материалдар сатып алынды.

«Қалыптасқан жағдай, әрине, біздің әрқайсымыз үшін және әлемдік экономика үшін бұрын - соңды болмаған сынақ», - деді Эдвин Блом. – «КПО өз қызметкерлері мен жергілікті халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Біз Батыс Қазақстан облысы мен Қазақстан Республикасының тұрғындары үшін орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге деген жалпы ұмтылысты негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарымен ұзақ мерзімді қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызды нығайтуды жалғастыратын боламыз»

###

Қосымша ақпарат алу үшін КПО Корпоративтік байланыстар жөніндегі бөліміне  хабарласуыңызды сұраймыз.