ҚазРусEng
30.12.2021
КПО компаниясы Орал қаласындағы 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын сәтті аяқтады

Орал, Батыс Қазақстан облысы, 2021 жылғы 30 желтоқсан — Жаңа жыл қарсаңында «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысының сәтті аяқталғаны туралы жариялады.

Салтанатты рәсімге Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, КПО компаниясының басшылығы, мердігерлік ұйымдар мен қоғам өкілдері қатысты.

Жобаның жалпы құны 2,1 миллион АҚШ долларын құрады.

КПО компаниясының жергілікті бизнесті дамыту жөніндегі басқарушысы Ержан Абылханов тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтады.

32 бір бөлмелі және 32 екі бөлмелі пәтерлерден тұратын 64 пәтерлі тұрғын үйде екі кіреберіс қарастырылған. Тұрғын үй барлық инженерлік желілермен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, ғимаратта жолаушылар лифтілері де қарастырылған, барлық инженерлік желілер жүргізілген. Жоба аясында тұрғын үй жылумен жабдықтау жүйесінің жылу жеткізгішінің температурасын автоматты реттеу жүйесі орнатылған, сондай-ақ пәтер бойынша жылу энергиясын есепке алатын электрондық аспаптармен де жабдықталған.

Сонымен қатар, осы үйде аутистік спектр ауытқуы бар балалармен жұмыс істеуге арналған «Асыл Мирас» орталығын ашу жоспарланған. Аталған орталық интервенцияның алты бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады, олардың әрқайсысы әртүрлі жастағы балалардың әлеуметтік, сөйлеу және тұрмыстық дағдыларының тапшылығын анықтауға және жоюға бағытталған.

Қазіргі таңда КПО-ның өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға салған инвестицияларының жалпы көлемі 452 миллион АҚШ долларынан асты.

КПО Корпоративтік байланыстар бөлімі