ҚазРусEng
04.02.2022
КПО 2021 жылғы өндірістік қызметінің нәтижелерін жариялады

АҚСАЙ қ., Батыс Қазақстан облысы, 2022 жылғы 4 ақпан — «Kарачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) 2021 жылғы өндірістік қызметінің нәтижелерін жариялады

2021 жылы КПО компаниясы 134,05 миллион баррельге жуық мұнай баламасын құрайтын тұрақты және тұрақсыз сұйық көмірсутектер, экспорттық шикі газ бен тазартылған отын газын өндірді. Сонымен қатар, 10 миллиард текше метр шикі газ қойнауқатқа кері айдалды, бұл кен орнында өндірілген газдың жалпы көлемінің 52,7 пайызын құрайды.

КПО Бас директоры Джанкарло Рую: «Коронавирус індетіне байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, КПО ұжымы мойнына алған міндеттемелерді орындап, Қарашығанақтағы газ бойынша өндірістік шектеулерді алу жобасын (ҚГӨША) және 2021 жылы өткізілген жоспарлы жөндеу жұмыстарын аяқтау сияқты күрделі жұмыстар мен ірі жобаларды жүзеге асырып, тамаша нәтижелерге қол жеткізді.

4-ші газды кері айдау компрессоры (ГКАК) жобасы бойынша да құрылыс-монтаждау жұмыстары аяғына жетті. Қазіргі уақытта 4-ші газды кері айдау компрессоры жүйелерінің пайдалануға беруге және іске қосуға дайындығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда», — деді.

«Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақ бойынша серіктестердің ортақ игілігі үшін КПО Қарашығанақ кен орнын экология жағынан қауіпсіз және экономика жағынан тиімді жолмен игеруді жалғастырып келеді. Кен орнының үздіксіз жұмысының арқасында жерлгілікті қызметкерлер мыңдаған жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі, ол өз кезегінде аймақтағы және одан тыс жердегі көптеген отбасылардың әл-ауқатына оң әсерін тигізеді», — деп атап өтті Джанкарло Рую.

2021 жылы шикі газдың тек 0,06 пайызы ғана алауда жағылып, КПО газды кәдеге жарату бойынша әлемдік деңгейдегі көрсеткішке қол жеткізді — 99,94 пайыз.

«Бұл КПО-ның көміртегі шығарындылары бойынша бейтараптыққа қол жеткізу аясындағы өз міндеттемелеріне бекемдігін көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі ғана.

Біздің КПО-365 атты стратегиямызда компанияның 2037 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларының 1 және 2 қамту аясы бойынша нөлдік деңгейге жетуге талпынатыны айтылған», — деді Джанкарло Рую.

КПО қоршаған орта компоненттеріне — ауаға, жерүсті суларына, жерасты суларына және топыраққа, сондай-ақ атмосфераға бөлінетін шығарындылар мен сарқынды суларға толық мониторинг жүргізеді.

«Жасыл» технологияларды қолданысқа енгізуге, қалдықтарды кәдеге жаратуға және ауаға бөлінетін ластаушы заттарды азайтуға арналған іс-шараларға ерекше назар аударылады. Бүгінгі таңда КПО-ның қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі шараларға салған инвестициясы 445,4 млн. АҚШ долларын құрады. КПО-ның экологиялық және энергетикалық менеджмент жүйелері өз тиімділігін дәлелдеп, ISO 14001:2015 және ISO 50001:2018 халықаралық стандарттарына сәйкес деп танылып келеді.

Сондай-ақ, 2021 жылы КПО өндірістік нысандарының технологиялық қауіпсіздігі мен тұтастығына аса назар аударылды. Компаниядағы барлық жұмыстар Өмірді сақтайтын ережелер мен «Талаптарды орындауға, қауіпсіз жұмысқа араласуға және басқаларды құрметтеуге» негізделген Алтын ережелерге сүйеніп орындалып келеді.

КПО жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасын сәтті енгізген Қазақстандағы бірінші компаниялардың бірі болып табылады. 2021 жылы КПО-ның тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша келісімшарттарындағы жергілікті қамту үлесі 68,56 пайыздан немесе ақшалай есептегенде 564 млн. АҚШ долларынан асты.

Жергілікті жұмысшыларды дамыту КПО аса көңіл бөлетін бағыттардың бірі болып табылады. 2021 жылы білікті техникалық қызметкерлердің 98%-ын және басқарушы лауазымдағы мамандардың 85%-ын қазақстандық қызметкерлер құрады.

Жыл бойы КПО өз қызметкерлері мен мердігерлерін өз еркімен екпе алуға шақырып, ҚР-ның коронавирусқа қарсы вакцина салу бағдарламасын белсенді түрде насихаттады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша компания қызметкерлерінің арасындағы вакцина алғандар үлесі 93 пайызды құрады.

КПО-ның БҚО-ның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға салған инвестициясы 453 млн. АҚШ долларынан асты. 2021 жылғы желтоқсанда КПО «Парыз-2021» Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі ұлттық конкурсының гран-при жүлдесін жеңіп алды, бұл компанияның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өз қызметкерлеріне жағдай жасау және қоршаған ортаны қорғау жолында жасаған еңбегін бағалау болып табылады.

«Біз Батыс Қазақстан облысы мен Қазақстан Республикасының халқының игілігі үшін барынша пайда әкелуге және тұрақты дамуға деген ортақ мақсатымызды көздеп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және өкілетті органдарымен көпжылдық қарым-қатынасымыз бен ынтымақтастығымызды нығайта беретін боламыз», — деді КПО Бас директоры Джанкарло Рую.

КПО корпоративтік байланыстар бөлімі