ҚазРусEng
13.06.2022
КПО Орал қаласында 5-ші халықаралық экологиялық форум өткізді

ОРАЛ, Батыс-Қазақстан облысы, 10 маусым 2022 ж. – Орал қаласында «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) – компаниясының Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырған «Uralsk Green Forum (UGF)» 5-ші халықаралық экологиялық форумы өтті.

Форум жұмысына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану Комитетінің, өңірлік мемлекеттік құрылымдардың, салалық, мамандандырылған қауымдастықтар және агенттіктер өкілдері қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – «жасыл» экономика тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында бұдан ары қарайғы ынтымақтастық үшін тәжірибе алмасу, күш біріктіру және өңірдің тұрақты дамуы жолында ортақ көзқарас қалыптастыру үшін қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша кешенді диалогты нығайту.

Сондай-ақ, басымдықтар қатарында табиғатты қорғау құндылықтарын ұстанатын жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру да бар.

Аталмыш тақырып Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына және Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауында белгіленген мақсаттарға сәйкес келеді.

Форум барысында КПО қалдықтарды басқару, тұрақты даму және экологиялық стартаптарды ынталандыру бағытында жергілікті университет студенттеріне арналған бірнеше панельдік сессия өткізді.

Жастарды қоршаған орта мәселелеріне қатыстыру олардың мінез-құлқы мен көзқарасын өзгертіп қана қоймай, ата-аналары, туыстары мен достарының да ұстанымына ықпалын тигізеді. Өздерінің алғыр ойлары мен алдыңғы буыннан   ерекшеленуге деген ынталарының арқасында қоғам болашағын өзгертуге қажетті әлеует жастардың бойынан табылады.

КПО бас директоры Джанкарло Рую форум қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде КПО Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі міндеттерін толық ұстанатынын және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша белсенді шаралар қабылдау қажеттілігін қолдайтынын атап өтті.

«Өткен жылы біздің компания «КПО-365» ұзақ мерзімді стратегиясын қабылдады. Бұл «1-ші және 2-ші санаттағы парниктік газдардың нөлдік шығарындылары» қағидатына бағытталған «Жасыл КПО» саясатына көшудің көпжылдық бағдарламасы. Бүгінгі таңда «жасыл саясатқа көшу» аясында КПО көміртектік бейтараптық тұжырымдамасын, пайдаланылған жылуды рекуперациялау, көміртекті ұстау мен сақтау, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін қоса алғанда, парниктік газдар шығарындыларымен күрес тұжырымдамасын енгізу мүмкіндігін зерттеуде. Барлық қатысушылардың бірлескен күш-жігерінің арқасында бұл форум нәтижелі өтетініне сенімдімін», - деп толықтырды Джанкарло Рую.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өз сөзінде өңірдің тұрақты дамуы үшін қабылданып жатқан шараларға баса назар аударды.

«КПО компаниясымен барлық тамақ қалдықтарын қайта өңдеу туралы келісімге келдік. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізілуде, осы іс-шаралардың барлығы қоршаған ортаға оң әсерін тигізеді», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ форум аясында Батыс Қазақстан облысының студенттері үшін «Тұрақты болашақ үшін жасыл бағытты ұстанамыз» тақырыбында экологиялық пікір алмасу (Eco-Talks) өткізілді.

Форумға қатысушылар көтерілген барлық өзекті мәселелер ұзақ мерзімді шешімдер қабылдау барысында ескеріледі деп санайды. Экология мәселелерінен хабардар болу жыл сайын өтетін Uralsk Green Forum-ның өңірдің тұрақты даму жолындағы маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалған.

2017 жылдан бастап «Uralsk Green Forum» халықаралық экологиялық форумы тұрақты даму саласындағы үздік сарапшылардың тәжірибе алмасуы мен диалогына арналған тиімді алаңға айналды.