Цифрландыру және үздіксіз жетілдіру / ТДМ 9.4 /
КПО 2023 жылы бекітілген цифрландыру стратегиясы мен жол картасына сәйкес цифрлық трансформацияны жүзеге асыруда. Бағдарлама 6 негізгі бағыт бойынша 100-ден астам жобаны қамтиды: базалық технологиялар, өндіріс, ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ және қауіпсіздік бойынша процестерді автоматтандыру, бэк-офистік функцияларды цифрландыру, цифрлық трансформацияны қолдау және киберқауіпсіздіктің жетілуін арттыру. 2024 жылы цифрландыру саласындағы негізгі жетістіктер келесілерді қамтиды:
- Телеметрияны енгізудің II фазасын жүзеге асыру: 2024 жылы телеметрия жүйесіне 17 ұңғыма қосылды (2021 ж.– 9 ұңғ., 2023 ж. – 15 ұңғ.), бұл өндірісті болжауды жақсартып, әрекет ету жылдамдығын арттырды, техникалық қызмет көрсетуді оңтайландырды және бос тұрып қалу қаупін азайтты. Деректер аналитикалық және өндірістік жүйелермен біріктірілді, бұл бақылау мен пайдалану тиімділігін арттырады. Киберқауіпсіздік қамтамасыз етілді, ал деректерді болжамдық модельдерге беру цифрлық трансформацияны жеделдетіп, өндірістің қауіпсіздігін арттырады.
- Ақылды іздеу: Құрылымдалмаған деректер арасында жасанды интеллект арқылы іздеу платформасы іске қосылды, бұл іздеу уақытын 90 %-ға қысқартты – инженерлер деректерді бір сағаттың орнына 10 минутта табады. Бұл құрал өнімділікті арттырып, күнделікті тапсырмаларды автоматтандырады, ақпаратқа қолжетімділікті және бөлімшелер арасындағы өзара әрекеттесуді жақсартады, дәл аналитиканы қамтамасыз етіп, шешім қабылдауды жеделдетеді.
- Өндірісті болжау үшін қарапайым модельдеу: Жасанды интеллект көмегімен өндірісті жылдам болжамдау жүйесі енгізілді, ол есептеулерді 20 есе жылдамдатады – сценарийлер бірнеше сағаттың орнына бірнеше минутта әзірленеді. Бұл болжамның дәлдігін арттырады, деректерге қолжетімділікті жеңілдетеді, жоспарлауды және шешім қабылдауды оңтайландырады, жоспарланған көрсеткіштерден ауытқу қатерін төмендетеді және өндірісті басқару тиімділігін арттырады.
- Өндірісті болжау: Өндірісті болжауды автоматтандыру үшін барлық жұмыс кезеңдерін бір платформада біріктіретін «Production Forecasting Tool» құралы енгізілді. Болжам алу уақыты 26 күннен 14 күннен аз уақытқа дейін қысқарды, бұл деректердің өзектілігін және есептеулердің дәлдігін арттырады. Сондай-ақ, Excel есептері мен хат алмасуға тәуелділік төмендеді, бұл процесті 70 %-ға жақсартты.
- Ақылды схемаларға негізделген техникалық қызмет көрсету және инженерлік жұмыстар: Өнеркәсіптік процестерді басқару мен құжаттауды жақсартуға бағытталған мастер-каталог құру және ГКДҚ-3 үшін технологиялық схемаларды әзірлеу жүйесін жобалау жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде жабдықтар, құбырлар мен құралдар дәл және жүйелі түрде ұсынылып, шешім қабылдауды және операцияларға дайындықты жақсартты. Ақылды технологиялық сызбаларды енгізу құжаттаманың және басқарудың сапасын арттырып, ынтымақтастықты жақсартады, қатерлерді азайтады және жобалаудан пайдалануға және қызмет көрсетуге өту процесін жеңілдетеді.
- Көлікке тапсырыс беру қызметі (2 фаза): Мобильді қосымша және электрондық диспетчер арқылы қызметтік автокөліктерге тапсырыс беру процесі автоматтандырылды. Енді қызметкерлер диспетчерлердің қатысуынсыз ең жақын бос автокөлікті брондай алады, күту уақыты 1 сағаттан 20 минутқа дейін қысқарды және қадамдар саны екі есе азайды. Жүйе автопарктың 20 %-ын қамтиды, толық енгізу 2025 жылдың соңына жоспарланған, бұл көлікке қолжетімділікті арттырады және пайдалануды оңтайландырады.
- Жобаларды басқару әдіснамасын енгізу: КПО-да жобаларды басқару процестері реттелді және стандартталды. Цифрландыру жобаларын жоспарлау, орындау және бақылау үшін бірыңғай тәсілді қамтамасыз ете отырып, стандарт пен процедура жаңартылды. Бұл процестердің ашықтығын, ресурстарды бөлудің тиімділігін арттырды, қателерді азайтты және нәтижелерге уақтылы қол жеткізуге ықпал етті.
- Кәсіпорындағы процестерді басқару жүйесін цифрлық жаңғырту: Әрбір бөлімше үшін жұмыс аймақтары, жоғары деңгейлі процестер картасы және нормативтік құжаттамасы бар бірыңғай корпоративтік платформа құрылды. Бұрын корпоративтік порталдағы 6000-нан астам құжат ақпаратты іздеу мен жаңартуды қиындататын. Жоба нәтижесінде бизнес процестерді басқару жүйесі қалыпқа келтіріліп, автоматтандырылды, бұл деректерге қолжетімділікті жеңілдетіп, олардың өзектілігін арттырды.
- Қатерлерді басқару: SAP GRC жүйесіндегі қатерлерді басқару жүйесі оңтайланды. Бұл жаңа функцияларды енгізуге, кемшіліктерді жоюға, есептілік пен мониторингті автоматтандыруды жақсартуға мүмкіндік берді. Қатерлерді азайту шараларын мақұлдау процесі автоматтандырылды, сонымен қатар жүйе 2018 жылдан бастап өзекті талаптарға сәйкес жаңартылды.
- Электрондық құжат айналымы жүйесін енгізу: пилоттық кезең 2024 жылы іске асырылып, хат алмасу модулін баптау және сынақтан өткізу жұмыстары аяқталды. Құжат айналымы үдерістерін оңтайландыру мақсатында жүйені SAP-пен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.
КПО-да жүзеге асырылған жобалар цифрлық трансформацияның тиімділігін дәлелдеп, операциялық процестердің айтарлықтай жақсарғанын, деректерді басқару мен негізгі функцияларды автоматтандыру деңгейінің өскенін көрсетті. Әрі қарай дамуға қол жеткізу үшін табысты шешімдерді ауқымдау, озық технологияларды интеграциялау және аналитикалық құралдарды нығайту қажет. Әсіресе жасанды интеллектті кеңінен қолдануға, кибер қауіпсіздікті арттыруға және стратегиялық шешімдерді қолдайтын цифрлық платформаларды жетілдіруге ерекше назар аудару керек. Цифрлық бастамаларды жүйелі түрде дамыту тиімділіктің өсуін, операциялық қатерлердің азаюын және КПО-ның бәсекеге қабілеттілігінің нығаюын қамтамасыз етеді. КПО стратегиялық құжаттарды тұрақты түрде қайта қарап, жаңартып отырады.
ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ БОЙЫНША ЖОЛ КАРТАСЫ 2024–2028
Үздіксіз жетілдіру
Үздіксіз жетілдіру командасы (CI) бизнес процестерді оңтайландыруға, оның ішінде ENI қолдауымен Lean Six Sigma (LSS) әдістемесі бойынша қызметкерлерді оқытуға қатысады. 2024 жылдан бастап 90-нан астам қызметкер сертификат алған, оның ішінде 7 адам Six Sigma-ның «Сары белбеу» сертификатына ие болды. Оқыту бизнес процестерді оңтайландыруға ықпал ететін жетілдіру жобаларын іске асыруды қамтиды. КПО-ның негізгі функционалдық салалары бойынша процестер картаға түсірілді:
- Шарттар мен сатып алулар саласындағы жақсартулар:
Электрондық сатып алу жүйесін (e-Procurement) енгізу жобасы аясында CI командасы КПО сатып алу қызметіндегі барлық реттеуші құжаттаманы қоса алғанда 60-тан астам бизнес процесті талдады. Салалық мамандар мен бизнес серіктеспен бірлесе отырып, барлық негізгі стейкхолдерлердің ұсыныстары ескерілген мақсатты процестер (TO-BE) әзірленді. Жобаның мақсаты – келісімшарттық және сатып алу қызметінің барлық циклін (end-to-end) қамтитын бірыңғай электрондық сатып алу жүйесін енгізу, бұл жеткізушілермен өзара әрекеттесуді жақсартуды, оңтайландыруды, жеделдетуді және ашықтықты арттыруды қамтамасыз етеді. Жүйені енгізу нәтижесінде тиімділіктің 46 %-ға артуы, сатылардың 56 %-ға қысқаруы, қағаз құжат айналымының 80 %-ға азаюы және операцияларды орындау уақытының 54 %-ға қысқаруы күтілуде. - Өндіріс пен техникалық қызмет көрсету саласындағы жақсартулар:
Өндірісті болжау процесі үздіксіз жетілдіру үшін басым бағыт ретінде анықталды. CI командасы геолог-инженерлер, өндірісті оңтайландыру тобы, техникалық қызмет көрсету және маркетинг мамандарымен бірлесе отырып, «Цифрлық мұнай кен орны» жобасы бойынша жұмыс істеді. Жобаның мақсаты – өндірісті болжау процесін оңтайландыру үшін алдыңғы қатарлы аналитикалық құралдарды (машиналық оқыту технологияларын) пайдалану. Нәтижесінде процесс уақыты 26 күннен 14 күнге қысқарды, бұл процесті 70 %-ға жақсартты. Жоба аяқталу сатысында, жүйе тұрақтандырылған соң компания жақсартулар нәтижесін көре алады. - Кадрларды іріктеу процесін қайта қарау
CI командасы HR-дың барлық 44 процедурасын кеңінен талдады, соның ішінде HR командасымен сұхбаттар жүргізіп, ағымдағы бизнес процестердің сызбаларын жасап, мәселелер мен жақсарту мүмкіндіктерін анықтады. 29 процедурада процестерді оңтайландыру және автоматтандыру мүмкіндігі табылды. Бір ұсыныс жүзеге асырылды, 9 ұсыныс пайдаланушылар бөлімі арқылы қабылданып, IT&T командасына жүзеге асыруға тапсырылды. Қалған ұсыныстарды келісу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған бастамалар операциялық тиімділікті арттыру, шығындарды төмендету және барлық бағыттар бойынша қызмет көрсету сапасын жақсарту стратегиясының бір бөлігі. 2025 жылға CI деңгейін көтеруге арналған қосымша механизмдер айқындалды. Цифрландыру және үздіксіз жетілдіру командасы КПО-ның бизнес бөлімшелеріне компания бойынша цифрландыру процесін құруға қолдау көрсетеді, ол үшін оңтайландыру мен автоматтандырудың кешенді тәсілін қамтамасыз етеді.
Киберқауіпсіздіктің жетілуін арттыру бағдарламасы
Киберқауіпсіздік бөлімі 2022 жылдың соңында құрылды, ал 2023 жылы мұнай-газ саласындағы ең ірі компаниялардың бірі үшін қажетті деңгейге жетуді мақсат еткен киберқауіпсіздіктің жетілуін арттыру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның 2024 жылғы негізгі нәтижелері:
- 2024 жылы киберқауіпсіздік саласында хабардарлықты арттыру және оқыту науқаны аяқталды. Бұл науқан — жыл сайынғы стратегиялық бастама, оның мақсаты қызметкерлерді ең үздік тәжірибелерді ұстануға үйрету және фишинг, мақсатты фишинг, бопсалаушы бағдарламалары, зиянды бағдарламалар, әлеуметтік инженерия схемалары сияқты кең таралған қауіптерден сақтандыру. Науқан киберқауіпсіздік бойынша оқыту сабақтарынан, оқыту бейнелері, имитациялық фишингтер, ойындар, плакаттар, ТВ-презентациялар, экран бетіне шығатын хабарламалар, ай сайынғы ақпараттық бюллетеньдер және марапаттау бөлігінен тұрды.
- Киберқауіпсіздіктің жетілуін арттыру бағдарламасы аясында, ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығы үшін киберқауіптерді анықтау және бақылау құралдары енгізілді, қазіргі уақытта оларды жетілдіру және ағымдағы жүйелермен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл орталықты құрудың маңызы мынада:
- Нақты уақыт режиміндегі мониторинг: ИТ инфрақұрылымындағы барлық нысандардың 100 %-ын қамтиды.
- Автоматты түрде анықтау және әрекет ету: нақты уақыт режимінде 70-100 хабарламаны өңдеп, қолмен әрекет ету қажеттілігін едәуір азайтады.
- Қатерлерді басқаруды жақсарту: осалдықтарды тиімді анықтау және жою; бұрын үш аптаға дейін уақыт алатын міндеттер енді бір тәулік ішінде шешіледі.
Кибершабуылдар барған сайын күрделене түсуде, сол себепті біздің мақсатымыз – қауіпсіздік жүйесін үнемі жетілдіріп отыру.
/ GRI 3-3 /
Бүкіл әлем цифрлық технологияларға көшіп жатыр, сондықтан мұнай-газ бизнесінің ел мен инвесторлар үшін тартымдылығын сақтап қалғымыз келсе, КПО да бұл үрдістен шетте қалмауы керек. КПО цифрлық бастамаларды белсенді түрде енгізуде, бұл тиімділікті арттырып, күнделікті жұмыстарды азайтады. 2024 жылы іске асырылған жобалар айқын нәтижелер көрсетті, процестердің сапасы жақсарды, күнделікті жұмыс қысқартылды және барлық жүйелерде электрондық цифрлық қолтаңба енгізілді.
Қазіргі таңда АТ / цифрлық ресурстар іскерлік өмірде және жеке өмірде қолданысқа ие. Сол себептен, оларды қауіпсіз пайдалана білу өте маңызды. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік КПО-ның құнды ресурстарын (атап айтқанда адамдарды, деректер мен қосымшаларды) фишинг, бопсалаушы-бағдармалар немесе мақсатты шабуылдар секілді киберқауіптерден қорғаудың стратегиялық басымдықтарын жүзеге асырудағы шарттардың бірі.