Тәжірибе үлгілері

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 1

АҒЫНДЫ СУЛАРДЫ КЕРІ АЙДАУҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ҚҰБЫР ЖЕЛІСІН САЛУ ЖӘНЕ ОНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРУ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

Осыған дейін пайдалануда болған ағынды суларды кері айдауға арналған 6-дюймдік желі өндірісті кеңейту тұрғысынан “тар” болды. Өнеркәсіптік ағындыларды Полигон 2 жерасты қабатқа айдауға бағытталатын жалғыз ғана құбыр желісі бола тұра, бұл желі поршеньдеу мүмкіндігін қарастырмады, сонымен қатар желіде нүктелі жемірлеудің орындары болды. Осының барлығы өндірістің үздіксіздігіне қауіп-қатер тудырып, су қорларын басқару бойынша басқа да жобалардың оң әсерін төмендетті.

Мақсаты:

Ілеспе қабатты сулардың болжанған шыңдық көлемін ескере отырып, өндірістік шектеулерді алып тастауға бағытталған жобалардың толық әлеуетін жүзеге асыру және жалпы КПО Компаниясы жүйесінің сенімділігін арттыру.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

Компания қоймасындағы материалдарды (желілік құбыр­ларды) пайдалана отырып өнеркәсіптік ағындыларды айдауға арналған жаңа 10-дюймдік желіні салу.

Нәтижесі:

Жобаның іске асырылуы келесілерді қамтамсыз етуге мүмкіндік берді:

  • Өнеркәсіптік ағындыларды кері айдаудың қолданыстағы желесінің өндірістік қуатын кеңейтуге бағытталған қысқа мерзімді шаралардың әлеуетін толықтай ашу.
  • Нысандардағы суды тазартудың жалпы қуаттылығын арттыру (2019 жылмен салыстырғанда осы уақытта 30%-ға, ал “тар”  жерлерді жою бойынша қалған жобаларды іске асырған соң 50%-ға артатын болады) және су тазартумен байланысты сұйық көмірсутектерді өндірудегі шектеулерді алып тастау.
  • Қолданыстағы 6-дюймдік суды кері айдау  желісімен байланысты нысанның тұтастығына төнетін ықтимал қауіп-қатерлерді азайту.

Нәтижесінде, 2027 жылы ескі 6-дюймдік қайта айдау желісінің қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін, өнеркәсіптік ағындыларды қайта айдаудың жаңа құбыр желісі өндірістік үдерістің үздіксіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 2

ЕҚ, ҚТ ЖӘНЕ ҚОҚ: БАСШЫЛЫҚ ТАРАПЫНАН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

КПО-да қауіпсіздік техникасының маңызы зор. Алайда КПО-да ұқсас себептермен оқиғалар орын алып, әлі де жалғасуда: бұл қауіп-қатерге үйреніп кету және жұмысқа араласудың болмауы. Сондай-ақ КПО-да Компанияның өндірістік нысандарында бұрын жұмыс жасамаған жаңа қызметкерлер жұмылдырылған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Оларға тиісті қауіпсіздік стандарттарын үйрету өте маңызды іс.

Жұмыс орындарындағы қауіпсіздік супервайзерлер мен шеберлердің көшбасшылық қасиеттеріне және ЕҚ мен ҚТ мәселелеріндегі біліктілігіне байланысты. Cупервайзерлер мен шеберлердің өздері жеке үлгі көрсетіп, қауіпсіздік мәдениетін белгілеп, нығайта алады.

Мақсаты:

Жұмыс орындарында қауіпсіздік мәдениетін арттыру үшін қауіпті факторларды анықтау, жұмысшыларды жұмылдыру және топтағы тәлімгерлік бойынша менеджерлердің біліктілігін арттыру.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

2019 жылы «Коучинг, қатысу және араласу» семинары әзірленді, оған қауіп-қатер денгейі жоғары жұмыстарды жүргізуге жауапты КПО мен мердігер ұйымдар супервайзерлері мен шеберлері шақырылды. Семинарлар теория­лық бөлімнен, топтардағы практикалық сабақтардан, сонымен қатар жұмыс орындарындағы коучинг-әңгімелерден тұрды.

2020 жылы КПО басшылығы келесілер үшін ЕҚ мен ҚТ бойынша көшбасшылық және тәлімгерлік бағдарламасын жүзеге асыруды көздейді:

  • жобаларды жүзеге асыру директоратының, әсіресе 4-газды кері айдау компрессоры жобасының барлық жұмыс және топ жетекшілеріне;
  • 2019 жылы «Коучинг, қатысу және араласу» семинарларына супервайзерлері мен топ жетекшілері қатысқан өндірістік директораттың басшыларына.

Нәтижесі:

2019 және 2020 жылдары КПО және мердігерлік ұйым­дардың 1200-ден астам супервайзері коучинг, қатысу және араласу бойынша өз білімдері мен дағдыларын жетілдірген семинарларға қатысты. Оқу материалы ретінде әдеттегі әдістерден басқа, бейнематериалдар, оқиғаларды тергеу нәтижелері, қалта нұсқаулықтары қолданылды.

Бағдарламаға қатысып, жұмыс орындарында алған білімдерін қолданған ең белсенді супервайзерлер ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ ынталандыру жүйесі бойынша марапатталған болатын.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 3

ТИІМДІЛІКТІҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІ ШЕҢБЕРІНДЕ ҚАУІПСІЗ ТӘРТІПКЕ ЫНТАЛАНДЫРУ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

Қызметкерлердің жақсы және нашар тәртібі ұйымдағы ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ мәдениетіне айтарлықтай әсер етеді.

Мақсаты:

Ережелерді жақсы түсіну және есте сақтау мақсатында Компания және мердігер ұйымдар қызметкерлеріне арналған 2020 жылы “Алтын ережелер” және “Өмірлік маңызды ережелер” бойынша кейінгі тест тапсырумен міндетті электрондық оқу іске қосылды.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

ЕҚ және ҚТ көрсеткіштерін одан әрі жақсарту және мәдениетін арттыру, сондай-ақ қызметкерлердің электрондық курсты оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында Компания басшылығы электронды оқытуды сәтті аяқтау ТНК орындаудың бір критерийіне айналдыру және ЕҚ мен ҚТ саласындағы жыл сайынғы сыйлықақы беру туралы шешім қабылдады.

Екінші критерий ықтимал қауіпті жағдайлардың тіркелетін жарақаттың 12:1 қатынасына жету болды, яғни әрбір тіркелетін жарақатқа кем дегенде 12 ықтимал қауіпті оқиға тіркелуі тиіс. Екінші критерий қызметкерлерді барлық оқиғалар, тіпті кішігірім және салдары болмаған оқиғалар туралы хабарлауға ынталандыру болды, себебі оларды тергеп, Компания одан да ауыр оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік алады.

Нәтижесі:

2020 жылы Компанияда есепке алынуы тиіс 6 жарақатқа 73 ықтимал қауіпті жағдай тіркелді, яғни 1 жарақатқа 12 ықтимал қауіпті жағдайдың қатынасы бойынша белгіленген көрсеткішке қол жеткіздік. Жыл соңында ұзақ уақыттық демалыста болғандарды есептемегенде, КПО-ның барлық қызметкерлері осы оқу курсынан өтті. ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ көрсеткіштеріне қатысты қызметкерлерге сыйлықақы төленді.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 4

АҚСАЙ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК ТЕХНИКАСЫ ЖӘНЕ ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ХАБАРДАРЛЫҒЫН АРТТЫРУ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

Жыл сайын Компания Ақсай тұрғындарының қауіпсіздік техникасы мен жол қауіпсіздігі бойынша хабардарлығын арттыруға және осы мәселелерді насихаттауға зор көңіл бөліп келеді. КВИ пандемиясының шектеулеріне байланысты бірқатар жоспарланған іс-шаралар жаңа форматта өткізілді.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

Жыл сайын КПО Ақсай қаласы балалары мен олардың ата-аналарына 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай жол қауіпсіздігі шарасын өткізетін еді. 2020 жылғы КВИ пандемиясы салдарынан шара басқа форматта өтті.

КВИ пандемиясының шектеуліктеріне қарамастан және «Радио-Ақсай» радиостанциясы әріптестерінің көмегімен ҚТ корпоративтік бөлімінің қызметкерлері Instagram арқылы онлайн байқау өткізіп, қала ата-аналарымен және балалармен сұхбаттасуға мүмкіндік алды.

Іс-шараға дейін бір апта бұрын бірнеше қысқа бейнероликтер дайындалып, «Радио-Аксай» Instagram парақшасына жүктелген болатын. Оның мақсаты кең таралған қауіп-қатерлер мен қауіпсіздік ережелері, қауіпсіз мінез-құлық әдеттерін қалыптастыру және балалардың жарақаттануын болдырмау туралы ескерту болды. Сонымен қатар балалардың үйдегі, көшедегі, жолдағы және т.б. жерлердегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарымен бөлісу мақсатында Ақсай тұрғындарына өз фотосуреттерін және бейнероликтерін жіберуді ұсындық.

Үздік шығармашылық жұмыстар іріктеліп, Балаларды қорғау күні «Радио–Ақсай» тікелей эфирінде жарияланды.

Сондай-ақ 2020 жылы «Ақсай» радиостанциясы толқынында Компанияның түрлі тақырыптары, атап айтқанда күнделікті өмірдегі және көшедегі қауіпсіздік ережелері, өрттің алдын алу, қауіпсіз көлік жүргізу, балалар қауіпсіздігі, сонымен қатар қыс уақыты мен қараңғы уақыттағы қауіпсіздік тақырыптары бойынша аудиороликтерді ойнату жалғастырылды. Қауіпсіздік техникасы мен жол қауіпсіздігі бойынша өзекті тақырыптар бойынша аудиороликтер күніне бес рет ойнатылып, ай сайын жаңартылып тұрады.

Сондай-ақ, жергілікті жол полициясы мен аудандық білім беру бөлімі өкілдерімен бірлесіп, қаланың орта жалпы білім беру мектептерінің төменгі сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелерін насихаттау мақсатында ақпараттық іс-шаралар өткізілді. Осы іс-шаралар аясында балаларға естелік сыйлықтар және қараңғы уақытта қолданылатын 1 мыңнан астам жарық шағылыс­тырғыш фликер сыйға тартылды.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 5

ЖЕДЕЛДЕТІЛГЕН ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

2017–2020 жылдар кезеңінде КПО перспективалы қазақстандық қызметкерлерді анықтауға және оларды одан әрі дамытуға бағытталған жеделдетілген даму бағдарламасының үшінші легін енгізді. Бағдарламаны іске асыру барысында талантты қызметкерлерді іріктеуді, олардың күшті және әлсіз жақтарын анықтауды, жеке даму бағдарламаларын әзірлеуді және енгізуді, нәтижесінде жоспарланған лауазымдарға тағайындауды қамтитын компанияның бизнес қажеттіліктеріне қол жеткізу үшін кадрлар резервін құруға басты назар аударылды.

Мақсаты:

  • Келесідей даму құралдарын: коучинг, қазақстандық қызметкерлердің бас компаниялардың кеңселерінде тағылымдама өтуі, формалды оқыту, сертификатталған бағдарламалар мен тәлімгерлікті қолдану арқылы қызметкерлердің тұрақты кәсіби өсуі мен дамуы үшін қажетті білім мен дағдыларды алуы үшін жағдайлар жасау;
  • Еңбек ресурстарын жоспарлаудың үздіксіздігіне кепілдік беру.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

2017 жылғы ақпаннан мамыр айына дейін КПО қызметкерлерін оқыту және дамыту бөлімі бағдарламаға қатысу үшін үміткерлерді іріктеуді жүргізді. 2018 жылдың басынан бастап қатысушыларды Жеке даму жоспарларына сәйкес оқыту және дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар, соның ішінде КПО қазір жұмыс жасап жатқан директорларымен және бас компаниялардың көшбасшыларымен тоқсан сайынғы кездесулер өткізілді. Бағдарлама барысында SAP жүйесін пайдалану, бағдарлама қатысушыларының желілік басшылықпен, тағайындалған жаттықтырушылармен және тәлімгерлермен тиімді жұмыс істеуі және өзара іс-әрекеті үшін бірыңғай жұмыс платформасын құруға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн.

2019 жылы коучингке көп көңіл бөлінді. «Коучингтегі халықаралық тенденциялар» тақырыбында сәтті өткізілген семинар қатысушылардың оң пікірлеріне ие болды.

2020 жылдың басында білім алушы қызметкерлер үшін Ресейден танымал коуч-сарапшының шақыруымен «Өзіңді және өзгелерді шабыттандыр» тақырыбында форум өткізілді. Нәтижесінде қатысушылар ішкі мотивацияға және басқаларды ынталандыруға бағытталған коучинг құралдарын игерді.

Бағдарлама кезеңінде көшбасшылық біліктілікті дамыту бойынша барлығы бес форум өткізілді. Бағдарлама қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысушылардың 80 %-ы өткізілген іс-шаралар оларға көшбасшылық қасиеттердің біліктілік деңгейіне мүмкіндік бергенін атап өтті.

Нәтижесі:

2020 жылғы бағдарламаның соңғы жылы дүниежүзілік пандемия кезеңіне келді, бұл жағдай бағдарламаны іске асыру процесіне түзетулер енгізді. Осыған қарамастан, 2020 жылдың соңында бағдарлама сәтті аяқталды. Үшінші лекке қатысушылардың жалпы саны 161 адамды құрады. Бағдарлама аяқталған кезде қатысушылардың 56 %-ы жоспарланған рөлдерге қол жеткізді, ал жеке даму жоспарлары 77 %-ға орындалды.

Бағдарлама аясында тағайындалған рөлдерге қол жеткізбеген қатысушылар компанияның кадрлық резервіне белгіленді.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 6

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

2007 жылы кен орнын пайдаланудың екінші кезеңінің нысандарын іске қосу кезінде өңірде өндіру және техникалық қызмет көрсету бойынша жоғары білікті қызметкерлердің болуы шектелді. КПО компаниясы OPITO стандарттары бойынша оқыту бағдарламасын іске асыруға кірісті, ол жергілікті персоналдың біліктілігін арттыруға және дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

Мақсаты:

Бағдарламаның негізгі міндеті Қарашығанақ кен орны нысандарын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін қазақстандық жоғары оқу орындарының жергілікті түлектері қатарынан кадр резервін құру болып табылады.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

2008 жылдан бастап дуалды білім беру аясында Компания OPITO Мұнай және газ академиясының стандартына негізделген өндіру операторы, техник-механик, техник-­электрик және бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика технигі мамандықтары бойынша кәсіби даярлау бағдарламасын іске асыруда. Іріктеуден кейін үміткерлер теориялық және практикалық білім ала отырып, халықаралық деңгейде оқудан өтеді. Бағдарламаны сәтті аяқтағаннан кейін тағылымдамадан өтушілер Компанияның өндірістік объектілеріне жұмысқа орналасады және өз мансабын бастайды. Оқыту бағдарламаларының құндылығы блоктық-модульдік форматта іске асырылатын әдіснамада жатыр. Мұндай тәсіл жұмыс орнында өндірістік міндеттерді шеше білуге бағытталған құзыреттер кешенін дамытуға мүмкіндік береді.

Нәтижесі:

Жалпы 2008 жылдан бастап 2020 жылға дейін осы бағдарлама бойынша 492 студент оқудан өтті.

2020 жылы 2019 жылы басталған жабдықтарды пайдалану жөніндегі техниктер мен өндіру жөніндегі операторларды кәсіби даярлау бағдарламалары бойынша оқыту жалғастырылды.

2020 жылдың қыркүйек айында 36 студент өндіру операторы, техник-электрик және бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика технигі мамандықтары бойынша оқудың теориялық бөлігін аяқтап, Компанияның өндіру және техникалық қызмет көрсету бөліміне тәжірибелік тағылымдамаға жіберілді.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 7

КПО-НЫҢ ҮЙЛЕР АУЛАСЫНДА ТЕРЕКТЕР ЕГУ БАСТАМАСЫ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

Қарашығанақ кен орнына іргелес аумақтардың қоршаған ортасы мен экожүйесін қорғау КПО үшін маңызды мәселелердің бірі. Компания өз өндірістік қызметінде қоршаған ортаға кері әсерді барынша азайтуға бағытталған жоғары стандарттарды ұстанады.

Бұрынғы Березов пен Бестау ауылдарынан тұрғындарды көшіру жобасын қадағалау шеңберінде КПО аталмыш тұрғындар үшін Бөрлі ауданы Ақсай қаласында салынған үйлер аулаларына терек отырғызуды шешті.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

2020 жылдың қазан айында КПО-ның халықпен жұмыс бөлімінің өкілдері Батыс Қазақстан облысындағы бірнеше тәлімбақ пен орман шаруашылығына барды. Сапар мақсаты түрлі жапырақты және жеміс ағаштарын өсіру және күту жөніндегі олардың қызметтерімен танысу, сондай-ақ көшірілген тұрғындарға салынған үй аумағында отырғызу үшін көшеттерді таңдау болды.

Нәтижесі:

Бөрлі ауданы Ақсай қаласы әкімінің қолдауымен 2020 жылдың 20 қазанында КПО қызметкерлері Бөрлі ауданы орман шаруашылығынан 150 шетен, бәйтерек және қара үйеңкі көшеттерін алып, 10-шағын аудандағы № 24 және № 25 үй ауласына отырғызды. Көшеттер «Ақ-Қайын-2» ПИК тапсырылды.

Сондай-ақ ПИК жұмысшылары өздері Дружба народов көшесі, № 4/6 үйлері аулаларына терек отырғызды. Аталмыш үйлерге көшірудің І және ІІ кезеңдері аясында Березов пен Бестау ауылдарының тұрғындары көшірілген болатын.

КПО халықпен жұмыс бөлімінің, Ақсай қаласы әкімінің және пәтер иелері кооперативінің бірлесіп жасаған еңбектері ақталды, тұрғындар үй аулаларын абаттандыру жұмыстарын жоғары бағалады. Отырғызылған теректерге күтім жасау әр тұрғынның қоршаған ортаны қорғау­ға және экожүйені сақтауға қосқан жеке үлесі болмақ.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 8

ДУШЕКЕНОВТАР ОТБАСЫ МЫСАЛЫНДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАЛАЛЫҚ ЖАҒДАЙДА ОРНАЛАСТЫРУ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

Қарашығанақ кен орны жаңа санитарлық қорғау аймағы шекарасында орналасқан Березов және Бестау ауылдары тұрғындарын көшіру 2015 және 2017 жылдары бірнеше кезеңмен жүргізілді. Жалпы, Ақсай қаласы мен жаңа Аралтал шағын ауданына 460 отбасы көшірілген болатын. Төменде көшірілген отбасының жаңа жерге орналасу мен күнделікті тұрмыс жағдайына қайта оралудың мысалы келтірілген.

Нәтижесі:

Зейнеткер Иманмалик Душекеновтың отбасы Березов ауылынан Ақсайға ересек ұлымен және оның отбасымен көшірудің бірінші кезеңінде, 2015 жылдың аяғында келген еді. Березов ауылдық мектебінде қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі қызметін атқарған оның қызы Гүлсін көшірудің екінші кезеңінде, 2017 жылдың аяғында көшті. Гүлсін жаңа үйдің иесі атанып, Аралтал ауылдық мектебіне қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі ретінде жұмысқа алынды.

Өтемақы беру шарттарына сәйкес ата-анасы ересек үйленген ұлымен немесе күйеуге шыққан қызымен бірге тұрып жатқан отбасылар жеке баспана алуға құқылы болды. Осы шартқа сәйкес Иманмалик Душекеновтың ересек балалары Аралталда жеке баспанаға ие болды.

Иманмалик Душекеновтың ұлының үш баласы бар. Оның үлкен ұлы жұмыс жасайтын шақта, ал кішісі Аралтал ауылдық мектебінің 6 сынып оқушысы, қызы Айжан медициналық факультет түлегі. Айжан медициналық колледжді КПО стипендиялық бағдарламасы бойынша оқып шықты. Оқуы аяқталған соң Компания Айжанның аудандық емханаға жұмысқа ораналасуына жәрдемдес­ті. Қазіргі таңда Айжан Орынбор мемлекеттік медициналық университетінің үшінші курсында оқып, білімін жалғастыруда. Айжанның айтуынша КПО компаниясы оның жолын ашты. Басқа студенттермен салыстырғанда, оқу барысында, ол көбірек стипендия алатын еді.

КПО қызметкерлерімен кездесу барысында Иманмалик Душекенов Компанияға, оның отбасына көрсеткен көмегі, немересінің оқуына жәрдемі мен Аралталдағы жаңа қоныстары үшін шексіз алғысын білдірді.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 9

ҚР ЖАҢА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КОДЕКСІН ӘЗІРЛЕУГЕ ҚАТЫСУ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

2017 жылы Қазақстан «жасыл экономикаға» көшу туралы жариялады. Бұл процес заманауи табиғатты қорғау заңнамасына негізделген ұлттық экономикадағы күрделі өзгерістерді білдіреді.

2018 жылдан бастап ҚР жаңа экологиялық кодексін әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Компания мамандары осы құжатты әзірлеу мен қараудың барлық кезеңдеріне белсенді қатысты.

Мақсаты:

Қарашығанақ мұнай, газ және конденсат кен орнында табиғатты қорғау қызметін жүргізуде КПО мамандарының тәжірибесін ескере отырып жаңа экологиялық кодексті қалыптастыруға үлес қосу

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

2020 жыл Қазақстан Республикасының жаңа экология­лық кодексінің жобасы бойынша жасалған ауқымды жұмыстың жемісті аяқталуымен өтті. Жыл бойы компанияның эколог мамандары ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «KazEnergy» мұнай-газ ұйымдары қауымдастығы және ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы ҚР жаңа экологиялық кодексінің жобаларын және ілеспе актілерді талқылау бойынша жұмыс топтарының құрамында белсенді жұмыс атқарды. Біздің мамандар Экологиялық кодекс жобалары мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы ілеспе актілерге, атап айтқанда су кодексі, салық кодексі, кәсіпкерлік кодексі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне және басқаларға сындарлы ұсыныстар мен түсініктемелер берді. ҚР табиғатты қорғау заңнамасының қолданыс­тағы актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша үлкен заң шығарушылық жұмыстар жүргізілді.

Нәтижесі:

ҚР жаңа экологиялық кодексіне ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев 2021 жылғы 2 қаңтарда қол қойды және ол 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.

Жаңа кодекспен жұмыс жасау аясында басқа да ірі табиғат пайдаланушылармен бірге Компания қызметкерлерінің күшімен заңнамалық деңгейде қалдықтарды өңдеу, экологиялық рұқсаттарды беру, эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингін жүргізу, жасыл технологиялар бойынша ұлттық стандарттарды қабылдау және басқа да өндіріс үшін маңызды және өзекті мәселелер шешілді. Қазақстан Республикасы кәсіпорындарының заң шығару жұмыстарына белсенді қатысуы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі мемлекеттік саясатқа толық сәйкес келетін, ең озық қолжетімді технологияларды қолдана отырып, бизнеске өндірістік мүмкіндіктерді ұтымды және теңдестірілген түрде жаңартуға мүмкіндік береді.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 10

БАҚЫЛАУШЫ ОРГАНДАРҒА АУА САПАСЫ МОНИТОРИНГІ МӘЛІМЕТТЕРІН ЖІБЕРУДІҢ ОНЛАЙН ЖҮЙЕСІ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

«Экомонитор» порталы – «Казгидромет» РММ Березовка ауылындағы атмосфералық ауа сапасы жағдайы туралы ақпаратты жедел түрде алуы және тұрғындардан шағым тускен жағдайда уақытылы шешім қабылдауы мақсатында «КПО Б.В. ЭМС экологиялық ақпараттық бекетін құру» жобасы аясында 2013 жылы Компаниямен дайындалған атмосфералық ауа сапасы мониторингі мәліметтерін жіберудің онлайн жүйесі.

Мақсаты:

  • Одан әрі талдау және шешім қабылдау үшін БҚО мемлекеттік бақылаушы органдарына нақты уақыт режимінде кестелік және графикалық түрде ауа мониторингі деректерін беруге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені құру;
  • Компанияның өндірістік қызметтің атмосфералық ауаға әсері туралы мәліметтерінің ашықтығын арттыру және бақылаушы органдармен өзара әрекеттесу тиімділігін арттыру.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

2013 жылы КПО «Экомонитор» порталын дайындады. Оның көмегімен Батыс Қазақстан облысының «Казгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесіне Березовка ауылында орналасқан ЭМС-013 және ЭМС-014 екі экологиялық мониторинг станциясынан атмосфералық ауа сапасы мониторингі мәліметтерін онлайн режимде алуға рұқсат берілді.

2018 жылғы маусымда КПО ҚМГКК СҚА және Қарашығанақ кен орны аймағында орнатылған 18 автоматты ЭМС атмосфералық ауа сапасы туралы мәліметтерді Батыс Қазақстан облысының экология бөліміне онлайн жіберуді қамтамасыз етті.

2020 жылы корпоративті географиялық ақпараттық жүйені (ГАЖ) дамыту аясында, КПО «Экомонитор» порталын келесі артықшылықтары бар функциялармен жаңартты:

  • ЭМС мәліметтерді жинау және мониторинг нәтижелерін көрсету уақыты айтарлықтай қысқарды;
  • таңдалған кезеңге (тәулікке, айға, жылға) арналған атмосфералық ауаның сапасы туралы есептер шығаруға арналған модуль жетілдірілді, бұл есептер шығаруды едәуір жеделдетуге мүмкіндік берді;
  • ақпарат қазіргі уақытта интерактивті карта арқылы ұсынылады, онда КПО-ның жұмыс істеп тұрған автоматты ЭМС орналасуы, ҚМГКК елді мекендеріне іргелес ҚМГКК СҚА шекаралары бейнеленген;
  • нақты уақыт режиміндегі ЭМС күйі бейнеленеді (қалыпты жұмыс, калибрлеу, электр қуатын ажырату және т.б.);
  • берілетін деректерді қорғау деңгейін арттыру мақсатында портал пайдаланушыларды анықтап тану әдісі жергіліктіден доменге өзгертілді.

2020 жылдың желтоқсанында КПО мамандары «Экомонитордың» жаңа нұсқасының тұсаукесерін және БҚО Экология департаментінің қызметкерлеріне арналған порталмен жұмыс бойынша оқыту тренингін өткізді. Сондай-ақ, сәйкестендіру деректерін жүйенің белгіленген жауапты пайдаланушыларына беру жүзеге асырылды.

Нәтижесі:

Осы жобаны іске асыру нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік реттеуші органдары нақты уақыт режимінде Компанияның экологиялық мониторингінің автоматты станцияларынан атмосфералық ауаның жай-күйі туралы мәліметтерге қол жеткізді.

Мониторингтік мәліметтерді мемлекеттік органдарға онлайн режимінде беру жүйесі Компанияның өзінің еңбекті қорғау, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы экологиялық міндеттемелерін орындауына ықпал етеді, оның ішінде:

  • экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және КПО қызметінің адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерін барынша азайту;
  • мемлекеттік органдардың ұсынылған экологиялық ақпаратқа деген сенімін арттыру.

Автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу қажеттілігі жазылған Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексінің талаптарын ескере отырып, КПО-ның ҚМГКК әсер ету аймағында атмосфералық ауа сапасына бақылау жүйесін құру және оны әрі қарай деректерді мемлекеттік бақылаушы органдарға беру туралы шешімі өз уақытынан озып қабылданғанын көрсетіп отыр.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 11

ҰЙЫМДАСТЫРЫЛМАҒАН КӨЗДЕРДЕН ПАРНИКТІК ГАЗДАР ШЫҒАРЫНДЫЛАРЫН ЕСЕПТЕУ ӘДІСТЕМЕСІН ДАЙЫНДАУ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

2015–2019 жылдар аралығындағы кезеңде ұйымдастырылмаған көздерден ПГ шығарындыларына мониторинг бойынша жүргізілген науқан нәтижелері негізінде ПГ (метан) нақты шығарындыларының көлемі газды өндіру, тасымалдау және сақтау нысандарында атмосфераға ПГ шығарындыларын есептеу жөніндегі әдістемелік нұсқауларға сәйкес есептелген ПГ көлемінен әлдеқайда төмен (93 %-ға) екені анықталды. ҚР Экологиялық Кодексінің 94-11 бабын және ҚР СТ МЕМСТ Р ИСО 14064-1-2010 Ережесін басшылыққа ала отырып, КПО мониторинг нәтижелерін пайдалануға және сол арқылы Қарашығанақ кен орнының нысандарында ұйымдастырылмаған шығарындылар көздерінен ПГ шығарындыларын есептеу кезінде белгісіздікті азайтуға мүмкіндік беретін өз әдістемесін дайындау туралы шешім қабылдады.

Мақсаты:

Жеке әдістеме келесі мақсаттар үшін қажет:

  • Скрининг және мониторинг деректеріне сәйкес ұйым­дастырылмаған көздерден парниктік газдардың нақты шығарындыларын неғұрлым жоғары деңгейде есептеу үшін,
  • ҚМГКК өндірістік нысандарында парниктік газдар шығарындыларын жыл сайынғы түгендеу кезінде қолдану үшін.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

Меншікті жинақталған материалдарды ескере отырып және EPA-453/R-95-017 басшылығының ережелері негізінде Компанияның қоршаған ортаны қорғау басқармасының мамандары ұйымдастырылмаған көздерден парниктік газдар шығарындыларын есептеу әдістемесін әзірлеу және енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізді:

  • АҚШ-тың (EPA-453 / R-95-017) қоршаған ортаны қорғау агенттігі шығарған жабдықтағы ағып кетуді бағалау жөніндегі нұсқаулықтың материалдары зерттелді.
  • Ұйымдастырылмаған шығарындыларды мониторингілеу жөнінде ішкі процедуралар және ұйымдас­тырылмаған көздерден шығарындыларды есептеу нұсқаулығы дайындалды.
  • ҚӨК, ГКДҚ-2 және ГКДҚ-3 нысандарында ұйымдастырылмаған шығарындылардың скринингі мен мониторингінің нәтижелері зерттелді.

Жаңа әдістемені Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қарашығанақ кен орнының өндірістік нысандарында парниктік газдар шығарындыларын түгендеу кезінде пайдалану үшін мақұлдады.

Нәтижесі:

  • Жаңа әдістеме Компанияға ҚМГКК көздерінен ұйым­дастырылмаған парниктік газдар шығарындыларының (метанның) шынайы деректерін алуға мүмкіндік береді;
  • Әдістеме 2020 жылға ПГ шығарындыларын түгендеу кезінде қолданылды. 2020 жылғы түгендеу туралы есепке сәйкес осы әдістемені қолдану КПО ПГ жалпы есептік шығарындыларын СО2 эквивалентінде кемінде 150 мың тоннаға немесе 8 %-ға азайтуға мүмкіндік берді.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 12

КПО «ТАБИҒАТТЫ ҚҰРМЕТТЕУ» ОЙЛАУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫ НАСИХАТТАЙДЫ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

Компания «жасыл кеңсе» қағидаттарын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Жасыл кеңсе – бұл қызметкерлер ресурстарды үнемді пайдаланатын, қоршаған ортаға қамқорлық жасайтын және экологиялық сананы насихаттайтын кеңсе.

Мақсаты:

Ұзақ мерзімді перспективада біз бұл бастаманы Компанияның кеңселерінде қалдықтардың пайда болуын, электр энергиясы мен суды тұтынуды азайтуға мүмкіндік береді деп күтеміз.

КПО корпоративті мәдениетіне «жасыл кеңсе» қағидаларын енгізу жұмыста ғана емес, сонымен бірге үйде, жанұя мен достар арасында экологиялық ойлау мен экологиялық таза өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Жалпы алғанда, Компания қызметкерлері қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың үлгісі болып, қоғамға оң ықпал тигізеді деп көзделуде. Компания экологиялық қызметіне қызметкерлердің көбірек санын тартуы КПО компаниясының қоршаған ортаны қорғау саласындағы тиімділік көрсеткіштерінің артуына себептес болады.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

КПО экология саласы бойынша сауаттылықты арттыру Компанияның ресурстары мен табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға, сондай-ақ қызметкерлер арасында жасыл технологиялар мен экологиялық тәжірибелерді енгізуге деген адалдықты арттыруға ықпал ететін басым бағыт ретінде анықтады.

2020 жылы экологиялық хабардардылықты арттыру бойынша өткізілген бір қатар шараға 500-ден астам қызметкер қатысты. Бір қатар шараның ішінде:

  • КПО басшылығының қатысуымен өткізілген семинар, онда компанияның экологиялық көрсеткіштерін жетілдірудің мүмкіндіктері, соның ішінде кеңсе кеңістігін көгалдандыру және экологиялық мәдениетті арттыру жөніндегі іс-шаралар талқыланды;
  • Эко-жаттықтырушы, мотивациялық спикер, эко-блогер, «Жасыл драйвер. Экологиялық таза өмір салтын ұстанудың коды.” кітабының авторы Роман Саблинді қатысуымен Компания қызметкерлеріне арналған мотивациялық экологиялық тренинг жүргізілді;
  • Компания қызметкерлерімен өткізілетін экологиялық семинарлар, онда қызметкерлер әлемдік экологиялық мәселелерді және қоршаған ортаға жағымсыз әсерді төмендетуді және «экологиялық ізді» азайтуға қосатын әр адамның жеке үлесінің рөлін талқылады.

Одан басқа, оң өзгерістердің орын алуына себепші болуға және қызметкерлерді әрекет етуге насихаттауға және жеке адамның және жалпы Компанияның қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту мақсатында КПО компаниясы өзінің «Жасыл ережелерін» және экология­лық постерлерін дайындап шығарды.

«Жасыл кеңсе» пилоттық жобасы үшін Компанияның екі кеңсесі – Орал кеңсесі және Қарашығанақ бизнес орталығы таңдалды, онда экологиялық белсенділер өз еркімен тренинг өткізіп, қызметкерлер арасында «жасыл» ойлауды насихаттайды.

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІCІ 13

КПО «ЭНЕРГЕТИКА АПТАСЫ»

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

2020 жылғы 11 мен 17 қараша аралығында Компания Қазақстан Республикасының Энергия үнемдеу күніне орайластырылған КПО Энергетика апталығын өткізді. Осы іс-шара шеңберінде энергияны үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы әр түрлі саланың кәсіби спикерлерінің қатысуымен бірқатар онлайн форматтағы веб-семинарлар өткізілді, сонымен қатар «Энергия үнемдеу – балалардың көзімен» тақырыбында балалар суреттер байқауы өткізілді.

Мақсаты:

  • КПО мен мердігер ұйымдар қызметкерлерінің энергияны үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өнеркәсіптік кәсіпорындар қолданатын қазіргі тенденциялар, технологиялар мен тәжірибелер туралы хабардарлығын арттыру.
  • «Энергия үнемдеу – балалардың көзімен» балалар суреттер байқауы жас ұрпаққа экологиялық сана мен тұрақты өмір салтын қалыптастыру дағдыларын қалыптастыру мақсатында өткізілді. Байқауға қатысу балаларды энергияны үнемдеу қағидаларын танып білуге ынталандырып, олардың шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік берді.

Жағдайдың шешімі/ қолданылған әрекеттер:

«Энергетика апталығының» вебинарларының тақырыбы кең ауқымды мәселелерді қамтыды: энергияны үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы жобаларды іске асыру тетіктері, Қазақстан Республикасының Экология­лық кодексіндегі өзгерістер, «Жасыл кеңсе» қағидаттары, энергияны үнемдеу саласындағы форсайтты зерттеу және цифрландыру және т.б.

Оқыту тренингі ретінде ересек балалар үшін энергетика саласындағы ҚР алдыңғы қатарлы ЖОО және Германия Westküste қолданбалы университеті оқытушыларының қатысуымен келешегі зор оқу бағыттары бойынша қысқаша шолу өткізілді, ал қоршаған ортаны қорғау мұғалімі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің елшісі жас балалармен «Энергия үнемдеу дегеніміз не және ол неге маңызды?» тақырыбында интерактивті сабақ өткізді.

Мұндай деңгейдегі іс-шараны онлайн форматта өткізудің алғашқы рет өткізілуіне қарамастан, ұйымдастырушылар қатысушылардан көптеген оң пікірлер алды. «Энергия үнемдеу – балалардың көзімен» атты балалар суреттер байқауына КПО қызметкерлері мен мердігерлерінің 100-ден астам балалары қатысты. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және алғыс грамоталарымен марапатталды. Іс-шара аясында КПО-ның бас директоры Эдвин Блом энергетикалық менеджмент жүйесінің ISO 50001 стандартына сәйкестігін сертификаттауға үлкен үлес қосқан компания қызметкерлерін марапаттады.

Келесі бөлім
Байланыс ақпараты