КПО-ның даму туралы есебі 2021

Бас директордың
алғысөзі

Құрметті оқырмандар!

Сіздерге «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының Қазақстандық филиалының 2021 жылғы тұрақты даму туралы есебін зор қуанышпен ұсынамын.

КПО бас директоры лауазымында бір жылдан астам уақыт жұмыс жасап келемін. Осы уақыт ішінде Қарашығанақ сияқты бірегей де қызықты, шын мәнінде әлемдік деңгейдегі жобаға үлес қосып жүргенімді мақтанышпен айта аламын.

КВИ-ға байланысты қиындықтарға қарамастан, 2021 жылы өнім өндіру және сату бойынша міндеттемелерімізді орындап, ҚӨК газы бойынша өндірістік шектеулерді алу (ҚГӨША) және жоспарлы жөндеу жұмыстары сияқты ірі де күрделі жобаларды сәтті іске асыра отырып, тамаша нәтижелерге қол жеткіздік. Қарашығанақты кеңейту жобасы (ҚКЖ1) айтарлықтай алға басты.

2021 жылы жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып орындалғанын айта кетуіміз керек. Үздіксіз жетілдіру бағдарламаларының арқасында КПО-да жарақат алу көрсеткіші 2020 жылғы 0,06-дан (екі жарақат) 2021 жылы 0,03-ке (бір жарақат), ал тіркелуі тиіс жарақаттардың жалпы жиілігі 2020 жылғы 0,18-ден 2021 жылы 0,09-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, нысандар тұтастығын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларымыз жарақат алу көрсеткішін төмендетуге өз үлесін қосты. «Өмірді сақтайтын ережелер» және талаптарды орындау, қауіпті іс-әрекетке араласу және құрметтеу сияқты қағидаларды қамтитын «Алтын ережелер» барлық өндірістік үдерістерге сәтті енгізілген.

Көміртегі шығарындылары бойынша бейтараптыққа жетуді және табыстарды тұрақтандыруды мақсат етіп, біз 2021 жылы экологиялық таза технологияларға көшуге және жоба экономикасын әртараптандыруға шешім қабылдадық. Осы стратегияға сәйкес біз барлық үдерістерге өзгерістер енгіздік. Компания өз қызметін түрлендірудің келесі бағыттарын анықтады: кіріс көздерін әртараптандыру және оны жалпы арттыру, шығындарды азайту және «Жасыл КПО» тұжырымдамасына көшу.

2021 жылы газдың тек 0,06 %-і ғана алауда жағылып, КПО газды кәдеге жарату бойынша әлемдік деңгейдегі көрсеткішке қол жеткізді – 99,94 %. Біз қоршаған орта компоненттеріне, соның ішінде ауаға, жер үсті суларына, жер асты сулары мен топыраққа, сонымен қатар атмосфераға шығарылатын шығарындыларға және сарқынды сулардың төгінділеріне толық көлемде мониторинг жүргіземіз. Компанияда «жасыл» технологияларды енгізу бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде – олардың қатарына парниктік газ қалдықтарын азайту және қалдықтарды қайта өңдеудің тиімді әдістерін енгізу шараларын қосуға болады.

Біздің экологиялық және энергетикалық менеджмент жүйелеріміз үнемі тиімді және ISO 14001:2015 және ISO 50001:2018 халықаралық стандарттарына сәйкес келеді деп танылады. 2021 жылдың соңындағы деректерге сәйкес, түрлі табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараларға КПО 445,4 млн. АҚШ долларын жұмсаған.

Бұған қоса, Компания өзіне жүктеген міндеттемелер мен бағдарламаларға сәйкес қызметкерлерін оқытуды және кәсіптік даярлауды белсенді түрде жүргізеді. 2021 жылы кадрлардағы жергілікті қамту үлесі кәсіптік-техникалық лауазымдар бойынша 98 %-ке және басшылық лауазымдар бойынша 85 %-ке жетті. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы КПО-ның жергілікті қамту бойынша көрсеткіштері 68,5 %-тен асты (564 млн. АҚШ долларынан астам).

Әлеуметтік салада КПО Ақсай қаласындағы орталық аудандық аурухананы жаңғырту, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында мектептер, спорт-сауықтыру орталықтары мен тұрғын үйлер салу сияқты әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын қаржыландыруды жалғас­тырды. 2021 жылдың желтоқсанында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз-2021» ұлттық конкурсының бас жүлдесінің КПО-ға табысталуы біз үшін үлкен мәртебе болды. Аталмыш марапат компанияның қоғам мен қызметкерлер алдындағы және табиғатқа қатысты өз міндеттемелерін орындау жолындағы жылдар бойғы еңбегін тану болып табылады.

Аймақтағы ең ірі кәсіпорын ретінде КПО өз қызметінің түрлі тараптардың мүдделеріне ықпал ететінін түсінеді, бұл бизнесті қалай жүргізу керектігі жөнінде жауапкершілік жүктейді. Мүдделі тараптармен қарым-қатынасты сенім мен ашықтыққа сүйеніп жүргізу тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізудің негізі болып табылады. Осы жолда бізді алға жетелейтін күштер болып көшбасшылық, инновациялар мен ынтымақтастық қала береді.

КПО тұрақты дамуының негізгі бағыттарын шолуға қош келдіңіз! Сіздерден белсенді түрде сұрақтарыңыз бен ескертпелеріңізді жіберуді сұраймын. Сіздің кері байланысыңыз айрықша ризашылықпен қабылданады және кейінгі есептеріміздің сапасын жақсартуға септігін тигізеді.

Джанкарло Рую
КПО бас директоры