Жеткізілімдерді ұйымдастыру
Қарашығанақ кен орнын игеру Қазақстан үшін тек мұнай мен газ өндірісінен түсетін табыс пен салық қана емес, оның елге берері одан да көп. Жоба сонымен қатар экономикалық дамуға ықпал ететін ұзақ мерзімді және тұрақты серіктестік қарым-қатынастарды қалыптастырады.
Жергілікті жеткізушілермен және мердігерлермен бірлесіп жұмыс істеп, компания аймақтың және Қазақстанның жалпы экономикалық дамуына айтарлықтай қолдау көрсетеді.
КПО өз қызметінде тәртіп Кодексінде белгіленген бизнес-этика қағидаттарын, сондай-ақ барлық тиісті заңнамалық талаптар мен нормативтік ережелерді ұстанады. Осыған орай, КПО өз жұмыстарына бизнесті жүргізуде жоғары стандарттарды ұстанатын, компанияға қызметтерін ұсынғанда өз қызметкерлері мен өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ белгіленген этика, нормативтік-құқықтық сәйкестік және тұрақты даму стандарттарын сақтайтын жеткізушілер мен мердігерлерді тартады. Келісімшарт жасасудың және сатып алудың әр кезеңінде және келісімшарт аяқталғанға дейін жоғарыда көрсетілген негізгі қағидаттарға сәйкестік қадағаланып отырады.
2021 жылы 500-ден астам мердігерлермен және жеткізушілермен келісімшарттар мен қосымша келісімдер жасалды, олардың 80 % жергілікті компанияларға тиесілі.
2021 жылы КПО 0,3 млрд АҚШ долларынан астам сомаға тауарларды жеткізу бойынша 600-ге жуық келісімшарт пен оларға қосымшалар және шамамен 1,4 млрд АҚШ долларына жуық сомаға 800 қызмет көрсету бойынша келісімшарт пен оларға қосымшалар жасасты
Бұл біз үшін неге маңызды?
КПО компаниясындағы сатып алу процесін шектеулі нарықтық бәсекелестік, инфляция және айырбас бағамының ауытқуы сияқты экономикалық қауіп-қатерлер күрделендіреді. Қауіп-қатерлерді барынша азайту үшін КПО нарықтық бәсекелестікті қамтамасыз ету және шарттық талаптардағы ықтимал экономикалық ауытқуларды және бұдан әрі сипатталған басқа да көрсеткіштердің орнын толтыратын түрлі тетіктерді қолдану арқылы техникалық тапсырмалар мен тендерлік талаптарды барынша ұтымды әрі ашық түрде әзірлеуге тырысады.
25-сызба. 2018 – 2021 жж. КПО жеткізушілері және мердігерлері
26-сызба. 2018-2021 жж. келісімшарттар мен келісімшарттарға қосымшалар құны (млн АҚШ долл)
Келісімшарттарға қатысты жұмыстар және сатып алулар заңнамаға және Қарашығанақ жобасын басқару жөніндегі бірлескен комитеттің тендерлік ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл құжат Қарашығанақ жобасын жүзеге асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру процесін реттейді.
Жуырда шығарылған КПО-ның тендерлік ережесінде электрондық құжаттармен кеңірек алмасу және оларды өңдеу, сонымен қатар тендерге қатысуға өтінімдерді қабылдау және өтінімдерді бағалау сияқты бағыттар қарастырылған, бұл өз кезегінде КВИ пандемиясы кезінде шектеулерге байланысты туындаған мәселелерді шешуге көмектесті. Сонымен қатар, тендерлік ереженің жаңа шығарылымы ерте тендерлер, сынама тапсырыстар, инвестициялар үшін келісімшарттар беру, мөлшерлемелерді шартты төмендету және қазақстандық тендерлер сияқты тетіктерді пайдалану арқылы жергілікті қамтуды дамытуға және тауарларды Қазақстан Республикасында өндіруді қамтамасыз етуге бағытталған.
Жергілікті әлеуетті мердігерлер мен жеткізушілердің бәсекеге қабілетті болуы үшін және олардың тендерден шығып қалу қаупін азайтуға көмектесу үшін КПО конкурсқа дейінгі жан-жақты өзара әрекеттесу сессияларын ұйымдастыруға жіті назар аударады. Бұл сессиялар барысында конкурсқа қатысушылар КПО-ның тендерлік талаптары бойынша нақты түсініктемелер, сондай-ақ жинақталған практикалық тәжірибе туралы ақпарат алады.
КПО компаниясы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «KazService» одағы және басқа да мұнай-газ секторының ұйымдары немесе қауымдастықтары өткізетін іс-шараларға белсенді қатысады. Түрлі мүмкіндіктерді пайдалана отырып, КПО жергілікті компанияларға өз талаптарына қатысты түсіндірмелер береді және оларды дамуға және әлемге танылған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жеткізушілермен бірлесіп жұмыс істеуге ынталандырады. Жергілікті қамту бойынша межеленген көрсеткіштерге қол жеткізу КПО-ның Қазақстан Республикасы алдындағы басты міндеттемесі болып табылады.
Қызметінің ашықтығын көрсете отырып, КПО жыл сайын сатып алу жоспарларын www.kpo.kz веб-сайтында жариялайды.
КПО тендерлеріне қатысуға ниетті әлеуетті жеткізушілерге КПО жеткізушілерінің дерекқорына тіркелу және өздері туралы ақпаратты үнемі жаңартып отыру (толығырақ КПО веб-сайтында жарияланған) немесе жеткізушілердің «АЛАШ» бірыңғай мәліметтер қоры арқылы тікелей тіркелу ұсынылады. Тендерге қатысуға өту үшін әлеуетті қатысушылар КПО жеткізушілерді іздеу кезінде ескеретін материалдық-техникалық базасының және тиісті тәжірибесі туралы дұрыс және шынайы ақпарат ұсынуы керек.
2021 жылы КПО өз веб-сайтында https://cp.kpo.kz/ парақшасын қосты, бұл жерде компаниялар КПО-ның жауапты бөліміне жіберілетін сұрақтарын қоя алады. Аталмыш парақшада «жиі қойылатын сұрақтарға» жауаптар берілген қосымша бет бар.