Өндіріс және даму жобалары
ШОЛУ
КПО компаниясы Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан және 280 км2-дан астам аумақты алып жатырған Қарашығанақ мұнай, газ және конденсат кен орнының (ҚМГКК) операторы болып табылады. Қарашығанақ – пайдалану шарттары күрделі, сондай-ақ климаты күрт континенталды аймақта орналасқан бірегей кен орны. Кен орнындағы қабат қалыңдығы 1 600 метрді құрайды, әрі аса күрделі және ерекше болып табылатын үстіңгі қабаты 3 500 м тереңдікте орналасқан. Өндірілген көмірсутектерінің құрамында 4,5 %-ке дейін улылығы жоғары күкіртті сутегі (H2S) және белгілі бір жағдайларда коррозиясы жоғары болуы мүмкін көмірқышқыл газы (CO2) бар.
Қарашығанақ кен орнындағы мұнай, газ, конденсат және ілеспе компоненттер қорын қайта есептеу туралы соңғы КПО есебінің бағалауы бойынша (ҚР қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның 17.11.2017 күнгі отырысында қабылданған), Қарашығанақта 13,6 млрд баррель сұйықтықтар мен 59,4 трлн текше фут газ бар, оның ішінде сұйықтықтардың 14,2 % және газдың 13,5 %-не жуығы 2021 жылға дейін өндірілген.
Жыл сайын КПО Компаниясы экономикалық кірісті тұрақты көбейтуге және қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға бағытталған алдыңғы қатарлы технологияларды қолдануға қаржы инвестициялайды. 1997 жылы Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге қол қойылғаннан бері 31.12.2021 жылғы жағдай бойынша Қарашығанақ кен орнын игеруге жұмсалған жалпы инвестиция көлемі 28,4 млрд АҚШ долларынан асты. 2020 жылдың соңында КПО ұжымында 4 076 адам еңбек етуде.
КПО ӨНДІРІСТІК НЫСАНДАРЫ
Көмірсутекті шикізатты өндіру, дайындау және өңдеу жұмыстары келесі үш негізгі, өзара байланысқан қондырғыда іске асады: Қарашығанақ өңдеу кешені (ҚӨК), Газды кешенді дайындау қондырғысы № 2 (ГКДҚ-2) және № 3 (ГКДҚ-3). Негізгі нысандарды байланыстырып, өндірістік ағындарды ұңғымадан қондырғыларға қарай және қондырғылар арасында бағыттап, өнімдерді жинауға және бөлуге арналған ішкі өндірістік құбырлар жүйесі шамамен 2 000 км-ді құрайды. Сондай нысандардың қатарына Мұнайды бастапқы өңдеу станциясы мен Экоорталық жатады. Нысандардың жалпы көрінісі 4-суретте көрсетілген.
КПО пайдаланатын тасымалдау жүйесі тұрақтандырылған сұйық көмірсутектерге арналған негізгі экспорттық бағыт – екі сорғы станциясы бар: оның бірі ҚӨК-де және екіншісі Үлкен Шаған станциясында, сондай-ақ КПО-ның Атырау терминалында өнімді қабылдау және сақтауға арналған нысаны бар Қарашығанақ-Атырау тасымалдау жүйесін (ҚАТЖ) қамтиды. Екінші экспорттық бағыт – бұл газды Ресей Федерациясында орналасқан Орынбор газ өңдеу зауытына тасымалдау үшін КПО қолданатын «Қарашығанақ-Орынбор» тасымалдау жүйесі (ҚОТЖ).
2021 жылдың бірінші жартысында COVID-19 пандемиясының қызметімізге тигізетін әсері әлі де тыйылмай тұрды. Бұрғылау 2021 жылдың қыркүйек айында қайта басталды.
2021 жылдың аяғына қарай Қарашығанақ кен орнының жалпы қоры 468 ұңғыманы құрады, оның ішінде 118 өндіру және 19 кері айдау ұңғымалары жұмыс істейді. 2021 жылы КПО ұңғымалар қоры алдыңғы жылмен салыстырғанда бір жаңа жазық ұңғымаға артты: 2020 жылы 467 ұңғыма болса, 2021 жылы – 468. Тағы бір ұңғыма 2021 жылы іске қосылды және 2022 жылы да жұмысын жалғастыруда; екі ұңғыма күрделі жөндеуден өткізілді.
4-сурет. Қарашығанақ кен орны нысандары мен өнімдері (2021 жылдың соңында)
БІЗДІҢ ӨНІМДЕР ЖӘНЕ ЭКСПОРТТЫҚ БАҒЫТТАР
КПО тұрақтандырылған және тұрақтандырылмаған сұйық көмірсутектерді, тазартылмаған газды және жанармай газын өндіреді және өңдейді. Алынған көмірсутек өнімдерінің басым көпшілігі сатудан түсетін кірісті көбейту мақсатында экспортталады.
2021 жылы өндірілген сұйық өнімнің 99,98 % жуық көлемі тұрақтандырылған мұнай қалпында батыс нарықтарына келесі жолдар арқылы сатылды:
- Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК),
- Атырау-Самара құбыр желісі және одан әрі «Транснефть» құбыр жүйесі арқылы.
КҚК құбыр желісі арқылы КПО мұнайы Новороссийск қаласының Қара теңіздегі портына (Южная Озереевка ауылы) жеткізіледі, ал Атырау-Самара құбыр желісі мұнайды Балтық теңізіндегі Усть-Луга портына жеткізуге пайдаланылады (5-сурет). Негізгі маркетингтік мақсат – таза бағасы ең жоғары негізгі экспорттау бағыты болып табылатын КҚК құбыр желісі арқылы мұнай экспортын ұлғайту. КҚК арқылы экспорт барысында іркілістер орын алған жағдайда Атырау – Самара бағыты қосалқы бағыт ретінде қолданылады.
2021 жылы КПО жалпы есеппен 10,34 млн тонна тұрақтандырылған мұнайды экспортқа шығарды, оның 10,25 млн тоннасы КҚК арқылы шығарылды. Табысты барынша ұлғайту мақсатында Атырау-Самара құбыры арқылы 0,085 млн тонна мұнай экспортталды. Техникалық қызмет көрсету аясында ҚӨК ребойлерін жуу кезінде, сұйық көмірсутектер «Конденсат» АҚ-ның мұнай өңдеу зауытына жеткізілді.
5-сурет. КПО экспорттық бағыттары
Қарашығанақ кен орнында өндірілген газ:
- қабаттық қысымды ұстап тұру үшін қайтадан қабатқа айдалады,
- «КазРосГаз» ЖШС-мен жасалынған Газды сату бойынша ұзақ мерзімді келісім бойынша тазартылмаған газ күйінде сатылады,
- Газ турбиналы электр станциясы сияқты КПО нысандарының қажеттіліктері және жергілікті электр қуатын таратушы компаниялар үшін электр энергиясын өндіру мақсатында күкіртті сутектен (H2S) тазартылады.
2021 жылы КПО компаниясы шикі газдың 8,2 млрд м3 «КазРосГаз» ЖШС Орынбор ГӨЗ-на өңдеу үшін сатты.
2021 ЖЫЛҒЫ ӨНДІРІС ЖӘНЕ САТЫЛЫМДАР
2021 жылы КПО тұрақтандырылған және тұрақтандырылмаған сұйық көмірсутектер мен газ күйінде 134,1 млн мұнай эквивалентіндегі баррель (б.м.э.) өнім өндірді. 2021 жылғы газ өндіру 19 млн м3 жетті. Қабат қысымын ұстап тұру мақсатында, КПО компаниясымен қабатқа кері ~ 10 млрд м3 газ айдалды, бұл жалпы өндірген газ көлемінің шамамен 52,7 %-не тең.
1-кесте. 2021 жылғы өндіріс көлемі
|
2021 |
2020 |
2019* |
|
Жалпы өндіріс көлемі |
млн. б.м.э. |
134,1 |
143,9 |
137,9 |
Тұрақтандырылған мұнайдың жалпы көлемі |
мың т |
10 338 |
10 941 |
10 147 |
Газ өндірісінің жалпы көлемі |
млн. ст. м3 |
18 980 |
20 214 |
18 614 |
Газды қабатқа кері айдау |
млн. ст. м3 |
9 998 |
10 362 |
8 710 |
Тазартылған газ, кен орны қажеттіліктеріне пайдаланылған |
млн. ст. м3 |
789 |
761 |
685,4 |
* Жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу жылы
2-кесте. 2021 жылғы сатылымдар
|
|
2021 |
2020 |
2019 |
Жалпы сатылымдар көлемі |
млн. б.м.э. |
130,7 |
139,4 |
134,7 |
Тұрақтандырылған сұйық көмірсутектер |
мың т |
10 366 |
10 857 |
10 160 |
Тұрақтандырылмаған сұйық көмірсутектер |
мың т |
1,5 |
24 |
9,9 |
Тазартылмаған газ |
млн. ст. м3 |
8 182 |
8 986 |
9 113 |
Отын газы |
млн. ст. м3 |
70 |
90 |
89 |
ЭЛЕКТР ҚУАТЫН ӨНДІРУ
КПО Қарашығанақ кен орнының өндірістік қажеттіліктеріне электр қуатын өзінің газ турбиналы электр станциясы арқылы (бұдан әрі – ГТЭС) өндіреді. Бұл электр энергиясының көлемі компания нысандарына: ҚӨК, ГКДҚ-2, ГКДҚ-3, өнімді жинақтау жүйесі, Экоорталық, Пилот қалашығы, Ақсай қаласындағы АТжТ бөлімінің деректер орталығы және Қарашығанақ-Атырау тасымалдау жүйесі, оның ішінде Үлкен Шаған мұнай айдау станциясы мен 1-26 ілмекті арматура станцияларына жіберіледі.
КПО газ турбиналы электр станциясында (ГТЭС) төрт турбина орнатылған және жұмыс істеуде. Олардың үшеуі – қосотынды. Сонымен қатар, КПО БҚО тұрғындары қажеттіліктеріне қысқы кезеңде 25 МВт-қа дейін, ал жаз уақытында 20 МВт-қа дейін электр қуатын жеткізіп келеді.
2021 жылы ГТЭС нысанында № 1 және № 2 генераторларында шағын тексеріс жүргізілсе, № 3 генератор күрделі жөндеуден өтті. Жоспарланған тексеру кезінде оқшауламадан ақау табылғандықтан ескі статор орамаларын демонтаждау бойынша қосымша жұмыс көлеміне байланысты № 4 генератордың күрделі жөндеуі 2021 жылдың қазанынан мамырына дейін созылды. Жаңа статор орамасын дайындау, жеткізу және оны орау, генераторды өндірушіге жіберместен ГТЭС-те жүзеге асырылды. COVID-19 пандемиясының жұмыс барысына әсер етуіне және бөлшектерді жеткізудегі кідірістерге байланысты жұмыстың ұзақтығы өсті.
Сонымен қатар, 2021 жылы № 1, 2 және 3 турбиналардың ыстық газ трактіне тексеру жүргізілді, сондай-ақ № 4 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. Жыл бойына, үш турбинадағы генераторлардан блоктық трансформаторларға қуат беру мүмкіндігін іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді, бұл турбиналарды жөндеуден кейін қайта іске қосу кезіндегі электрлік ажыратып-қосулар мен онымен байланысты қауіп-қатерлерді азайтты.
Электр қуатын Батыс Қазақстан облысына жеткізу
Өнімді бөлісу туралы түпкілікті келісім аясында (1 бап, 1.1 бөлім), КПО компаниясы электр қуатын өндіріп, Батыс Қазақстан облысына жеткізеді.
КПО «Ақсайэнерго» ЖШС және «Батыс Энергоресурсы» ЖШС сияқты электр энергиясын жеткізушілерге электр қуатын жеткізеді, ал олар өз кезегінде Батыс Қазақстан облысының жергілікті халқы мен соңғы тұтынушыларына жеткізеді.
2021 жыл ішінде КПО аймақтың электр тарату жүйесіне 20 МВт-тан 34 МВт-қа дейін электр қуатын жеткізді, ал БҚО үшін электрмен жабдықтаудың жалпы көлемі ~225,6 млн кВт/сағ немесе аймақтағы электр энергиясын пайдаланудың шамамен 35 %-ін құрады. № 4 газ турбиналы генераторын жоспардан тыс жөндеуге және үш турбинаға күрделі жоспарлы техникалық қызмет көрсетуге байланысты 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы электрмен жабдықтау 20 %-ға төмендеді. Бұл өз кезегінде, КПО ГТЭС нысанында жалпы электр энергиясын өндірудің төмендеуіне және нәтижесінде аймақ үшін электр энергиясын өндіру көлемінің төмендеуіне әкелді. Электр энергиясын өндірудің төмендеуіне себепкер болған тағы бір елеулі фактор ҚӨК газы бойынша өндірістік шектеулерді алу (ҚГӨША) жобасының жаңа учаскесінің іске қосылуы болатын, бұл 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап КПО компаниясының меншікті энергия тұтынуын 7-8 МВт-қа біртіндеп артуына алып келді.
2019–2021 жылдар аралығындағы электр қуатын және отын газын жеткізу көлемі 3-кестеде берілген.
2021 жылы электр энергиясы негізінен ішкі газ есебінен өндірілді. БҚО қажеттілігі үшін электр энергиясын өндіруге арналған үшінші тарап жеткізушісінен газ сатып алу ГТЭС-тегі жалпы тұтынудың шамамен 6,5 %-ін құрады. Бұл негізінен ҚӨК 5-339 учаскесіндегі отын газын өндіру қондырғысы тұрақсыз жұмыс істеген кезеңде орын алды.
2021 жылдың мамыр және қазан айларында Батыс Қазақстан өңірлік электр энергетикалық компаниясының сыртқы электр желілерінде іркілістер (апаттық оқиғалар) орын алды, бұл КПО өндірісіндегі болмашы шығындарға алып келді.
3-кесте. Электр энергиясын және отын газын жеткізу, 2019–2021 жж
Сипаттамасы |
Өлшем бірлігі |
2021 |
2020 |
2019 |
БҚО жеткізілген электр энергиясы, соның ішінде |
млн кВт/сағ |
225,56 |
296,93 |
330,26 |
«Аксайэнерго» ЖШС-не |
млн кВт/сағ |
26,28 |
26,35 |
26,28 |
«Батыс Энергоресуртары» ЖШС-не |
млн кВт/сағ |
199,28 |
270,58 |
303,98 |
БҚО үшін электр энергиясын өндіру үшін отынды газды пайдалану, оның ішінде: |
млн м3 |
75,88 |
99,35 |
112,06 |
КПО-ның жеке газ сатылымы |
млн м3 |
70,98 |
89,95 |
88,98 |
Үшінші тарап жеткізушісінен жеткізілген газ көлемі |
млн м3 |
4,90 |
9,40 |
23,08 |
БҰРҒЫЛАУДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ТЕХНОЛОГИЯЛАР
2021 жылы КПО компаниясы ұңғымаларды бұрғылау және оларға қызмет көрсету үдерістерінің қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін барынша азайтуға бағытталған жұмыстарды атқаруда өткен жылдары қаланған берік іргетасқа сүйене отырып, жұмысын жалғастырды. Біз бұрынғыдай парниктік газдар шығарындыларын және су мен ресурстарды тұтынуды азайтуға бағытталған шаралардың көмегімен нөлдік эмиссия мақсатына жеткізетін жолымызды жалғастырдық:
- Ағынды қарқындатқаннан кейін жұмыс істеу үшін икемді құбырлар колоннасының орнына арқанды техниканы пайдалану сияқты бастамалар бойынша жұмыс жалғасты. Ұңғымалық жабдықтарды бұрғылау және мүмкіндігінше жасыту қажеттілігін және ластанған сұйықтықтарды кәдеге жарату қажеттілігін болдырмау/ азайту үшін тиімділігі жоғары экологиялық қауіпсіз оттықтар пайдаланылуда.
- Газ өндіру деңгейі жоғары көршілес пайдаланылатын ұңғымалардың мұнай өндірісін ұлғайтуды қамтамасыз ететін ұңғымалардың игерілуімен, бұрғылау жөніндегі науқан қайта басталды.
- Жаңа ұңғымаларда алауда жағудың «нөлдік» көрсеткішіне қол жеткізу арқылы ұңғыманы сынау / игеру жұмыстарын қамтамасыз ету үшін жоғары қысымды сорғылармен (жоғары газ факторы бар ұңғыма сұйықтығын айдауға арналған сорғылар) қоса жоғары қысымды сепаратормен ұңғыманы қарқынды сынау жұмыстары жүргізілді. Бұл технология 2020/2021 жылдары 4 ұңғымада сәтті жүзеге асырылды, бұл ретте әрбір ұңғыма бойынша СО2 эквивалентіндегі шығарындыларды ~24 мың тоннаға азайтуға, әрі ~53 мың баррельге дейін қосымша сұйықтықты өндіруге қол жеткізілді.
- 628 және РП-4 ұңғымаларында геологиялық-техникалық іс-шараларды және ұңғымаларды күрделі жөндеуден өткізу үшін қуаты 3 000 а.к. ірі тоннажды бұрғылау қондырғыларының орнына ұңғымаларды күрделі жөндеуден өткізуге арналған аз тоннажды (ZJ-20) бұрғылау қондырғылары пайдаланылды. Бұл өз кезегінде мақсаттарымызға жету үшін шығарындыларды төмендетуге және қоршаған ортаға әсерді азайтуға ықпал етті.
- Біздің кен орнындағы «Экоорталық» немесе қалдықтарды басқару орталығы ұңғымаларды жөндеу кезінде ластанған бұрғылау ерітінділерінен мұнай негізін және геологиялық-техникалық қызметте қайта пайдалану үшін бұрғылау шламдарын алуға мүмкіндік береді.
КПО ұңғымалық операциялар бөлімі тиімділік мен өндірістік көрсеткіштерін арттыруға бағытталған ішкі процедураларды, жұмыс үдерістерін әзірлеу, технологиялар мен инновацияларды жетілдіру бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуде. Осы тұрғыда 2021 жылы келесі нәтижелерге қол жеткізілді:
- Цифрландыруға және өнімділікті арттыруға баса назар аудара отырып, ұңғымаларды игеру тиімділігін арттыру мақсатында кәсіпорынның жұмысын жақсарту жоспарын әзірлеу және енгізу;
- Ұңғыманың тұтастығын және ұңғыма тұтастығын бақылаудың тиімділігін арттыру – ұңғыма тұтастығы мәселелеріне қатысты қоршаған ортаға шығарындылардың алдын алу және азайтуға бағытталған жұмыстарды жүргізу;
- Жаңа технологиялар, мысалы, кеңейткіш (қайта бұрғылауды қажет етпей, ұңғыма оқпанында жергілікті жөндеу жүргізуге мүмкіндік береді) және өндірудің тиімділігін арттыратын маркерлер технологиясын пайдалану.
КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ
КПО-ның жоспарлы жөндеу стратегиясы қауіпсіз әрі үздіксіз өндірісті және нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз етіп, жоспарлы жөндеу жұмыстары арасындағы интервалдарды арттырып, оларды іс жүзінде жүргізу уақытын азайту арқылы өндірісті оңтайландыруға және шығындарды азайтуға бағытталған.
2021 жылғы күрделі жөндеу жұмыстарының стратегиясы 2020 жылғы күрделі жөндеу жұмыстарына ықпал еткен COVID-19 пандемиясының әсерінен өзгеріп, бірқатар жұмыс көлемі 2021 жылға ауыстырылды. 2021 жылғы күрделі жұмыстардың негізгі қозғаушы факторлары тұтастық пен сенімділік болды. Күнделікті инспекциялар мен регламенттік техникалық қызмет көрсету жұмыстарына қосымша негізгі жұмыс көлеміне ГКДҚ-3-да 9 ыдысты ауыстыру мен центрифугалы бөлінген газ компрессорын жаңғырту жұмыстары кірді. Мұндай жаңғырту жұмыстары нәтижесінде ГКДҚ-3-дағы ұзақ мерзімді қауіп-қатерлерді азайту бағдарламасы шеңберінде піспекті компрессорлар пайдаланудан алынып тасталды. ГКДҚ-3-да күрделі жөндеу жұмыстары 2021 жылғы маусым-тамыз айларында бір тораптан екіншісіне жалғасып жүргізілді: оған Өндіріс және техникалық қызмет көрсету бөлімінің күнделікті жұмыс көлемі мен кішігірім өзгертулер кірді. Оның нәтижесінде 2021 жылғы қыркүйек-қазан айларында өткен ГКДҚ-3 барлық күрделі жөндеу жұмыстарының күрделілігі мен қатар орындалған операциялардың қауіп-қатерлері айтарлықтай азайтылды.
2021 жылғы қыркүйек-қазан айларында ГКДҚ-3 тоқтатумен сәйкестендіріліп, ҚӨК-нің D-торабында тұрақты жұмыс көлемінен бөлек десульфидті сепаратор басын ауыстыру, тотықтыру қондырғысын жөндеу, айдау бағанасындағы жоғарғы табақшаларды жаңғырту және компрессордың роторы мен ішкі жарақтарын ауыстыру жұмыстарына зейін қойылып күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2021 жылдың кыркүйегінде күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар ГКДҚ-2 нысанының «А» и «В» кері айдау компрессорларындағы құрғақ газ тығыздауыштары ауыстырылды, ал «С» компрессорындағы құрғақ газ тығыздауыштары сәуір айында өткізілген қысқа мерзімді жөндеу жұмыстары кезінде ауыстырылды. Сонымен қатар, 2021 жылдың қыркүйегінде өнімді жинақтау жүйесінің қашықтағы манифольдты станциясындағы айналма желі құрылысының жобасы мен Қарашығанақ – Орынбор тасымалдау жүйесіндегі технологиялық ыдыстарды ауыстыру жобасы орындалды.
ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ бойынша тұрақты бақылау шаралары мен стандартты COVID-19 сақтану ережелеріне қоса КПО Өндіріс директоратының ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ бөлімі бұрынғы күрделі жөндеулермен салыстырғандағы жақсартулардың негізгі бағыттарын анықтап, ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ күрделі жөндеу жоспарын әзірледі. Бұл жоспарда бұрынғы күрделі жөндеу нәтижелері бойынша анықталған енгізілу қажет негізгі жақсартулар қамтылған.
КПО-ның COVID-19 таралу қауіп-қатер деңгейін төмендету бойынша басты назары мердігерлер мен КПО қызметкерлерін күрделі жөндеу жұмыстарына дейін толықтай вакцина алуға ынталандыру болды. Мердігер қызметкерлер күрделі жөндеу жұмыстарына дейін екі ай бұрын апта сайын вакцинация бойынша проценттік көрсеткіштерін хабарлап тұрды. Ал КПО кәсіпорын шеңберінде жүргізілген бастама бойынша қызметкерлердің вакцина алуына ынталандыру шараларын жүргізді. Вакцина алмаған қызметкерлер аталмыш күрделі жөндеу жұмыстары барысында апта сайын ПТР-талдамасын тапсыруы тиіс болды. Вакцинация бойынша шараларға қоса заңмен белгіленген хаттамалар мен КПО ережелері күрделі жөндеу жұмыстарының барлық кезеңдерінде толық көлемде қолданыста болды. Аталмыш ережелерді қатаң сақтау нәтижесінде ешқандай COVID-19 таралуы немесе оқшаулау талаптарына байланысты жұмысты орындауға ықпал болған жоқ.
Сонымен бірге ГКДҚ-3 екі негізгі мәселе бойынша қауіп-қатерлерге бағалау жүргізілді. Оның біріншісі жазда өтетін сатылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізумен байланысты қауіп-қатерлерді анықтау және азайту. Сондай-ақ барлық күрделі жөндеу жұмыстарымен байланысты қауіп-қатерлерді бағалау және азайту мақсатында семинар өткізілді, оған ГКДҚ-3 190-алаңы мен қасындағы аз тонналы қондырғы жұмыс істеп тұрғанда жұмыс алаңында көп адамның болуымен және 4-торап пен конденсат/бөлінген газ жүйелері жөндеу режимінде болғанда ГКДҚ-3 қайта іске қосуымен байланысты қауіп-қатерлер кіреді.
Қауіп-қатерлерді бағалаумен бірге Компания басшылығы мен ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ тобы жүк көтеру жұмыстары тек күндіз, жарық болған кезде жүргізілсін деп келісті. КПО қауіпсіз жүк көтеру операциялар бағдарламасына, соның ішінде жүк көтеру жұмыстарын жүргізетін топтарды хабардар ету сессиясына, стандартты емес жүк көтеру жоспарын маманмен қарастыруға, сондай-ақ жүк ілуші мен белгі беруші рөлдеріне назар аударуды жалғастырды. Бұған қоса, басшылық және ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ бойынша топ жүк көтеру жұмыстарын тек күндізгі уақытта орындау туралы шешім қабылдады.
Осы күрделі жөндеу жұмыстары барысында 495 527 астам адам/сағ тіркелді: олар ешқандай оқиғасыз өтті. Жалпы, күрделі жөндеу бойынша жоспарланған жұмыс көлемі кестедегі мерзімнен бұрын орындалып бітірілді.
КЕН ОРНЫН ИГЕРУ ЖОБАЛАРЫ
Қазақстан Республикасының Мердігері ретінде КПО мұнай кен орындарын пайдаланудың әлемдік оңтайлы тәжірибесіне сәйкес кен орнының келісілген аумағында мұнай өнімдерін шығаруға және өндіруге қажетті барлық мұнай-газ операцияларын өткізуге міндетті.1
1Мұнайды пайдалану бойынша әлемдік оңтайлы тәжірибе дегеніміз – халықаралық мұнай өнеркәсібінде шығындарды азайту, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мақсатында қабілетті және тәжірибелі операторлар әдетте қорларды түпкілікті игеру кезінде экономикалық тиімділікті арттыру үшін тиісті әдістер мен үдерістерді пайдалануға байланыста аспектілерге қатысты қолданылатын алдыңғы қатарлы, қауіпсіз және тиімді өндірістік қызмет пен процедураларды білдіреді. «Аgencia Nacional de Hidrocarburos, көмірсутектерді барлауға және өндіруге 2008 жылғы № 09 келісімшартта берілген, la Cuerva»
Қарашығанақты игерудің ІІ кезеңінің бастапқы бағдарламасын 2003 жылы аяқтаған соң, КПО өндірістік қызмет көрсету бағдарламасының ІІ сатысын қаржыландырып және жүзеге асырып келеді. Бұл саты Қарашығанақ кен орнын одан әрі дамытуды, оның ішінде жаңа пайдалану ұңғымаларын бұрғылауды, қолданыстағы ұңғымаларды күрделі жөндеуден өткізуді, өндірістік нысандарды жетілдіруді, өндірістің жоғары деңгейін сақтауға және Қазақстан Республикасының игілігі үшін тиімділігін арттыруға қажетті басқа да жобаларды қамтиды.
Қолданыстағы нысандарда газға шектеулер қоюға әкеліп соғатын газ факторының артуын болдырмау мақсатында 2014 жылдан бері КПО компаниясы Өндірістің жоғары деңгейлі мерзімін ұзартуға бағытталған жобалар бағдарламасымен жұмыс атқарып келеді, олар:
- ҚӨК газы бойынша өндірістік шектеулерді алу жобасы, бұл жоба тиісті қондырғылардың өнімділігін арттырудың арқасында газ дайындау қуатын жетілдіруді көздейді.
- 4-ші газды кері айдау компрессоры, оның мақсаты – қабатқа айдалатын газдың жылдық орташа тәуліктік көлемінің деңгейін арттыру және қабат қысымын ұстап тұру тиімділігін арттыру.
- 5-ші ішкі құбыр желісі және газды кері айдау ұңғымалары жобасы жаңа ішкі құбыр желісінің, бұрғылау мен жаңа кері айдау ұңғымалардың аяқтаудың көмегімен ГКДҚ-2 ағынынан төмен кері айдау жүйесінің өнімділігін жетілдіруге бағытталған.
Өндіріс көлемін арттыру жобаларының портфолиосы бірнеше жылдар бойын дайындалып, жетілдірілді. 2019 жылдың желтоқсан айында 5-ші ішкі құбыр желісі және газды кері айдау ұңғымалары жобасы пайдалануға беріліп, үш кері айдау ұңғымаларының біріншісі іске қосылды.
2021 жылы COVID-19 пандемиясының әсері әлі де тыйылмай тұрды және бірнеше жинақталған кідірістерге себеп болды, соның ішінде сатып алулардың кешіктірілуі, кейбір жеткізушілердің форс-мажор жариялауы, жобаларды жүзеге асыру тобы қызметкерлерінің сапар шегуіне қойылған шектеулер, жұмыс орындарындағы қызметкерлер санын азайту талабы, жұмыскерлер арасында инфекция таралу ошақтарының туындауы және басқа факторлар кіреді. Дегенмен, жобаларды жүзеге асыру тобы осындай бұрын-соңды болмаған қиын шақта вакцинация науқандары сияқты шаралардың көмегімен алға жылжуды және нәтижеге қол жеткізуді үйренді.
2021 жылы наурыз айында ҚӨК газы бойынша өндірістік шектеулерді алу жобасы сәтті аяқталды және зауыт іске қосылды. 2021 жылдың желтоқсанында жоба толықтай пайдалануға берілді.
4-ші газды кері айдау компрессоры жобасы сәтті аяқталды; Нысан 2022 жылдың мамырында іске қосылды. Нысанды 2022 жылдың шілдесінде толықтай пайдалануға беру жоспарланған.
ҚАРАШЫҒАНАҚ КЕҢЕЙТУ ЖОБАСЫ
КПО кезеңдерге бөлініп жоспарланған Қарашығанақты кеңейту жобасының 1 кезеңі арқылы (ҚКЖ-1) Қарашығанақ кен орнын игеруді жалғастыруда. ҚКЖ-1 жүзеге асыру Құрушы компанияларға да, Қазақстан Республикасына да қосымша пайда әкелетіні сөзсіз. Бұл табыс кен орындағы өсіп келе жатқан газ факторымен (ГФ) байланысты мәселені шешу үшін қосымша ұңғымаларды, көмірсутек шикізатын өңдеу мен дайындау нысандарын және газ айдауды іске қосу арқасында тұрақты сұйық көмірсутектерді өндіру және дайындау көлемін сақтап тұру арқылы пайда болады.
2020 жылдың желтоқсан айында Құрушы компаниялар ҚКЖ-1А жобасын мақұлдау туралы келісімге қол қойды. ҚКЖ-1А жобасы ҚӨК газы бойынша өндірістік шектеулерді алу (ҚГӨША) және 4-газды кері айдау компрессоры (4-компрессор) жобаларын жүзеге асыру кезінде жеткен жетістіктерге негізделіп орындалатын, Қарашығанақ кен орнын үздіксіз дамытудың жаңа кезеңін сипаттайтын үлкен жетістіктің бірі. ҚКЖ-1А жобасын іске асыру кезіндегі КПО басты мақсаттарының бірі – жергілікті мердігерлердің бәсекеге қабілеттілігін жақсарту мақсатында жергілікті қамтуды барынша арттыру. Сондай-ақ, бұл жоба аясында Қазақстан азаматтары үшін жаңа жұмыс орындары құрылады.
ҚКЖ-1 жұмыс көлемінің бірінші кезеңі – ҚКЖ-1А 5-ші газды кері айдау компрессоры мен басқа да ілеспе нысандарды қамтиды. ҚКЖ-1А жобасының мақсаты – ҚГӨША жобасы аясында Қарашығанақ өңдеу кешенінде орнатылған құрғату бойынша өндірістік мүмкіндіктерді қолдану арқылы газды кері айдау көлемін арттыру және оның жұмыс көлемін қолданыстағы жүйелермен, инженерлік желілермен және нысандармен біріктіру. Біріктірудің арқасында синергетикалық нәтижеге қол жеткізіліп, күрделі шығындарға келтірілетін ықпал азайтылады. 2021 жылы дайындық жұмыстары жоспарланған уақыттан бұрын аяқталды, уақытша құрылыс нысандарының құрылысы аяқталды, компрессорды жасап шығару және дайындау мерзімі ұзақ материалдарды сатып алу басталды. 2022 жылдың басынан бастап жобалау және сатып алу жүзеге асырылуда, мердігер алаңға жұмылдырылып, компрессорды кешенді сынақтан өткізу сәтті аяқталды.
ҚКЖ-1 жұмыс көлемінің екінші кезеңі – ҚКЖ-1Б 6-ші газды кері айдау компрессоры мен басқа да ілеспе нысандарды қамтиды. ҚКЖ-1А жобасы секілді бұл жобаның да мақсаты қолданыстағы нысандардың өндірістік қуатын барынша арттыру арқылы сұйық көмірсутектердің өндірісін барынша арттыру Жобаның жұмыс көлемі де ҚКЖ-1А жобасымен бірдей, бірақ бұл жоба ҚӨК-де қосымша құрғату қуатының орнатылуын талап етеді. 2021 жылы ҚКЖ-1Б жобасының тиімділік көрсеткіштерін тексеру шаралары басталды, 2022 жылы бұл шаралар жалғасады және соңғы инвестициялық шешім қабылданады.
Коллектордың техникалық сараптамасы нәтижесінде 2020 жылдың наурыз айында ҚКЖ-1 бағдарламасынан бөліп алынған 6-шы магистралды құбыр желісі мен 3 кері айдау ұңғымасы жобасының мақсаты – кен орынындағы кері айдаудың алаңын кеңейту арқасында сұйық көмірсутектер өндірісін барынша арттыру. Жақын жатқан газ факторы төмен ұңғымалардағы қысымды ұстап тұру және қойнауқатты жақсырақ басқару үшін жобаны жүзеге асыру барысында кері айдалатын газ көлемі кен орнының оңтүстік-батыс аумағына таратылады.
2021 жылы жұмыс жобасы аяқталды. 12 дюймдік және 8 дюймдік желілік құбырлар сияқты аса маңызды, әрі ұзақ мерзімде жеткізілетін материалдар жеткізілді; басқа да жабдықтар мен материалдарды сатып алу және жеткізу жұмыстары басталды және жақсы қарқынмен орындалуда. Ерте жалпы құрылыс жұмыстары мен 12 дюймдік құбырдың желілік бөлігі үшін екі құбырлы қосылыстарды жасау аяқталды; құбыр төсеу жұмыстары 2022 жылдың екінші тоқсанында басталды.
ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ БАҒДАРЛАМАСЫ
Бүкіл әлем цифрлық технологияларға көшіп жатыр, егер біз бұл бизнестің ел мен инвесторлар үшін тартымдылығын сақтап қалғымыз келсе, КПО бұл үрдістен шетте қалмауы керек. КПО-да іске асырылған пилоттық жобалардың кейбірі бизнеске шынында ықпал ететінін көрсетіп отыр, мысалы, қызметкерлерге төнетін қауіп-қатерді азайту, жұмыс процестерінің, шығындардың тиімділігін арттыру және тағы басқа.
ҚР Үкіметі 2017 жылы енгізген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында КПО 2018–2021 жылдарға арналған цифрландыру жөніндегі жол картасын жасаған болатын. Бұл жол картасы ұйымды қауіпсіз, тиімді және икемді етуге бағытталған. Өндірісті оңтайландырудан бастап технологиялық процестердің тиімділігін арттыруға дейінгі түрлі салалардағы цифрландыру бойынша мүмкіндіктерді қамтитын он бір негізгі бағыт ұсынылды.
Мысалы, 2021 жылы Өндірісті оңтайландыру бөлімі қызметінің аясында Телеметрия І Кезең жобасы, яғни нақты уақыт режимінде ұңғымалардан мәліметтер алуға мүмкіндік беретін жоба сәтті орындалды. Бұл ұңғымалардағы қызметкерлерге төнетін қауіп-қатерді едәуір азайтуға және өндірісті оңтайландыру үшін интеграцияланған желілік модельді жақсартуға көмектеседі.
Сонымен қатар, құжаттаманы басқару бөлімі қызметін оңтайландырудың бір бөлігі ретінде, Цифрлық қолтаңба немесе қашықтан инспекция жүргізу үшін дрондарды жіберу сияқты кішігірім жобалар да жүзеге асырылды және күнделікті қолданыста өздерінің артықшылықтарын көрсетіп те үлгерді.
Штрих кодтау жүйесін енгізу арқылы қоймаларды басқару жобасы да аяқталды. Жобаның мақсаты қойманы басқару тиімділігін арттыру және сақталатын қорларды азайту.
Компаниядағы елеулі цифрлық жобалардың бірі электрондық сатып алу (e-Procurement) жобасы болып табылады. Мақсаты – процестері айқын, әрі ашық және рұқсат алу процесіне қатысушы тараптармен тікелей деректер алмасатын неғұрлым тиімді платформа құру. Бұл жоба 2022 жылы жалғасады.
Оқыту және инженерлік жобалау технологиясы бар жетілдірілген виртуалды шындық бөлмесі КПО қызметкерлеріне ақпаратты – статикалық және динамикалық деректерді, модельдерді, симуляцияларды және виртуалды ортаға ену, бірлескен жұмыс және виртуалды шындық негізіндегі шешімдерді қолдана отырып әрекет етуге мүмкіндік береді.
2020 жылдың желтоқсан айынан бастап КПО компаниясында жеті электрондық медициналық бақылау пункттері орнатылды және қазіргі таңда бұл жүйелер толығымен қызмет атқаруда.
Оған қоса KAZENERGY қауымдастығымен бірге КПО Қазақстанның ірі университеттерінің студенттері қатысқан Student Digital Fest (SDF) байқауын жыл сайын қолдап отырады. SDF-2021 байқауының соңғы кезеңі 2021 жылдың қазан айында сәтті аяқталды.
Қазіргі цифрландыру бойынша жол картасын 2022 жылы аяқтау жоспарланғандықтан, КПО жаңа жағдайлар мен сыртқы тенденциямен үйлестірілетін және бейімделетін цифрландыру мен үздіксіз жетілдірудің жаңа стратегиясын әзірлеуді жоспарлауда.
Қазіргі таңда, бұл стратегияның бастапқы кезеңі бойынша Жаңа 2022–2025 цифрландыру бойынша жол картасы цифрлық мұнай кен орны, активтер, үдерістер, ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ және қосалқы факторлар төңірегіндегі 5 санаттан тұрады. Жаңа цифрландыру жөніндегі жол картасының кейбір жобаларының жұмыстары басталып та кетті.