Есеп туралы
«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» Қазақстандық филиал (бұдан әрі – КПО) – Қазақстан Республикасының Батыс Қазақстан облысы аумағында мұнайгаз шикізатын барлауды және өндіруді жүргізетін халықаралық мұнайгаз компаниясы. «Шелл», «Эни», «Шеврон», «Лукойл» мен «ҚазМұнайГаз» ҰК құрушы компанияларының атынан КПО компаниясы әлемдегі ең ірі мұнай, газ және конденсат кен орындарының бірі болатын Қарашығынақ кен орнының операторы болып табылады.
2008 жылдан бері, 14 жыл бойы біз мүдделі тараптарымызға тұрақты даму саласындағы қызметтеріміз туралы жыл сайын есеп беріп келеміз. Бұл – тұрақты даму туралы он төртінші есеп. Қалыптасқан дәстүрге сай, бұл құжатта біз тұрақты дамудың үш негізгі бағыты бойынша өткен жылда атқарған қызметтеріміздің нәтижелерін баяндаймыз. Бұл ұстаным әлемдік ESG-тәртібіне сай келеді. Сонымен қатар, есепте мүдделі тараптардың негізгі топтарымен өзара әрекеттесу арқылы жүзеге асырылатын басқару тәсілдері, әлеуметтік серіктестік, экологиялық бастамалар мен жобалар саласындағы ұстанымдарымыз берілген.
Тұрақты даму қағидаттарына деген беріктік бізге өндірістік қызметтерді жүргізуге моральдік «лицензия» береді, себебі жер қойнауын пайдаланумен бірге қоғамның дамуына да үлес қосылады. КПО компаниясы тұрақты дамудың көпшілік мойындаған анықтамасына толық сәйкес келетін өзінің тұрақты даму кодексін сақтауға тырысып келеді. Ол келесідей: «бүгінгі күн қажеттіліктерін болашақ ұрпақтың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктеріне еш қауіп төндірмей қанағаттандыру».
КОМПАНИЯНЫҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ
Осы мақсатқа қол жеткізу жолында КПО өз қызметтерінде тұрақты даму қағидаттарын берік ұстанады және келесілерді жүзеге асыруға өз үлесін қосады:
- Компанияның шарушылық қызметімен байланысты ықтимал теріс әсерді азайту және мүмкіндіктерді барынша арттыру;
- Қарашығанақ кен орнын игеру барысында қабылданатын шешімдердің ұзақ мерзімді салдарларын ескеру;
- Мүдделі тараптарды сындарлы сұхбатқа тарту;
- Өндірісті ұйымдастырудың озық әдістерін енгізу және ашықтықты қамтамасыз ету
Есепті қолдану аясы мен шегі
КПО-ның тұрақты даму туралы есебі Компанияның Қарашығанақ мұнай, газ және конденсат кен орны мен Қарашығанақ-Орынбор тасымалдау жүйесі (ҚОТЖ), Қарашығанақ-Атырау тасымалдау жүйесі (ҚАТЖ) экспорттық құбыржол жүйелеріне қатысты барлық қызметтерді қамтиды.
Бұл тұрақты даму туралы есеп КПО компаниясының 2021 жылғы қызметтерін қамтиды. Құжатта 2021 жылғы көрсеткіштеріміз, сондай-ақ 2022 жылға жасалған жоспарларымыз берілген. Қызметіміздің тұрақтылығын көрсету мақсатында маңызды тақырыптар бойынша көрсеткіштеріміз өткен бірнеше жылдармен салыстырылып берілген. Қалыптасқан тәжірибеге және GRI стандарттарының талаптарына сәйкес біз жетістіктерімізбен бірге мәселелеріміз туралы баяндаймыз. Өзіміз айқындаған маңызды тақырыптар есептің мазмұнында және сонда көрсетілген тарауда берілген. 2021 жылғы есеп әзірлеу барысында акционер компаниялардың тұрақты даму жөніндегі қосалқы комитетінің мүшелерімен мақұлданып, КПО директорлар комитетімен бекітілген болатын.
2020 жылғы тұрақты даму туралы есеп 2021 жылғы тамыз айының соңында басып шығарылды. Барлық КПО тұрақты даму туралы есептерінің мұрағатын КПО веб парақшасында «Тұрақты даму» бөлімінен табуға болады. Сонымен қатар, біздің есеп корпоративтік жауапкершілік туралы есеп берудің әлемдегі ең үлкен электронды анықтамасы болып табылатын Corporate Register анықтамасының деректер қорында жарияланған (www.corporateregister.com).
Компания операторы ретінде КПО өз өндірістік қызметтерін Қарашығанақ жобасы акционерлері мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында жасалған Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің (бұдан әрі – ӨБТК) шарттарына сәйкес жүзеге асырады.
Филиалды акционерлер қаржыландырады, және ӨБТК-ге сәйкес қаражатты пайдалану бойынша акционерлердің бекітілген құқығын ескеріп, КПО салған немесе сатып алған барлық негізгі мүлік есептен шығарылмайды, сарқылмайды және амортизацияланбайды. ӨБТК қарыз немесе капитал бойынша капиталдандыруды қарастырмайды. Осылайша, КПО қаржылық есеп беруі сату көлемдерін және қаржылық-шаруашылық қызмет нәтижелерін қамтымайды. КПО қызметінен түскен табыс Қазақстан Республикасының Үкіметі мен акционерлер арасында бөлініп, олар, өз бетінше, қаржылық қызметтері туралы мәліметтерді, соның ішінде кіріс, таза сатылым, капиталдандыру және басқа да ақпаратты өз қаржылық есептерінде жариялайды.
Тұрақты даму саласында қолданылатын есеп беру стандарттары
Бұл есеп Компания үшін аса маңызды тақырыптар бойынша көрсеткіштерді жариялаудың «негізгі» нұсқасымен GRI 2016, 2018 стандарттары мұнайгаз қосымшасының талаптарын ескеріп дайындалды.
GRI стандарттары талап ететін ақпараттың ашықтығы мен дұрыстығын қажетті деңгейде қамтамасыз етуді жалғастыру біз үшін маңызды, себебі оларды тұрақты даму туралы есебіміз үшін ең лайықтысы ретінде қарастырамыз.
КПО тұрақты даму туралы есептерін 2008 жылдан бері жариялап келеді.
- 2008 ж. – 2012 ж. – бастапқыда шығарылған есептер GRI – G3 үшінші нұсқаулығына сәйкес әзірленген болатын.
- 2013 ж. – 2016 ж. – КПО есептері есептілік бойынша жаһандық бастаманың (GRI G4) төртінші нұсқаулығына сәйкес әзірленді. 2014 жылы КПО компаниясы GRI G4 нұсқаулығы талаптарын қолданған Қазақстандағы алғаш компаниялардың бірі болды.
- 2017 ж. – 2020 ж. есептер GRI стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленген.
Ақпараттың тәуелсіз расталуы
Осы құжатты 2022 жылы әзірлеу барысында бюджеттің тапшылығы мен уақыттың тығыздығына байланысты КПО аталмыш есепте жарияланған деректердің тәуелсіз сарапшылармен расталуына жүгінген жоқ.