КПО-ның даму туралы есебі 2021

Маңызды тақырыптар және стейкхолдерлермен өзара әрекеттесу

МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫПТАР

КПО компаниясының тұрақты даму туралы есебі стейкхолдерлермен тиімді диалог құрудың маңызды құралдарының бірі. Бұл құжаттың мақсаты – есеп беру кезеңінде Компанияға, сондай-ақ стейкхолдерлерге әсер еткен маңызды мәселелерді шешу және солармен байланысты өзгерістер туралы мүдделі тараптарға ақпарат беру.

Стейкхолдерлерімізбен орнатылған нәтижелі қарым-қатынасымызды жалғастыру және өзара тиімді шешімдер қабылдау біз үшін маңызды. Әдетте, мәселелердің шешімі өзара әрекет кезінде қабылданады.

Есепті әзірлеуде біз құрушы компаниялардың мол тәжірибесін негізге ала отырып, қаржылық емес есептілік саласындағы әлемдік деңгейде мойындалған практика талаптарын ұстанамыз.

Есепті әзірлеудегі көпжылдық тәжірибемізге сүйеніп, біз қызметіміз үшін ең өзекті және маңызды тақырыптар бойынша ақпар беру үшін жыл сайын қайта қаралатын бірқатар маңызды тақырыптарды белгілеп алдық. Биылғы есепте біз олардың даму қарқыны туралы хабарлауды жалғастырамыз.

Тұрақты даму туралы есепті дайындау кезінде Компания ішіндегі түрлі бөлімдермен, сондай-ақ одан тыс мүдделі тараптармен өзара әрекет арқылы ақпарат алмасып, деректер жиналады.

Маңызды тақырыптар шегін анықтау құралы ретінде GRI есептілік бойынша жаһандық бастама стандарттарын және олардың мұнайгаз саласындағы қосымшасын басшылыққа аламыз. Есепте берілген нәтижеліліктің аса маңызды көрсеткіштері Халықаралық мұнай-газ өндірушілер қауымдастығының (IOGP) деректерімен салыстырмалы түрде жарияланған. Қолданылатын GRI стандарттарын біз компанияның басқару саласындағы әдістерін және оның қызметтік көрсеткіштерін ескере отырып ашамыз. Сонымен қатар, қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер бағаланып, алға қойылған мақсаттар алдыңғы кезеңдердің жетістіктерімен сандық түрде салыстырылады.

Әртүрлі стандарттардың талаптарына қарамастан біз Компанияның қызметі мен тұрақты даму саласындағы маңызды тақырыптар бойынша барынша толық ақпарат беруге тырысамыз. Сондықтан есепте берілген ақпарат GRI көрсеткіштерімен шектелмейді.

Есепте талқыланатын маңызды тақырыптар жалпы КПО қызметінен және жеке өндірістік операцияларды жүргізу кезінде болатын экономикалық, экологиялық және әлеуметтік әсер ету мәселелерін қамтиды.

2021 жылдың аяғында осы есепте баяндалуы тиіс аса маңызды тақырыптарды анықтау мақсатында негізгі мүдделі тараптар арасында сауалнама жүргіздік. Аталмыш сауалнама есеп беру процесін талдауға және маңызды тақырыптар тізімінде басымдылықтарды белгілеуге көмектесті.

2021 жылы 1-суретте көрсетілген барлық тақырыптар КПО мен оның стейкхолдерлері үшін маңызды болып қала берді. Диаграммада әр тақырыптың маңыздылығы сауалнама нәтижелеріне сәйкес көрсетілген. Маңыздылық 2-ден 5-ке дейінгі рейтингте бағаланып, ең төменгі «шекті» мән 2,5 болып алынған. Мүдделі тараптардың пікірінше, аса маңызды мәселелерге келесілер жатады:

  • жеке және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету,
  • қызметкерлердің еңбегін қорғау және қауіпсіздік техникасы,
  • қызметкерлердің денсаулығын сақтау,
  • технологиялық процестердің қауіпсіздігі,
  • ТЖ-да әрекет етуге дайындық,
  • ауа сапасын қадағалау,
  • парниктік газдар мен ластағыш заттар эмиссиясы көлемін азайту,
  • су ресурстарын тиімді пайдалану.

Осы есепте сипатталатын тақырыптардың өзектілік деңгейін 1-суретте байқауға болады.

1-сурет. КПО тұрақты дамуының маңызды тақырыптары

Есеп беру кезеңінде баяндалған тақырыптар құрушы компанияларымызбен, өкілетті орган «PSA» ЖШС-мен, әртүрлі бақылаушы органдармен, мердігерлерімізбен, салалық серіктестерімізбен, қызметкерлерімізбен, кәсіподақтармен, жергілікті халықпен және БАҚ өкілдерімен көп тарапты өзара әрекеттестік барысында ұдайы қадағаланып отырады. Мүдделі тараптар өздері маңызды деп тапқан мәселелерді жергілікті тұрғындармен өткізілетін консультативтік кеңестер, форумдар, конференциялар, қоғамдық тыңдаулар сияқты түрлі жиналыстар барысында, әлеуметтік сауалнамалар мен тексерулер жүргізу кезінде, сондай-ақ Компаниямен тікелей байланысу арқылы көтереді.

Есепті дайындау барысында осы құжатта жарияланатын маңызды тақырыптар туралы қызметкерлеріміздің және басқа да мүдделі тараптардың хабардарлығын үнемі арттыруға тырысамыз. Есептердің қағаз нұсқаларында оқырмандар жыртып алып, толтыра алатын кері байланыс формасы бар. Кері байланыстың онлайн формасын веб-сайтымыздан таба аласыз.

СТЕЙКХОЛДЕРЛЕРМЕН ӨЗАРА ӘРЕКЕТТЕСТІК

Тұрақты даму саласындағы табыс бизнес пен мүдделі тараптар арасындағы диалогтың тиімділігіне байланысты. Біз мүдделі тараптарымызбен сенім негізіндегі қарым-қатынас орнаттық және олардың пікірлері біз үшін маңызды.

COVID-19 салдарына қарамастан өткен жылы Компания өзінің өндірістік жоспарлары мен кеңейту жобаларын сәтті жүзеге асырды. COVID-19 пандемиясы көптеген мүдделі тараптармен орнатылған өзара әрекеттестік процесіне әсер етуді жалғастырды, бұл ретте кіріс ақпарат пен кері байланыс динамикасының және көлемінің артуы байқалды. Жыл бойы өзара әрекеттестік көбінесе онлайн форматта өтті, сонымен қатар бетпе-бет кездесулер саны негізінен жоғары басшылық деңгейінде артты. Ал кейбір шаралар кейінге қалдырылды.

Стейкхолдерлермен өзара әрекеттестік – Компания қызметінің ажырамас бөлігі; ол заңнама шеңберінде және Компанияның ішкі процедураларына сәйкес жоспарланады, құжат жүзінде тіркеледі және іске асырылады. КПО бөлімшелері қауіп-қатерлер мен маңызды тақырыптарды талдау негізінде өз стейкхолдерлерін анықтайды және есепте олармен орнатқан өзара әрекеттестік жолында жинаған тәжірибелерімен бөліседі.

КПО қызметі ауқымды болғандықтан оның стейхолдерлерінің құрамына көптеген топтар мен ұйымдар кіреді. Біз үшін аса маңызды стейкхолдерлер топтары және 2021 жылы олармен орнатқан өзара әрекеттестік жолдары 2-суретте көрсетілген.

Тұрақты даму бойынша жарияланған есептерге қатысты кері байланысты телефон және Sustainability@kpo.kz электрондық поштасы, сондай-ақ www.kpo.kz КПО ресми веб-сайты арқылы жіберуге болады. Келіп түскен ескертулер мен ұсыныстар келесі есепті дайындаған кезде назарға алынатын болады.

2-сурет. КПО стейкхолдерлері және 2021 жылы өзара әрекеттестіктің негізгі жолдары