КПО-ның даму туралы есебі 2021

Санитарлық қорғау аймағы

Жаңа есепті санитарлық қорғау аймағы (СҚА) ҚМГКК аумағында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрекет етеді.

2018–2021 жылдар ішінде КПО қолданыстағы он сегіз ауа экологиялық мониторинг станциясының он бірін көшіруді сәтті аяқтады. Аталған станцияларды көшіру СҚА-ның өзгеруіне байланысты ауаның үздіксіз мониторингінің сәйкес көрсеткіштерін қамтамасыз ету және ҚР заңнамалық талаптарын сақтау үшін жоспарланған болатын.

«ҚМГКК есепті санитарлық қорғау аймағын ұйым­дастыру және абаттандыру» жобасы шеңберінде КПО жаңа ағаш екпелерін отырғызу және қолда бар орман екпелерін күту бойынша жұмыстарды жобалауды жүргізуде. Сондай-ақ, жергілікті халықты және қызметкерлерді ақпараттандыру үшін КПО СҚА шекарасында ақпараттық белгілерді орнатуды көздейді.

11-сурет. ҚМГКК-ның 2021 ж. аяғында СҚА көрсетілген карта-сызбасы

Тарихи-мәдени мұра объектілерін ықтимал теріс әсерден қорғау мақсатында жоба сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының шекараларында тиісті белгілер орнатуды көздейді. Осыдан бұрын, 2019 жылы КПО осы тақырып бойынша ауқымды археологиялық зерттеулер ұйымдастырды (2019 жылғы КПО тұрақты даму туралы есебінің 85-88 беттерін қараңыз).

2021 жылы осы жоба аясында Компания келесі жұмыстарды атқарды:

  • ҚМГКК және оның СҚА шегінде КПО-ның барлық орман көшеттерін заттай түгендеу орындалды;
  • аймақтар анықталды және қолданыстағы көшеттерді күту бойынша іс-шаралар ұсынылды;
  • далалық зерттеулер жүргізілді және жаңа орман көшеттерін отырғызу жобаланды;
  • СҚА шекараларын межелеу бойынша ақпараттық белгілерді орнату жобаланды;
  • тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарының шекараларында ақпараттық белгілерді орнату бойынша ұсыныстар әзірленді;
  • жобаның негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштері анықталды.

2022 жылы СҚА ұйымдастыру жобасының үшінші, қорытынды кезеңін аяқтау – «СҚА көгалдандырудың бірінші кезегі және есепті СҚА шекараларын межелеу» жұмыс құжаттамасын әзірлеу көзделіп отыр. Жобаны толықтай іске асырудың жалпы мерзімі 2023 жылдың көктемінен бастап 2028 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Бүкіл жобалау кезеңінде жасыл құрылысқа жоспарланған аймақтардың жалпы ауданы 249 га құрайды, оның 151 га бар көшеттер, ал 97,25 га – жаңа көшеттер. Жобаны іске асыру процесінде күрделі объектілерді салу көзделмейді. Жұмыстарды мердігерлік ұйым күшімен жүргізу көзделуде.

Жобаны келісу барлық мүдделі тараптармен: мемлекеттік органдармен, шаруашылық жүргізуші ұйымдармен, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен жүргізілетін болады.

12-сурет. 2023–2028 жж. кезеңіне арналған ҚМГКК СҚА ұйымдастыру мен абаттандырудың негізгі жобалық шешімдері