КПО-ның ТҰРАҚТЫ
ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ 2022
Ізгі ниетпен,
Джанкарло Рую
КПО бас директоры

Бас директордың
алғысөзі

Құрметті оқырмандар,

Сіздерге «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының Қазақстандық филиалының 2022 жылғы тұрақты даму туралы есебін зор қуанышпен ұсынамын. Бұл – есептер жарияланып бастағалы бері жарық көріп отырған біздің он бесінші есеп.

Әлемдегі макроэкономикалық және геосаяси сын-тегеуріндерге қарамастан, 2022 жылы өндірістік және өнімді өткізу бойынша мақсаттарымызға жетуде біраз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік, сондай-ақ 4-ші газды кері айдау компрессоры және күрделі жөндеу сияқты ірі де күрделі жобаларды сәтті жүзеге асырдық. Қарашығанақты кеңейту жобасы (ҚКЖ-1) айтарлықтай ілгері жылжыды. Сонымен қатар, 2023 жылдың басында Қарашығанақ газ өңдеу зауытының жобасын бағалау басталды. Бұл жоба КПО 365 стратегиясын жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.

Өкінішке қарай, 2022 жылы қауіпсіздікке қатысты қойылған көрсеткіштерге қол жеткізілген жоқ. Айта кетсек, КПО-дағы ЕҚЖЖ (еңбек ету қабілетін жоғалтуға әкелген жарақаттар) коэффициенті 2021 жылғы 0,03-тен (бір жарақат) 2022 жылы 0,22-ге (жеті жарақат) дейін артса, ал ТТЖ (тіркелуге тиіс жарақаттар) коэффициенті 2021 жылғы 0,09-дан 2022 жылы 0,40-қа дейін өсті. Әрі қарай жетіліп, көздеген нәтиже жетеміз десек, осылардан сабақ алуымыз керек. Сондықтан осындай оқиғалар қайталанбауы үшін біз олардың барлығын мұқият тексеріп, тергейміз. Оқиғадан алынған сабақтарды әрі қарай мердігерлерімізбен және басқа да мүдделі тараптармен бөлісеміз және қауіпсіздікті арттыру үшін басқа компаниялардың тәжірибесіне қарап үйренеміз.

2022 жылы Қарашығанақ кен орнының тарихындағы ең ауқымды күрделі жөндеу жұмыстарының бірін жүзеге асырдық және жөндеу жұмыстары барысында ешбір ірі оқиға болған жоқ және қоршаған ортаға зиян келтірілген жоқ. Барлық жоспарланған жұмыс көлемі орындалды. Сонымен қатар, біз өндірісті жаңғыртуды аяқтадық, сондай-ақ объектілердің қауіпсіздігі мен технологиялық жабдықтардың сенімділігін арттырдық.

2022 жылы КПО 365 бизнес стратегиясын әзірлеуді жалғастырдық. Бұл стратегия жоба экономикасын әртараптандыруды, кірістерді арттыруды және шығындар құрылымын басқаруды ғана емес, сонымен қатар ESG жаһандық күн тәртібінің ең өзекті бағыттарын, оның ішінде адамдарға қамқорлық жасау және мүдделі тараптармен өзара әрекеттесу, ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ мәселелері, «Жасыл КПО» тұжырымдамасына көшу және көміртегі бейтараптығына жету сияқты аспектілерді қамтиды. Стратегияның негізгі бағыттары туралы толығырақ ақпаратты осы есептің келесі беттерінен табуға болады.

КПО 2022 жылы газдың 99,93 %-н кәдеге жаратып, яғни газдың небәрі 0,07 %-н ғана алауда жағып, бұл көрсеткіш бойынша әлемдік деңгейге қол жеткізді. Біз қоршаған орта компоненттеріне – ауаға, жерүсті суларына, жерас­ты суларына және топыраққа, сондай-ақ атмосфераға бөлінетін шығарындылар мен сарқынды суларға толық мониторинг жүргіземіз. 2022 жылғы жеткен ерекше жетістігіміздің бірі – тазартылып, техникалық қажеттіліктерге пайдаланылатын сарқынды сулардың көлемін екі еселеу болды, осының арқасында жерүсті су көздерінен алынатын су көлемі айтарлықтай қысқартылды.

Біз «жасыл» технологияларды енгізу бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз, соның ішінде парниктік газдар шығарындыларын азайту шаралары қолға алынуда және қалдықтарды өңдеудің тиімді әдістері енгізілуде. Оған қоса, біз өзекті экологиялық мәселелерді талқылауға арналған Uralsk Green Forum атты бірегей алаң ұйымдастырдық. Аталмыш шара өткізілген бес жылда компаниямыздың мамандары, мемлекеттік органдар, эко-еріктілер мен келешек ұрпақ өкілдері – студенттер белсенді қатысып, бірге тығыз жұмыс істеп, аймақтағы экологиялық хабардарлық пен мәдениетті арттырды.

Компанияның экологиялық және энергетикалық менеджмент жүйелері үнемі ISO 14001:2015 және ISO 50001:2018 халықаралық стандарттарына сай және тиімді деп танылып келеді. КПО-ның 2022 жылдың соңына дейін қоршаған ортаны қорғау шараларына салған инвестицияларының жалпы сомасы 450 миллион АҚШ долларына жуықтады.

Персоналға келетін болсақ, Компания персоналды оқыту және дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруын жүйелі түрде жалғастырып келеді. 2022 жылы кадрлардағы жергілікті қамту үлесі кәсіптік және техникалық құрам бойынша 98 %-ға, ал басшылық құрам бойынша 86 %-ға жетті. Сонымен қатар, тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алудағы КПО-ның жергілікті қамту үлесі 56,4 %-ды (511,7 млн АҚШ долларынан астам) құрайды.

2022 жылы өндірістік қатынастарды бақылау және мердігерлермен өзара әрекеттесу бойынша үлкен жұмыс жасалды. Біз өндірістік қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі мердігерлердің жұмысының маңыздылығын түсінеміз және басшылықпен ғана емес, сонымен қатар қатардағы қызметкерлермен де ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ мәселелері, ҚР Экологиялық кодексінің талаптарын енгізу және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сақтау тақырыбында тұрақты диалог жүргіземіз.

Әлеуметтік көрсеткіштерге келетін болсақ, КПО Батыс Қазақстан облысында мектептер мен дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін салу сияқты әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруын жалғастырды. 2022 жылдың қараша айында өткен «Парыз-2022» атты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі ұлттық конкурста «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясында марапат алғанымыз біз үшін үлкен мәртебе болды. Аталмыш жүлде КПО-ға Оралдағы көпбейінді мәдениет сарайын салғаны үшін табысталды.

Аймақтағы ең ірі кәсіпорын ретінде КПО өз қызметінің түрлі мүдделі тараптарға ықпал ететінін түсінеді және бұл өз кезегінде бізге бизнесті қалай жүргізу керектігі тұрғысынан айрықша жауапкершілік жүктейді. Мүдделі тараптармен қарым-қатынасты сенім мен ашықтыққа сүйеніп жүргізу тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізудің негізі болып табылады. Осы жолда бізді алға жетелейтін қозғаушы күштер болып, көшбасшылық, инновациялар мен ынтымақтастық қала береді.

КПО компаниясының тұрақты дамуының негізгі бағыттарын шолуға қош келдіңіз! Қандай да бір сұрақтарыңыз не жеткізгіңіз келетін ойларыңыз болса, бізбен бөлісуіңізді сұрамыз. Себебі сіздің есеп туралы пікірлеріңіз болашақтағы есептеріміздің сапасын жақсартуға септігін тигізеді.