КПО-ның ТҰРАҚТЫ
ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ 2022

Есеп туралы

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының Қазақстандық филиалы (бұдан әрі – КПО) – Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысы аумағында мұнай және газ шикізатын барлаумен және өндірумен айналысатын халықаралық мұнай және газ компаниясы. КПО компаниясы «Шелл», «Эни», «Шеврон», «Лукойл» мен «ҚазМұнайГаз» ҰК акционер компаниялары мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында жасалған өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің (бұдан әрі – ӨБТК) негізінде осы компаниялар атынан әрекет ететін Қарашығанақ мұнай, газ және конденсат кен орнының операторы болып табылады.

КПО 2008 жылдан бері, яғни 15 жыл бойына тұрақты даму саласындағы қызметтер туралы жыл сайын есеп беріп келеді. 2009 жылы компания Тұрақты даму кодексін қабылдап, оған сәйкес жыл сайын тұрақты даму саласында «сыртқы мүдделі тараптарға жасалған жұмыс туралы толық және расталған ақпарат көрсетілген есеп беруге» міндеттенеді. КПО тұрақты даму кодексінің ережелері тұрақты дамудың көпшілік мойындаған анықтамасына сәйкес келеді – «бүгінгі күн қажеттіліктерін болашақ ұрпақтың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктеріне еш қауіп төндірмей өтеу».

Бұл – он бесінші есеп және есепте қамтылған жыл 1997 жылдың соңында ӨБТК қол қойылғанына 25 жыл толуымен сәйкес келіп отыр. Бұл құжатта біз тұрақты дамудың үш негізгі бағыты, яғни әлеуметтік, экологиялық және экономикалық бағыттар бойынша есепті кезеңде атқарған қызметтеріміздің нәтижелерін баяндаймыз. Есепте сондай-ақ өндірістік көрсеткіштер мен дамыту жоспарлары, басқару және энергетикалық бетбұрыс саласындағы тәсілдеріміз, сонымен қатар мүдделі тараптар топтарымен өзара әрекеттесу арқылы жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар, экологиялық бастамалар мен экономикалық серіктестіктер берілген.

Болашақ бүгіннен бастау алады және де осыдан 25 жыл бұрын іргесін қалаған ісіміздің нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Тұрақты даму қағидаттарын сақтау Қарашығанақты одан әрі игеруде біздің моральдық «лицензиямыз» болды және солай бола береді, өйткені жер қойнауын пайдаланумен қоса, біз қоғамның дамуына үлес қосуға ерекше назар аударамыз.

Есепті қолдану аясы мен шегі

КПО-ның тұрақты даму туралы есебі Қарашығанақ мұнай, газ және конденсат кен орнына бөлінген жер телімі мен Қарашығанақ-Орынбор тасымалдау жүйесі (ҚОТЖ) және Қарашығанақ-Атырау тасымалдау жүйесі (ҚАТЖ) экспорттық құбыржол жүйелері шегіндегі барлық қызметтерді қамтиды.

Бұл басылымда КПО-ның 2022 жылғы жұмысы пайымдалады. Құжатта 2022 жылғы көрсеткіштеріміз, сондай-ақ 2023 жылға жасалған жоспарларымыз берілген. Қызметіміздің тұрақтылығын көрсету мақсатында маңызды тақырыптар бойынша көрсеткіштеріміз өткен бірнеше жылмен салыстырылып берілген. Қалыптасқан тәжірибеге және GRI стандарттарының талаптарына сәйкес біз жетістіктерімізбен бірге мәселелеріміз туралы айтуға тырысамыз. Мазмұнда өз көзқарасымыз бойынша ең маңызды тақырыптарды белгіледік, олар аттас тарауларда егжей-тегжейлі сипатталады.

2021 жылғы тұрақты даму туралы есебі 2021 жылғы маусым айының соңында басып шығарылды. Барлық бұрынғы КПО тұрақты даму туралы есептерін КПО веб парақшасындағы «Тұрақты даму» бөлімінен табуға болады. Сонымен қатар, біздің есеп корпоративтік жауапкершілік туралы есеп берудің әлемдегі ең үлкен электронды анықтамасы болып табылатын Corporate Register анықтамасының деректер қорында жарияланған
(www.corporateregister.com).

Тұрақты даму саласында қолданылатын есеп беру стандарттары

Бұл есеп 2021 жылғы GRI стандарттарының талаптарына сәйкес және 2021 жылғы мұнай-газ секторы үшін GRI стандарттары талаптарын ескеріп дайындалды. Есепте компания үшін аса маңызды тақырыптар бойынша көрсеткіштер жарияланған. Сонымен қатар, біз GRI стандарттарының талаптарына сәйкес келетін ESG күн тәртібін зерттедік.

GRI стандарттары талап ететін ақпараттың ашықтығы мен дұрыстығын қажетті деңгейде қамтамасыз етуді жалғастыру біз үшін маңызды, себебі оларды тұрақты даму туралы есебіміз үшін ең лайықтысы ретінде қарастырамыз.

КПО тұрақты даму туралы есептерін 2008 жылдан бері жариялап келеді.

  • 2008 ж. – 2012 ж. – бастапқыда шығарылған есептер GRI – G3 үшінші нұсқаулығына сәйкес әзірленген болатын.
  • 2013 ж. – 2016 ж. – КПО есептері есептілік бойынша жаһандық бастаманың (GRI G4) төртінші нұсқаулығына сәйкес әзірленді. 2014 жылы КПО компаниясы GRI G4 нұсқаулығы талаптарын қолданған Қазақстандағы алғаш компаниялардың бірі болды.
  • 2017 ж. – 2022 ж. есептер GRI стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленген.

Ақпараттың тәуелсіз расталуы 

Компания Тұрақты даму туралы есебін растау тәжірибесін 2009 жылы бастады. Содан бері КПО-ның он үш есебі аудиторлық компаниялармен жарияланған ақпараттың растығына тексерілген. Біз тәуелсіз растау тәжірибесі қаржылық емес есептеріміздің ашықтық пен шынайылықтың жоғары деңгейін ұстап тұруға көмектесетініне сенеміз.

Осы құжатты 2023 жылы әзірлеу барысында тәуелсіз растау келісімшартын жасасудың ұзақ процесіне байланысты КПО есепте жарияланған деректердің тәуелсіз сарапшылармен расталуына жүгінген жоқ. Біз тәуелсіз растау тәжірибесін 2024 жылы қайта бастауды жоспарлап отырмыз.

Есеп мазмұнын компания ішінде келісуге келетін болсақ, Тұрақты даму туралы есеп Компанияның директорлар комитетімен бекітіліп, дайындық барысында оператор компаниялар тарапынан тұрақты даму мәселелері бойынша қосалқы комитет мүшелерімен мақұлданады.

2023 жылдың ақпан айында «Шелл» компаниясы тұрақты даму мәселелері бойынша қосалқы комитет мүшелеріне, сонымен қатар КПО компаниясының тұрақты даму туралы есебін әзірлеуге қатысатын жұмыскерлер мен басқа да бірлескен кәсіпорындарға арнап «Бизнесті тұрақты дамыту мен ESG негіздері» атты бірлескен тренинг ұйымдастырды.

Одан басқа, КПО ТД бойынша есептілік секторы жұмыскерлері жыл сайын сертификатталған GRI тренингінен өтеді, ал биыл Қазақстанда алғаш өткізілген екі айлық «ESG есептілігі: толық курсын» аяқтады. Қараша айында тобымыздың мүшелері UNDP ұйымы Атырау қаласында өткізген адам құқықтарына арналған оффлайн семинарға қатысты. Осындай шаралар мен тренингтерге белсені қатысу қатардан қалмай, Тұрақты даму есебінің жоғары сапасын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

КПО-ның тұрақты даму туралы есеп берудегі тәсілдерінің дұрыстығы «Эксперт Казахстан» агенттігінің жыл сайынғы байқауларында және ұлттық рейтингтерінде бірнеше мәрте танылуымен расталды. 2018 жылы КПО «Азия елдері арасындағы тұрақты даму саласында есеп беру бойынша марапаттау 2018» сайысында «Үздік экологиялық есеп» және «Лайықты еңбек шарттарын қамтамасыз ету бойынша үздік есеп» номинациялары бойынша финалға шықты. 2019 жылдан бастап КПО PwC Kazakhstan рейтингінде ESG-ақпаратты жариялау деңгейі бойынша қаржылық емес компаниялар арасында үздік ондықта келеді. Сонымен қатар 2017 жылдан бастап есепте қоршаған ортаны қорғау туралы ақпаратты жария етудің арқасында КПО Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) өткізілетін Қазақстан мұнай-газ компанияларының экологиялық ақпаратының ашықтығы рейтингінде көш бастаған үштіктің қатарында келеді.

Іскерлік серіктестіктер және қауымдастықтарда мүшелік ету

Біз «KAZENERGY» қауымдастығы, «Тұрақты дамуға арналған табиғатты пайдаланушылардың қазақстандық ассоциациясы» және «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталығы» сияқты қазақстандық қауымдастықтарға мүшелігімізді стратегиялық маңызды деп бағалаймыз. Қауымдастықтарда мүшелік ету арқасында КПО-ның мұнай және газ саласындағы басқа кәсіпорындармен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жұмыс топтары мен комитеттерге қатысу арқылы компания мүдделерін ілгерілетуге мүмкіндігі бар.

Мысалы, 2022 жылдың қазан айында «KAZENERGY» қауымдастығымен бірлесе отыра КПО «Student Digital Fest» байқауына және С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жанындағы «Энергетика саласындағы әйелдер көшбасшылығы» білім беру бағдарламасының ашылу салтанатына қатысты. Оған қоса, 2015 жылдан бастап КПО Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «PSA» ЖШС, «НКОК Н.В.», «КПО Б.В.» және «KAZENERGY» қауымдастығы арасында 2015 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында білім беру гранттарына жыл сайын 500 мың АҚШ долларын бөліп отырады.

ҚР отандық мұнай-газ машина жасау саласын дамыту бойынша 2019–2025 жылдарға арналған шаралар аясында 2020 жылы Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық (IMBC) құрылды. Оның қызметінің негізгі бағыты Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларында отандық машина жасау кәсіпорындарының өнімдерін сатып алуды ұлғайту болып табылады. Аталмыш орталық қызметін үш Оператор – КПО, ТШО және НКОК атынан жүргізеді және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, Энергетика министрлігімен, «PSA» ЖШС өкілетті органымен, сондай-ақ отандық мұнай-газ машина жасауды дамытуға қатысатын энергетикалық және машина жасау қауымдастықтарымен тығыз әрекеттеседі. КПО мен IMBC-дің ортақ жұмысы туралы толығырақ «Жергілікті қамтуды дамыту» тарауынан біле аласыз.