Маңызды тақырыптар және стейкхолдерлермен өзара әрекеттестік
Тұрақты даму саласындағы табыс бизнес пен мүдделі тараптар арасындағы диалогтың тиімділігіне байланысты. Біз стейкхолдерлерімізбен тығыз байланыстымыз және олардың пікірлері біз үшін маңызды. Тұрақты даму туралы есеп мүдделі тараптарды қызметіміз туралы хабардар етудің негізгі құралы болып табылады. Есепте сонымен қатар негізгі мәселелерді қалай шешкеніміз туралы, есеп берілетін кезеңде компанияға да, стейкхолдерлерге де қандай да бір жолмен әсер етуі мүмкін осыған байланысты өзгерістер туралы баяндаймыз. Оған қоса, Есепте КПО компаниясының бүкіл өңірдің дамуына ықпалын талдауға мүмкіндік беретін көрсеткіштердің үлкен көлемі ұсынылған. Есепті әзірлеуде біз құрушы компаниялардың мол тәжірибесін негізге аламыз және қаржылық емес есептілік саласындағы әлемдік деңгейде мойындалған практика талаптарын ұстанамыз.
Стейкхолдерлерімізбен орнатылған нәтижелі қарым-қатынасымызды жалғастыру және өзара тиімді шешімдер қабылдау біз үшін маңызды. Әдетте, шешімдер өзара әрекет кезінде қабылданады. Стейкхолдерлермен өзара әрекеттестік – Компания қызметінің ажырамас бөлігі: ол заңнама шеңберінде және Компанияның ішкі процедураларына сәйкес жоспарланады, құжат жүзінде тіркеледі және іске асырылады. КПО бөлімшелері өз мүдделі тараптарын қауіп-қатерлер мен маңызды тақырыптарды талдау негізінде анықтайды және осы Есепте олармен өзара әрекеттесу бойынша тәжірибелерімен бөліседі. КПО қызметі ауқымды болғандықтан оның стейкхолдерлерінің құрамына көптеген топтар мен ұйымдар кіреді. 1-суретте стейкхолдерлердің біз үшін аса маңызды топтарын атап шықтық және 2022 жылы олармен өзара әрекеттестікті қандай жолмен жүзеге асырғанымызды көрсеттік.
Тұрақты даму туралы есепті дайындау кезінде Компания ішіндегі түрлі бөлімдермен, сондай-ақ одан тыс мүдделі тараптармен өзара әрекет арқылы ақпарат алмасып, деректер жиналады. Есепті әзірлеудегі көпжылдық тәжірибемізге сүйеніп, біз қызметіміз үшін ең өзекті және маңызды тақырыптар бойынша мәлімет беру үшін жыл сайын қайта қаралатын бірқатар маңызды тақырыптарды белгілеп алдық. Есептің осы шығарылымында біз олардың даму қарқыны туралы хабарлауды жалғастырамыз.
Маңызды тақырыптар шегін анықтау құралы ретінде GRI Есептілік бойынша жаһандық бастама стандарттарын және олардың мұнайгаз саласына арналған қосымшасын басшылыққа аламыз. Есепте берілген нәтижеліліктің аса маңызды көрсеткіштерін Халықаралық мұнай-газ өндірушілер қауымдастығының (IOGP) деректерімен салыстырмалы түрде көрсетеміз. Қолданылатын GRI стандарттарын біз менеджмент саласындағы әдістерді және Компания қызметінің негізгі көрсеткіштерін ескере отырып ашамыз. Сонымен қатар, қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер бағаланады, алға қойылған мақсаттар өткен кезеңдердің жетістіктерімен сандық түрде салыстырылады.
Әртүрлі стандарттардың талаптарына қарамастан біз Компанияның қызметі мен тұрақты даму саласындағы маңызды тақырыптар бойынша барынша толық ақпарат беруге тырысамыз. Сондықтан Есепте берілген ақпарат GRI көрсеткіштерімен ғана шектеліп қоймайды.
Есепте талқыланатын маңызды тақырыптар жалпы КПО қызметінен және жеке өндірістік операцияларды жүргізу кезінде болатын экономикалық, экологиялық және әлеуметтік әсер ету мәселелерін қамтиды.
Есеп беру кезеңінде баяндалған тақырыптар бас компанияларымызбен, өкілетті орган «PSA» ЖШС-мен, әртүрлі бақылаушы органдармен, мердігерлерімізбен, салалық серіктестерімізбен, жұмыскерлерімізбен, кәсіподақтармен, жергілікті халықпен және БАҚ өкілдерімен көп тарапты өзара әрекеттестік барысында ұдайы қадағаланып отырады. Мүдделі тараптар жергілікті тұрғындармен өткізілетін консультативтік кеңестерде, форумдарда, конференцияларда, қоғамдық тыңдаулар сияқты түрлі жиналыстар барысында, әлеуметтік сауалнамалар мен тексерулер жүргізу кезінде, сондай-ақ Компаниямен тікелей байланысу арқылы өздерін толғандыратын мәселелерді көтереді. (1-Суретті қараңыз)
1-сурет. КПО стейкхолдерлері және олармен 2022 жылғы өзара әрекеттестіктің негізгі жолдары
2-сурет. КПО тұрақты дамуының маңызды тақырыптары
2022 жылдың аяғында осы есепте көрсетілетін аса маңызды тақырыптарды анықтау мақсатында негізгі стейкхолдерлеріміздің арасында сауалнама жүргіздік. Сауалнама жіберілген тараптардың 83 пайызы жауап берді. Аталмыш сауалнама есеп беру процесін талдап зерделеуге және маңызды тақырыптар тізімінде басым бағыттарды белгілеуге көмектесті.
2-суретте көрсетілген барлық тақырыптар 2022 жылы да КПО мен оның стейкхолдерлері үшін маңызды болып қала берді. Тақырыптар маңыздылығына қарай диаграмманың ортасынан сыртқы шетіне дейін қойылған 0-ден 4-ке дейінге диапазонда көрсетілген. Ең маңызды тақырыптар шекті мәні үшке тең қызыл аймақтың сыртында орналасқан. Олардың қатарына мыналар жатады:
1-кесте. 2021–2022 жылдары мүдделі тараптарға жүргізілген сауалнама нәтижесінде неғұрлым маңызды деп танылған тақырыптарды салыстыру.
2021 |
2022 |
|
|
Сауалнама нәтижелері негізінде және есеп беру тобының 2021 жылы жаңартылған GRI стандарттары бойынша сертификат берілетін оқуда алған біліміне сүйеніп, біз маңызды тақырыптардың тізіміне тағы да талдау жүргіздік. 2021 жылмен салыстырғанда маңызды тақырыптар саны 35-тен 32-ге дейін азайды. Оның ішінде біз маңызды деп бөліп қойған екі тақырып – корпоративтік басқару және ISO 14001, 45001, 50001, 9001 бойынша сертификаттау GRI-ға сәйкес ұйымның қызметіне қатысты ортақ көрсеткіштермен қатар жариялауға міндетті тақырыптар болып табылады және олар келесі есептерде әдепкі түрде баяндалатын болады. Ал енді бір тақырып – COVID-19 тақырыбы компания қызметіне елеулі әсер етуін тоқтатты.
Осы есепте баяндалатын қандай да бір тақырыптардың өзектілік деңгейін 2-суретте байқауға болады.
2022 жылдың соңында есепте көрсетілетін ақпараттың өзектілігін бағалау үшін біз компания ішінде қызметкерлеріміздің арасында сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға компания персоналының 7 пайызы қатысты. Сауалнама қорытындысы бойынша ең көп оқылатын алты бөлімді анықтап алдық.
Бұл сауалнаманың қорытындысы еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, апатсыз өндіріс, персоналды дамыту сияқты тақырыптардың маңыздылығын растайды. Осы тұста ескере кететін бір жайт – сыртқы стейкхолдерлерге өткізілген сауалнама қорытындыларымен салыстырғанда, КПО персоналы үшін қоршаған ортаны қорғауға қатысты тақырыптар әлі де маңызды.
Есепті дайындау барысында негізгі мақсатымыз осы Есепте жарияланатын маңызды тақырыптар туралы қоғамның хабардарлығын үнемі арттырып отыру деп білеміз. Есептердің қағаз нұсқаларында оқырмандар жыртып алып, толтыра алатын кері байланыс формасы бар. Кері байланыстың онлайн формасын веб-сайтымыздан таба аласыз. Есеп туралы ойыңызды кез келген уақытта өзіңізге ыңғайлы формада Sustainability@kpo.kz электронды поштасына жолдай аласыз. Келіп түскен ескертулер мен ұсыныстар келесі есепті дайындаған кезде назарға алынатын болады.