КПО-ның ТҰРАҚТЫ
ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ 2022
ЭФИР– ең нәзік және қабылдауға қиын элемент. Корпоративтік басқару заңдары күрделі және көп қырлы, бірақ олар барлық процестердің негізі болып табылады және жүйе мен тәртіптің болуын қамтамасыз етеді.
Оқыңыз
Iскерлік қағида:
БИЗНЕСТІҢ АЙҚЫНДЫҒЫ

Біз қызметіміздің барлық аспектілерінде адалдық, мүлтіксіздік және әділдік қағидаттарын ұстанамыз, сонымен қатар бізбен бизнесті жүргізіп жатқан барлық тараптардан біздің қарым-қатынасымызда да осы жолды ұстануды күтеміз.

Біз кез-келген түрде тікелей немесе жанама әдіспен пара ұсыну, беру, бопсалау немесе алу амалдарын мүлде құптамаймыз және ондай қылықтарға үзілді-кесілді қарсымыз.

Біз КПО қызметкерлерімізден өздерінің жеке шаруалары мен КПО компаниясындағы кәсіби қызметтері арасындағы мүдделер қақтығысынан аулақ болуды талап етеміз. Қызметкерлер кез-келген мүдделер қақтығысының ықтимал немесе іс жүзіндегі жағдайлары туралы КПО компанисына мәлімдеу тиіс.

Iскерлік қағида:
СӘЙКЕСТІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Біз өз қызметімізді жүзеге асыратын елдердің қолданыстағы барлық тиісті заңдар мен ережелерді сақтауға міндеттенеміз.
2022 г.
Бұл біз үшін неге маңызды?

Сауатты құрылған басқару жүйесі – кәсіпорынның табысты дамуының кепілі. КПО компаниясында қауіп-қатерлерді басқаруды, ішкі бақылауды және нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз етуді қамтитын кешенді және үйлесімді басқару жүйесі жолға қойылған. Кешенді басқару тәсілі жоғары басшылық бекіткен стратегияларды, алға қойған міндеттер мен нұсқауларды жүйелі және тиімді жүзеге асыруды бақылау тетіктерін енгізуге және ақылға салынған шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Ұйым құрылымы және басқару тәсілдері

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» Қазақстандық филиалы 1997 жылы Қарашығанақ мұнай және газ конденсаты кен орнын (бұдан әрі – Қарашығанақ кен орны немесе ҚМГКК) пайдалануды Өнімді бөлісу туралы түпкілікті келісімге (әрі қарай – ӨБТК) сәйкес жүзеге асыруға арналған бірлескен кәсіпорын ретінде құрылды.

КПО өз қызметінде бес халықаралық мұнай-газ компанияларының (бұдан әрі – «мердігер компаниялар» немесе «бас компаниялар») озық тәжірибелерін жинақтап отыр, атап айтқанда:

«Аджип Қарашығанақ Б.В.», «Шелл Қазақстан», «Шеврон Интернэшнл Петролеум Компани», «Лукойл Оверсиз Карачаганак Б.В.» және «КМГ Карачаганак» ЖШС.

Ұйым құрылымы

КПО компаниясының ұйымдық құрылымы сыртқы экономикалық жағдайларға тұрақты бейімделуді ескере отырып, Қазақстан Республикасы (ҚР атынан «PSA» ЖШС Өкілетті органы өкілдік етеді) және Бас компаниялар алға қойған бизнес-міндеттерге қол жеткізу және талаптарды орындау мақсатында әзірленді. ӨБТК-де белгіленген мұнай-газ операцияларын жүзеге асыру мақсатында «Аджип Қарашығанақ Б.В.» және «Би Джи Карачаганак Лимитед» (сәйкесінше, «ЭНИ С.п.А.» және «Шелл» компанияларының филиалдары; «Шелл» концерні «БиДжи Груптың» 100 %-ын ресми түрде сатып алды) компаниялары бірлесіп оператор болатын модель қабылданды.

КПО компаниясының екі жоғарғы басқарушы органдары – бұл ӨБТК-ге сәйкес бес мердігер компанияның әрқайсысының және өкілетті органның өкілдерінен тұратын Басқару жөніндегі бірлескен комитет (ББК) пен Өнімді өткізу жөніндегі бірлескен комитет (ӨБК). ӨБТК шарттары бойынша ББК төрағасы қашан да өкілетті органның өкілі болады, ал хатшысы бас оператор компаниялардың басшылық буынының өкілдері болады.

Жоғарыда айтылғанға қоса, Бірлескен қызмет туралы келісім (құрушы компаниялардың арасындағы) және Біріккен басқару туралы келісім («ЭНИ» мен «Шелл» операторлары арасындағы) шарттарын мердігер компания мен оператор деңгейінде орындау үшін ұйымда тиісті мәселелермен айналысатын қосалқы комитеттер жүйесі енгізілген. Толық басқару құрылымы 6-суретте график түрінде көрсетілген.

Бас компаниялардың өкілдерін басқару құрылымының барлық буындарында мүшелікке қатысушылар ретінде тағайындау, іріктеу және олардың қызметін бағалау бас компаниялардың өздерінің және ҚР өкілетті органның ішкі нормативтік ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Есеп беруге тиіс ұйым болғандықтан, бұл мәліметтер КПО-ға берілмейді. Осы мәселелер бойынша есеп құрушы компаниялардың өз тұрақты даму есептерінде жеке беріледі.

КПО комитеттерге, қосалқы комитеттерге және Оператордың, бас компаниялардың, жобада Қазақстан Республикасының атынан «PSA» ЖШС өкілдік ететін Өкілетті органның және Қазақстан Республикасының басқа да уәкілетті органдарының өкілдеріне әртүрлі есептерді береді. ББК мүшелері жоғарыда аталған ресми комитеттермен ақпарат алмасу негізінде КПО компаниясының тұрақты дамуын сүйемелдеу мақсатында мүдделі тараптармен өзара байланысты бақылап, басқарады.

Басқару жөніндегі бірлескен комитет тұрақты даму мәселелері жөніндегі жоғарғы орган болып табылады.

Кіріспе Басқару 6-сурет Қарашығанақ жобасын басқарудың жоғарғы буындары (31.12.2022 күнгі деректерге сәйкес)

Басқару бойынша бірлескен комитет

Басқару жөніндегі бірлескен комитет мұнай-газ операцияларын, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды ортақ басқаруға жауапты; ол жұмыстардың ӨТБК мен Реттеу туралы келісімге сәйкес орындалуын қамтамасыз етеді. ББК жылдық Жұмыс бағдарламасы мен бюджетті, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды, сонымен қатар Кен орнын игеру жоспарына енгізілетін кез-келген толықтыруларды қарауға және бекітуге өкілетті. ББК жиналыстары әдетте жылына үш рет өткізіледі. 2022 жылы жиналыстар наурыз, шілде және қараша айларында өтті. ББК төрағасы болып Өкілетті органның өкілі қойылады. Батыс Қазақстан облысының әкімі ББК-ге дауыс беру құқығы жоқ өңір өкілі ретінде қатысады. КПО жиналыстарға шақырылған қонақ ретінде қатысады, оның бұл комитетте өкілі жоқ.

ББК мүшелерінің жұмыс ақысын олардың компаниялары төлейді; үміткерлерді барлық қатысушы ұйымдардың жоғарғы басшылығы әрқайсысы өз жеке тәжірибесі мен тиісті компанияның саясатына сүйене отырып таңдайды.

ББК қосалқы комитеттері

ББК бірнеше қосалқы комитет құрды: Сатып алу (СБК) жөніндегі бірлескен комитет және Жергілікті қамту (ЖҚ) жөніндегі қосалқы комитет.

СБК КПО жасайтын негізгі келісімдерді бекітуге немесе мақұлдауға жауап береді және өз қызметі барысында СБК ББК бекіткен тендер процедураларын басшылыққа алады. СБК-де мүшелік ету мен дауыс беру құқығы ББК-ге ұқсас және бұл комитетте шешімдер бірауыздан қабылдану керек.

ЖҚ жөніндегі қосалқы комитет құрамына КПО мен Өкілетті органның өкілдері кіреді. ЖҚ жөніндегі қосалқы комитет ББК-ге жергілікті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу, жергілікті кадрлардың санын көбейту, қазақстандық қызметкерлерді оқыту және дамыту мәселелері бойынша қолдау көрсетеді. Сонымен қатар ЖҚ жөніндегі қосалқы комитет Қазақстан Республикасы, өкілетті орган немесе мердігер компаниялар ұсынатын жергілікті қамту мәселелеріне қатысты жоспарлар мен бағдарламаларды талқылау мен талдауға қатысады.

Өнімді өткізу жөніндегі бірлескен комитет

ӨБК көмірсутекті және көмірсутекті емес өнімдерді ӨБТК аясында сатумен байланысты барлық қызметтерге жауапты. Аталмыш комитет мұнай өнімдерін тасымалдау, қайта өңдеу, айырбастау және сатуға қатысты ұсыныстарды бекітеді. Шешімдер барынша көп таза түсім алу мақсатында қабылданады. ӨБК төрағасы Мердігер компаниялардың бірінің өкілі болады. КПО маркетинг директорының ӨБК отырыстарына дауыс беру құқығынсыз қатысуға құқығы бар.

Мердігер комитеті және Оператор комитеті

Бірлескен қызмет туралы келісім шарттарына сәйкес, Қарашығанақ жобасының бірлескен кәсіпорнын басқару екі деңгейлі басқару және шешім қабылдау жүйесі арқылы іске асырылады. Бастапқы басқарушы орган – ББК отырыстарында талқыға салынатын барлық мәселелер бойынша Мердігер компаниялардың ұстанымын тұжырымдауға жауапты Мердігер комитеті. Келесі басқарушы орган – Оператор комитеті кәсіпорынның қызметін бақылайды және ӨБТК шарттарының орындалуын қамтамасыз етеді.

Тұрақты даму стратегиясын құрастыратын жоғарғы басқарушы орган Мердігер комитеті болып табылады.

Стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу бойынша осындай жұмыстарға КПО өкілдері бастама береді және Оператор комитетінің жиналыстарында талқыға салады, сонымен қатар аталмыш жұмыстар Оператор комитеті деңгейінде талқыланады. Мердігер комитеті барлық бас компаниялар тарапынан өткізілетін жыл сайынғы ішкі аудит аясында процестердің ұйымдастырылуы мен іске асырылуының тиімділігін қадағалайды.

Мердігер және Оператор комитеттерінің қосалқы комитеттері

Мердігер мен Оператор деңгейіндегі әртүрлі қосалқы комитеттер арнайы салаларда нақты өндірістік және корпоративтік мәселелер бойынша өздерінің кәсіби ұсынымдары мен құнды нұсқауларын береді. Әрбір қосалқы комитеттің тиісті Ережелерде көрсетілген өз мақсаттары мен міндеттері бар.

Тұрақты дамуға қатысты мәселелер, соның ішінде оның әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілері Операторлар комитеті жанындағы Тұрақты даму жөніндегі қосалқы комитеттің құзіретіне жатады.

Оның жұмысына Оператор өкілдері де, КПО да қатысады. Тұрақты даму жөніндегі қосалқы комитеттің негізгі мақсаты – КПО орындайтын операциялардың тікелей әсер ету аймағында орналасқан елді мекендердің тұрғындарына кен орнының әсеріне қатысты нақты мәселелер мен сұрақтар бойынша түсініктеме және кеңес беру.

Сонымен қатар Тұрақты даму жөніндегі қосалқы комитет бұрынғы Березовка және Бестау ауылдарының тұрғындарының көшірілгеннен кейінгі өмір сүру жағдайларына мониторинг жасауға қатысты мәселелерді қарастырады, сондай-ақ Бөрлі ауданының, оның ішінде Қарашығанақ кен орнына жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарымен өзара әрекеттестік, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс, тұрақты даму бойынша есептілікке қатысты мәселелермен айналысады. 

Қауіп-қатерлерді басқару

Мұнай-газ операциялары адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және өндірістік активтерге тиюі мүмкін әсерді ескере отырып, мұқият ұйымдастырылуы және жүргізілуі қажет. Міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайтын жер қойнауын пайдаланушы ретінде КПО компаниясы кәсіпорын жұмысының барлық аспектілерін қамтитын бизнеске қатысты қауіп-қатерлерді басқаруға ерекше назар аударады. Оларға басқа да қауіп-қатерлермен қатар келесілер кіреді:

  1. көміртексіздендіру үдерісінің бизнеске ықпал етуі;
  2. жол-көлік оқиғалары (көлікті басқара алмай қалу);
  3. өндіріс тұтастығының бұзылуы;
  4. шығындарды өтей алмай қалу;
  5. қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттың уақытша тоқтатылуы және кейін ықтимал қайтарылып алынуы;
  6. Бас компаниялардың нақты ұзақ мерзімді стратегиясының жоқтығы;
  7. күрделі кибершабуылдарға ұшыраумен байланысты қауіп-қатер;
  8. ОГӨЗ-де газдың қабылдануына тәуелділіктің төмендетумен қатар табысты тұрақтандыру әрі әртараптандыру;
  9. саяси және әлеуметтік тұрақтылықтың жоғалу қаупі;
  10. тәртіп кодексінің, этикалық стандарттардың, нормативтік-құқықтық сәйкестікке қатысты саясаттар мен процедуралардың елеулі бұзылуынан туындайтын қауіп-қатерлер;
  11. КПО мақсаттарына жету үшін қажетті кадрлар мен ресурстардың жоқтығы / олардан айырылу;
  12. әлемдегі геосаяси және экономикалық факторлар / санкциялар мен қарсы санкциялар;

Жоғарыда көрсетілген қауіп-қатерлердің жағымсыз әсерін төмендету үшін КПО жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізіп, үздіксіз бағалау өткізеді. Бұл жердегі мақсат – оңтайлы бизнес-стратегияны әзірлеу және өзгерістерді басқару.

Қауіп-қатерлерді басқару процесінің тиімділігін тиісті түрде тексеру үшін есеп берудің келесі кезеңдері орындалады:

  • Жылына екі рет: Қауіп-қатерлер жөніндегі комитеттің отырыстарында қауіп-қатерлер туралы жиынтық есеп талқыланады, келісіледі және Мердігер комитетіне жіберіледі.
  • Ұдайы: анықталған қауіп-қатерлерді жеңілдетуге арналған алдын алу шараларының уақтылы және тиімді орындалуын қамтамасыз ету және қауіп-қатерлерді кешенді басқару жөніндегі жетекші маманды уақтылы хабардар ету мақсатында қауіп-қатерлердің өршуі туралы ақпарат қауіп-қатердің иелері деңгейінде тұрақты түрде қайта қаралып, жаңартылып отырады.

Маңызды әлеуметтік, экологиялық және экономикалық тақырыптар бойынша негізгі қауіп-қатерлерді жеңілдету шаралары есептің тиісті тарауларында толығырақ сипатталған.

2019 жылы КПО қауіп-қатерлерді біріктіріп басқару моделін құрастыруды бастады. Бұл модель 2021 жылдан бастап бизнеске және технологиялық қауіпсіздікке қатысты қауіп-қатерлерді сапалы бағалауға және тиімді басқаруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге технологиялық үдерістің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Тосқауылдар моделі» атты қауіп-қатерлерді басқару жүйесі жасалды.

Бизнеске және технологиялық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерді басқару: Бұл процестің анықтаулары мен сипаты және Компания бойынша тиісті қызметтер мен міндеттер Қауіп-қатерлерді біріктіріп басқару процедурасы мен ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саласындағы қауіп-қатерлерді басқару жүйесінде көрсетілген. Корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі басқарма бизнес пен қауіпсіздікке қатысты қауіп-қатерлерді қамтитын қауіп-қатерлерді біріктіріп басқару жүйесін енгізуге, қолдауға, бақылауға және үнемі жетілдіруге жауап береді. Бизнеске төнуі мүмкін қауіп-қатерлер саласында бұл процесс қауіп-қатерлерді біріктіріп басқару процедурасымен реттеледі, қауіп-қатерлер Корпоративтік қауіп-қатерлердің тізіліміне енгізіледі. Осы модель бизнеске қатысты негізгі қауіп-қатерлер мен тиісті алдын алу және түзету іс-шараларын қамтиды. Қауіпсіздікке төнуі мүмкін қауіп-қатерлер саласында бұл процесс ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саласындағы қауіп-қатерлерді басқару жүйесімен реттеледі, қауіп-қатерлер ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саласындағы корпоративтік қауіп-қатерлердің тізіліміне енгізіледі. Осы модель қауіпсіздікке қатысты негізгі қауіп-қатерлер мен тиісті алдын алу және түзету іс-шараларын қамтиды. ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саласындағы қауіп-қатерлерді басқару моделінің нәтижелері бизнеске қатысты қауіп-қатерлерді басқару моделінде көрсетіледі.

Сонымен қатар қауіп-қатерлерді басқару компанияның барлық деңгейлерінде оның бизнесмақсаттары мен міндеттерін қызметтегі қауіп-қатерлермен үндестіруге бағытталған.

Қауіп-қатерлерді басқарудың түпкілікті моделі КПО компаниясының жоғары басшылығының қатысуымен өтетін Қауіп-қатерлер жөніндегі комитеттің жиналыстарына дайындалу кезінде қаралып, түйінделеді.

Технологиялық процестердің қауіпсіздігіне қатысты қауіп-қатерлерді басқару Екінші жағынан, технологиялық процестердің қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлер олардың толық сипаттамасы берілген Тосқауылдар моделінде тіркелген. Технологиялық процестердің қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерді басқаруға Еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы мен өндіріс тұтастығы басқармасы жауапты болады, мұндай қатерлер ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саласындағы қауіп-қатерлерді басқару жүйесімен реттеледі.

Қауіп-қатерлерді бақылау және тексеру қауіп-қатерлерді басқару процесінің бір бөлігі болып табылады. Бұл процеске қауіп-қатерлерді басқарудың арнайы бағдарламасы көмегімен орындалатын мерзімді тексерулер мен қайта бағалаулар кіреді. Осы бағдарламаға қауіп-қатерлерді біріктіріп басқару мәселелеріне қатысты есептер мен тексерулер бойынша толық ақпарат енгізілген.

Тиімділікті қамтамасыз ету

Компания тұрақтылығын сақтап, жауапкершілікпен дамуы үшін КПО-ның ішкі бақылау мәдениетін дамытуға ұмтылуының маңызы зор. Осы міндеттеменің аясында КПО өз бизнес-мақсаттарын қолдау үшін негізгі екі процесті әзірледі:

  • күрделі шығындар жұмсалатын жобалардың тиімділігін бағалау процесі және
  • аудиттер – ішкі, сыртқы және мердігер ұйымдардың аудиттері.

Тиімділікті бағалау процесіне келетін болсақ, шешім қабылдау барысында тиісті негіздемені қамтамасыз ету үшін КПО-ны дамыту бойынша барлық күрделі жобалар мүмкіндіктерді анықтаудан бастап пайдалану кезеңіне дейін бағаланып отырады. Бұл үдеріс Жобалардың тиімділігін бағалау саясаты және Басқару жүйесі, Жобалардың тиімділігін бағалау шаралары бойынша нұсқаулықта сипатталған. Бұл процесс тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғауға ерекше көңіл бөле отырып, салынған инвестициялардан максималды мөлшерде табыс алуға бағытталған. Инвестициялардың ауқымын ескеріп, өз жобаларын іске асыру бойынша жұмыстардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету үшін КПО тиімділікті бағалауға бағытталған ішкі және сыртқы іс-шаралар (бас компанияларды жұмылдырумен) жүргізеді.

Тиімділікті қамтамасыз етудің осы үдерістері айқындық пен есеп беруді жетілдіріп қана қоймай, КПО-ның ұзақ мерзімді тұрақты дамуына себептеседі.

Ішкі аудит бойынша процедурада көрсетілген аудиторлық тексеру процесіне келетін болсақ, ішкі аудит қызметі қауіп-қатерлерді ескере отырып, корпоративтік басқарудың құрылымы мен жұмыс тиімділігінің, ішкі бақылаудың, КПО-ның бақылау құрылымында көрсетілген процестердің және жүйелердің тәуелсіз тұрғыдан тексерілуін қамтамасыз етеді. Ішкі аудит қызметі компанияның өндірістік мақсаттарына қол жеткізуге кедергі болуы ықтимал кез келген ағаттықты анықтайды. Жыл сайын КПО қызметінің қауіп-қатерлер төну қаупі жоғары салаларында, соның ішінде корпоративтік басқару, келісімшарттар мен сатып алулар, мердігердің және компанияның ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ басқару, қаржы, есептілік, өндірістік операциялар, логистиканы ұйымдастыру және т.б. салаларында ішкі аудит өткізу бойынша жоспарын орындайды. Бұдан басқа ішкі аудиттер тексеріс нәтижелері бойынша ұсынылған шаралардың орындалуын тексеру қызметін қамтиды.

Онымен қоса Бас компаниялар өздерінің ішкі қауіп-қатерлерді бағалауы негізінде жыл сайынғы аудит өткізеді. Бұл КПО-ның Басқару жүйесінің құрылымы мен тиімділігі тәуелсіз тұрғыдан қосымша деңгейде тексерілетіндігін білдіреді. Аудит нәтижелері КПО мен Бас компаниялардың басшылығына Аудит жөніндегі қосалқы комитет отырыстарында беріледі.

Сертификатталған сыртқы аудиторлар КПО-ның басқару жүйесінің жалпы тиімділігін қамтамасыз етуге себептеседі, ал жүйенің халықаралық стандарттар мен ҚР заңнамасына сәйкестігі ISO сертификаттарын алу және шолу аудиттерін өткізу арқылы расталады.

Аудит нәтижелері КПО мен Бас компаниялардың басшылығына Аудит жөніндегі қосалқы комитет отырыстарында беріледі.

ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саласындағы біріктірілген басқару жүйесі

КПО компаниясы ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ мәселелерін ISO 14001:2015 (Экологиялық басқару жүйесі), ISO 45001:2018 (Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік) және ISO 50001:2018 (Энергия тұтынуды басқару) халықаралық стандарттарына сәйкестігі сертификатталған біріктірілген менеджмент жүйесі шеңберінде басқарады. 2022 жылы КПО ISO 39001:2012 сертификатын (Жол қозғалысы қауіпсіздігін басқару жүйесі) алды.

Қоршаған ортаға мейлінше аз әсер етіп, қызметкерлердің денсаулығын сақтау және еңбек етуге қауіпсіз жағдай жасау бойынша үздіксіз жетілу мен адал қызмет Компания үшін айрықша маңызға ие. 2022 жылы КПО ISO 14001:2015, ISO 45001:2018 және ISO 50001:2018 стандарттары бойынша қайта бақылау аудитін өтті және ISO халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкестігін растау үшін ISO 39001:2012 стандарты бойынша сертификатталды. Бұл процесті қолдау бағытында КПО мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері үлкен жұмыс атқаруда.

КПО-ның ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саласындағы талаптары Компания ішінде де, одан тыс та кең таралған және Компанияның барлық келісімшарттарының арнайы қосымшасында көрсетілген (яғни ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саласындағы талаптар берілетін барлық келісімшарттарға енгізіледі).

Жыл сайын КПО-да ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ мәдениетін арттыру мақсатында бірқатар бағдарламалар, тренингтер, бастамалар мен науқандар жүзеге асырылады. Мұндай бастамаларға көптеген шаралар кіреді, соның ішінде, ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ бойынша кіріспе нұсқамалар, ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ бойынша арнайы кәсіптік оқыту, сондай-ақ «Қауіпсіздік техникасы бойынша көшбасшылық және мәдениет бағдарламасы», «ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ карточкасы», «ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саласындағы ынталандыру бағдарламасы», «Денсаулыққа төнетін қауіп-қатерлерді бағалау», «Экологиялық мәдениетті дамыту және хабардарлық деңгейін арттыру» және т.б. бағдарламалар.

Бұдан басқа, КПО жыл сайын еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ішкі аудит бойынша өз жоспарын орындайды. Мысалы, 2021 жылы КПО ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ саласында 16 аудит жүргізді.