КПО-ның ТҰРАҚТЫ
ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ 2022
Бұл біз үшін неге маңызды?

Жергілікті жағдайларды жақсырақ түсіну және олардың қажеттіліктерін ескеру мақсатында жергілікті қауымдастықтармен ынтымақтасу – КПО тұрақты даму кодексі қағидаттарының бірі.

Көршілік қарым-қатынасты қолдап, жергілікті билік органдарымен және халықпен сындарлы диалог құру біз үшін өте маңызды, өйткені осы бағыттағы жұмыс компанияға Батыс Қазақстан өңірінде өндірістік қызметін жүргізуге қоғамдық келісімді сақтауға көмектеседі.

Құрылыс жобаларын жүзеге асыру барысында КПО-ның Бөрлі ауданының жергілікті халқымен өзара әрекеттесуі Қарашығанақ кен орнындағы қызметіне байланысты туындайтын әлеуметтік және экологиялық қауіп-қатерлерді азайтуға ықпал етеді.

Iскерлік қағида:
ЖЕРГІЛІКТІ ҚОҒАМДАСТЫҚТАР

Біз өз қызметімізді жүзеге асыратын аумақтағы аудан тұрғындарының жалпы әл-ауқатын жақсартуға тікелей немесе жанама үлесімізді арттыра отырып, тату көршілік қарым-қатынасты құрудамыз.

Біз билік өкілдерімен және жұмыс орнымыздағы жергілікті қоғаммен тиімді, нәтижелі, бірлескен және сенімді қарым-қатынас құрамыз.

Біз адал, алға қадам басатын және бизнес құпиялығы шеңберінде ашық болуға ниеттіміз.

Қоныс аударылған адамдардың жағдайына мониторинг, 2018–2022 жылдар

Жергілікті қауымдастықтар

КПО өндірістік қызметін жүргізу нәтижесіндегі жергілікті халыққа және өңірге теріс әсердің алдын алуды немесе мүлдем азайтуды көздейді. Жергілікті халықпен жиі әрекеттесу арқылы компания жергілікті қауымдастықтар үшін егеурінді артықшылықтармен қамтамасыз ету және әл-ауқатын жақсарту мен дамытуда жұмыстар атқарып келеді.

Жергілікті халықпен қарым-қатынас бойынша қойылған міндеттер (24-кестеде берілген) негізінен Бөрлі ауданына қарасты үш ауылдық округте – Қарашығанақ кен орнының айналасындағы Приурал, Жарсуат және Успен ауылдарында, сонымен қатар Ақсай қаласында тұратын жергілікті халықты қолдауға бағытталған.

Әлеуметтік жауапкершілік бастамаларын жүзеге асыру үшін КПО халықаралық қаржы корпорациясының тиімділік стандарттарына негізделген саясаттарды, стандарттарды және процедураларды қолданады.

Әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер бойынша жергілікті халықпен барынша тиімді диалог жүргізу мақсатында КПО құрамына компания қызметкерлері мен ауылдық округтердің өкілдері кіретін Консультативтік кеңестер отырысы түрінде кездесулер мен кеңестер өткізеді.

2022 ж. Приурал, Жарсуат және Успен ауылдық округтерінде Консультативтік кеңестің 17 отырысы өткізілді. Кездесулер барысында жергілікті тұрғындар КПО-ның 2022 жылға арналған жергілікті қауымдастықтарды дамытуға көмек көрсету бағдарламасы туралы, компанияның стипендиялық бағдарламасы бойынша Орал қ. университеттері мен колледждерінде білім алып жүрген ауылдық студенттердің жетістіктері жөнінде, сондай-ақ кен орнындағы экологиялық мониторинг туралы ақпарат алды.

2010–2022 жылдарда стипендиялық бағдарлама барысында 18 жас ауыл тұрғыны білім алып шықты.

Жергілікті халықты дамытуға жәрдемдесу бағдарламалары аясында КПО Бөрлі ауданы зейнеткерлеріне «Ақжайық» шипажайында демалуға 150 жолдама берді.

24-кесте. Жергілікті халықпен қарым-қатынас

2022 жылға қойылған міндеттер

Орындалуы

2022 жылғы міндеттерді орындау үшін жүзеге асырылған шаралар

2023 жылға қойылған міндеттер

Мақұлданған бюджетке сәйкес 2022 жылға ауылдық округтерді дамытуға жәрдемдесу бағдарламасын орындау

Орындалды

Зейнеткерлерге «Ақжайық» шипажайында демалыс ұйымдастырылды.

Ауыл түлектеріне арналған стипендиялық бағдарлама сәтті жүзеге асырылуда.

2023 жылға бөлінген бюджетке сай ауылдық округтерді дамытуға жәрдемдесу бағдарламасы аясында жоспраланған жобаларды жүзеге асыру.

Дамытудың әлеуметтік және экологиялық аспектілері бойынша үш ауылдық округте 9 консультативтік кеңес отырысын өткізу

Орындалды

Үш ауылдық округте барлығы 17 консультативтік кеңес отырысы өткізілді. Консультативтік кеңестер отырысынан тыс кезде де ауылдық округтердің тұрғындарымен оларды қызықтырған сұрақтарға жауап беру үшін кездесулер өткізілді.

Дамытудың әлеуметтік және экологиялық аспектілері бойынша үш ауылдық округте 9 консультативтік кеңес отырысын өткізу

Халықтың шағымдары мен өтініштерін уақтылы қарау және жабу

Орындалды

Барлық келіп түскен шағымдар уақтылы қаралып жабылды

Халықтың шағымдары мен өтініштерін қарау және олар бойынша тиісті жұмыстарды уақтылы атқару

Шағымдар мен өтініштерді қарау

2022 жылы КПО ҚМГКК-ға іргелес жатқан ауылдық округтер тұрғындарынан жалпы саны 39 өтініш, соның ішінде газ иісіне байланысты 7 шағым болса, қалған 32 өтініш әртүрлі сипатта болды. Тұрғындарды әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау бағдарында компанияның әлеуметтік бастамалары қызықтырды, көшірілген тұрғындар түсіндірме беруді сұрады.

Газ иісіне қатысты шағымдар бойынша өндірістік экологиялық бақылау тобы тексеріс жүргізді. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде жабдықта ақаулар, ағып кетулер/шығарындылар немесе ШРК-дан асып кету фактілері анықталған жоқ. Келіп түскен шағымдар бойынша тұрғындарға кері байланыс берілді.

Қоғамдық тыңдаулар

2022 ж. КПО «Қарашығанақты кеңейту жобасы 1. Құрылыстың 2-кезегі.», «ҚӨК. Каустиканы бейтараптандырудың жаңа кешенінің құрылысы (түзету)» жобалары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізді. ҚР экологиялық кодексі талаптарына сәйкес қоғамдық тыңдаулар төрт ауылдық округте ашық жиналыс түрінде өткізілді.

Жоспарлы қоғамдық тыңдаулар туралы ақпарат мүдделі мемлекеттік органдар өкілдеріне және тұрғындарға облыстық және аудандық газеттерде, жергілікті теле-радиоарналарында, ауылдық округ әкімдіктерінің ақпараттық тақталарында, сондай-ақ Бірыңғай экологиялық порталда арқылы жеткізілді.

2022 жылы қоғамдық тыңдауларда талқылауға ұсынылған барлық жобалар мүдделі мемлекеттік органдармен және тұрғындармен мақұлданды. Өткізілген тыңдаулардың қорытындысы сәйкес хаттамаларда баяндалған. Қоғамдық тыңдауларда ұсынылған құжаттар пакеті және талқылау қорытындылары https://ecoportal.kz/ веб-сайтына жүктелген.

Көшірілген тұрғындардың жағдайын бақылау

2017 жылдың аяғында Березовка және Бестау ауылдарынан алғашқы тұрғындарды Аралтал шағын ауданына және Ақсай қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге көшірген сәттен бастап Компания жыл сайын қоныстанған отбасылардың табыс көздерін қалпына келтіру барысын қадағалап отырады.

2018–2022 жж. аталған мониторинг аясында КПО Аралталдағы 100 жер үйді қоса алғанда, Ақсай қаласында көп қабатты үй тұрғындары үшін келесі іс-шараларды орындады:

  • 2018–2019 жж. – Аралтал шағын ауданындағы 100 жер үй тұрғындары алаңдарын өңдеу үшін 11 600 тонна құнарлы жер қабаты берілді;
  • 2018–2021 жж. – көшірілген тұрғындардың 800 өтініші КПО Өтініштер журналында тіркелді. Барлық мәселелер 2021 жылдың соңына дейін шешілді.
  • 2019 ж. – КПО Ұлы Отан соғысының жауынгеріне арналған ескерткішті бұрынғы Березовка ауылынан Аралталға толық қайта құруға және көшіруге жәрдемдесті;
  • 2020 ж. – COVID-19 пандемиясы кезінде КПО Бөрлі ауданы әкімдігі және Ақсай қаласы әкімімен бірлесіп, Аралталдағы 100 үйдің тұрғындарына азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды автодүкен арқылы жеткізді;
  • 2020 ж. – Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының әкімі көмегімен КПО көшірілген тұрғындар тұратын 5 және 10-шағын аудандардағы көп қабатты үйлердің аулаларын көгалдандыру үшін 150 ағаш көшеттерін жеткізді;
  • 2020–2021 жж. – Березовка мен Бестау ауылдарынан көшірілген тұрғындар үшін Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының 10-шағын ауданындағы екі көп пәтерлі үй және 320 орындық балабақша, Аралтал шағын ауданындағы 100 жер үй мен 300 орындық мектеп құрылыстарының кепілдік қызмет көрсету мерзімінің аяқталуы.

Сонымен қатар 2022 жылы Березовка мен Бестау ауылдарын бұзу және жерді қалпына келтіру жобасының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін мердігер компанияны таңдау бойынша тендер өткізілді. Осы жобаның орындалу барысымен оқырмандарды келесі ТДЕ-де хабардар ететін боламыз.