Тұрақты даму
- Басты бет
- /
- Тұрақты даму
- /
- Су тұтыну және сарқынды суларға қатысты шаралар
Су тұтыну және сарқынды суларға қатысты шаралар
Компания міндеті — су қорларын сақтау мақсатында оларды тиімді пайдалану. Су — өмір көзі және құнды өнеркәсіптік шикізат. Суды шамадан тыс және тиімсіз тұтыну су қорларының сарқылуына, өндірістік және шаруашылық қажеттіліктерге арналған судың тапшылығына, су экожүйелерінің нашарлауына және су нысандарының табиғи көбею және тазару қабілетінің төмендеуіне қатысты әсерлерге әкеліп соқтыруы мүмкін.
КПО кәсіпорындағы ауыз суды пайдалануды су қорларын сақтау бойынша шаралар кешені арқылы реттейді және мүмкіндігінше тазартылған суды қайта пайдаланады.
2021 жылы Компанияның жалпы су тұтыну мөлшері 395 986 м3 құрады, оның 314 127 м3 — техникалық су, ал 81 259 м3 — ауыз су болды.
2021 жылы КПО 2020 жылмен салыстырғанда техникалық суды 16 %-ке аз тұтынған. Тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалған судың көлемі де 2020 жылға қарағанда азырақ болды. Пайдаланылатын судың көлемінің төмендеуі бұрғылау бағдарламасының қысқаруына, тасымалдау кезінде су шығынын бақылаудың жақсаруына, Қоншыбай жырасындағы № 1 су қоймасындағы су деңгейінің төмендеуіне байланысты су тұтынуды оңтайландыру жөніндегі шараларға, су жинақтағыш тоғандардағы тазартылған сарқынды суларды, ирригациялық лагуналардағы және жерасты ұңғымаларындағы жаңбыр және еріген қар суларын техникалық қажеттіліктерге екінші рет пайдалануға байланысты.
2019-2021 жж. КПО-ның су қорларын тұтыну мөлшері
Қарашығанақ кен орнындағы өндірістік мақсаттарға қажетті сумен қамтамасыз етуші негізгі су көзі — Қоншыбай жырасындағы № 1 су қоймасы, ал шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер су Жарсуат тоғанынан алынады. Шаруашылық-тұрмыстық және өндірістік қажеттіліктеріне сумен қамтамасыз ету көзі ретінде Үлкен Шаған мұнай айдау станциясы (МАС) үшін Серебряков су тоғаны, ал Атырау терминалы МАС үшін Қиғаш су тоғаны пайдаланылады.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 22.12.2014 жылғы (№ 325) қаулысына сәйкес Қоншыбай жырасы балық шаруашылығы су қоймаларының тізіміне кірмейді. Қоншыбай жырасы жерасты суларымен қоректенбейді, ол көктемгі еріген қар мен жауған жаңбырдан толып отырады.
Суды өнеркәсіп қажеттілігі үшін 24.05.2025 ж. дейін пайдалануға берілген рұқсатқа сәйкес КПО-ның Қоншыбай жырасынан жыл сайын ала алатын су көлемі 741 432 м3-мен шектелген. Рұқсатты «Қазақстан Республикасы Экология, Геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ берді. Қоншыбай жырасындағы № 1 су қоймасын пайдалану су пайдаланудың оңтайлы режимін қамтамасыз етуге, құрылыстарды жарамды күйде ұстауға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған пайдалану қағидаларына және су қоймасының гидротехникалық құрылыстарын қауіпсіз пайдалану, техникалық қызмет көрсету жөніндегі технологиялық регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
2021 жылы өңірдегі ұзаққа созылған құрғақшылық пен қардың аз түсуі № 1 су қоймасындағы су деңгейінің күрт төмендеуіне алып келді. Осыған байланысты, 2021 жылы КПО техникалық суды тұтынуды оңтайландыруға және тазартылған сарқынды суларды, жаңбыр мен еріген суларды қайта пайдалануды арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар іс-шаралар өткізді. Сонымен қатар, ұңғымаларда тәжірибелік-сүзгілік зерттеулер жүргізгеннен кейін жерасты сулары техникалық мақсаттарда қайта пайдалану үшін өндірістік нысандарға жіберілді. Балама көздерден су пайдалану тұжырымдамаларын іздеу және әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді және әлі де жалғасуда.
Басқа су тоғандарынан су алып пайдалану су жеткізушілермен жасалған шарттар негізінде жүргізіледі.
Ауыз су Компания нысандарының шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін ғана пайдаланылады. Үлкен Шаған мұнай айдау станциясында ауыз су «Қазводхоз» РМК БҚО филиалымен қамтамасыз етіледі, және сумен жабдықтаудың балама көздерінің болмауына байланысты өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өрт резервуарларын толтыру мақсатында ғана қолданылады.
Төмендегі кестеде КПО-ның су көздері бойынша суды тұтыну мөлшері көрсетілген.
2019-2021 жж. КПО-ның су көздері бойынша суды тұтыну мөлшері, м3
№ | Су көздері | Нысан | Су сапасы | Су тұтыну | ||
2021 | 2020 | 2019 | ||||
1 | Жарсуат су тоғаны | ҚМГКК | жер асты, ауыз су | 79 852 | 80 957 | 91 851 |
2 | Серебряков су тоғаны | Үлкен Шаған мұнай айдау станциясы | жер асты, ауыз су | 1 407 | 1 472 | 1 605 |
тұрмыстық қажеттіліктерге | 868 | 938 | 924 | |||
өндірістік қажеттіліктерге | 539 | 534 | 681 | |||
3 | Қоншыбай жырасының су тоғаны | ҚМГКК | жер үсті, техникалық су | 310 352 | 384 453 | 431 616 |
4 | Қиғаш су тоғаны | Атырау мұнай айдау станциясы | жер үсті, техникалық су | 3 775 | 3 719 | 2 781 |
тұрмыстық қажеттіліктерге | 808 | 759 | 777 | |||
өндірістік қажеттіліктерге | 2 967 | 2 960 | 2 004 |
Ескертпе: пайдаланылған су көлемі есептеу құралдарының көмегімен есептеледі, құралда көрсетілген көрсеткіштер есепке алу журналына тіркеледі және әрі қарай КПО тұтынатын суды есепке алу дерекқорына енгізіледі.