ҚазРусEng

Тұрақты даму

Березов және бестау ауылдары тұрғындарын көшіру OG-12

2015 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Ұлттық Экономика Министрлігі КПО-ның өндірістік кешендерінің болашақ дамуын қолдау мақсатында Қарашығанақ кен орны айналасындағы санитарлық-қорғау аймағының шекарасын кеңейту туралы оң шешім қабылдады. 2015 жылғы 28 шілдеде ҚР Үкіметі кеңейтілген санитарлық-қорғау аймағына (СҚА) жататын Березов және Бестау ауылдары тұрғындарын көшіру туралы Қаулы қабылдады.

Қарашығанақ кен орнын игеру бойынша жоспарларға байланысты Березов және Бестау ауылдарын көшіру жұмыстары 2017 жылдың аяғында іс жүзінде сәтті аяқталды. Тұрғындардың көбі Ақсай қаласына және Ақсай қаласынан 5 шақырымда орналасқан Аралтал ықшам ауданына көшірілді, тұрғындардың кейбіреулері өтемақы алды. Екі ауылды көшіру процесі Батыс Қазақстан облысы билік органдары басшылығы мен КПО-ның қаржылай қолдауымен іске асырылды.

Бестау және Березов ауылдары тұрғындарын көшіру екі кезеңнен тұрды. 1-кезең аясында 2015 жылдың аяғында өз еркімен бірінші болып көшуге ниет білдірген әлеуметтік әл-ауқаты төмен отбасылар көшірілді. Бірінші кезеңде мүгедектер, Ұлы Отан Соғысы (ҰОС) ардагерлері, 1, 2 санатты мүгедектер, ауру балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және ҚР Үкіметі бекіткен тізімдегі созылмалы аурулардың қатты түріне шалдыққан адамдарға басымдық берілді. 2015 жылдың аяғында Березов және Бестау ауылдарынан 82 отбасы Ақсай қаласындағы екі жаңа көп қабатты үйге көшірілді.

Көшірудің екінші кезеңі 2017 жылы басталды. Осы кезеңде қалған тұрғындарға Аралтал ықшам ауданындағы жер телімдері бар үйлерге немесе Ақсай қаласындағы Қарашығанақ-1 ықшам ауданында орналасқан тоғыз қабатты көп пәтерлі үйлерге көшу ұсынылды. Төмендегі сызбада көшірудің екінші кезеңінде тұрғындардың жасаған таңдаулары көрсетілген.

Көшірудің екінші кезеңінде тұрғындардың жасаған таңдаулары

Көшіру процесі барысында тұрғындарға көшу шарттары туралы егжей-тегжейлі-ақпарат беріліп отырды. Шаруашылық иелері мен бірлесіп қожалық етушілер төленетін өтемақы мәселесін талқылау үшін жеке келіссөздерге шақыртылды.

Бөрлі әкімшілігінде тұрғындардың шағымдары мен арыздарын қарау комиссиясы құрылып, оның құрамына жергілікті билік органдары, қоғамдық ұйымдар өкілеттері, Бөрлі ауданының мәслихат депутаттары және КПО қызметкерлері енді. Бұл комиссия көшіруге байланысты сұрақтарды, соның ішінде үй-пәтерлердің бөліну тәртібіне және басқа да көшірілген/көшірілетін адамдардың жеке мәселелеріне қатысты шағымдарды қарастырды. Қойған сұрақтарына тұрғындар жазбаша жауап алып тұрды.

Көшіріліп отырған тұрғындардың арыз-шағымдарын қарауда КПО 2015-2016 жылдарда Березов және Бестау ауылдарында «Ашық есік» форматында өткізілген кеңес кезінде тұрғындарға таратылған «Шағымдар мен ұсыныстар процедурасын» басшылыққа алды. Кеңес беру шараларының шеңберінде тұрғындарға Бөрлі ауданы әкімшілігі қызметкерлері мен КПО-ның халықпен жұмыс істеу бөлімінің телефон нөмірлері мен басқа да байланыс ақпараты басылған буклеттер үлестірілді. Тұрғындарда қызметкерлерді көшіру мәселелері бойынша кездесуге дайын Бөрлі ауданы әкімдігінің өкілдеріне тікелей хабарласа алатын мүмкіндік болды.

Көшіру мәселесі бойынша құрылған Комиссиямен өзара қарым қатынас жасау бағытында тұрғындардың топтық белсенділігі мен оларға жеке көңіл бөлуді қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы Березов пен Бестау ауылдарының тұрғындарынан құралған ынталы топ құрылды. 2016-2017 жылдары ынталы топ мүшелері Ақсай мен Аралталда салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысу үшін ай сайын құрылыс алаңдарына келіп тұрды. Әр сапар кезінде құрылыс үдерісімен таныстыру және тұрғындардан кері байланыс алу үшін олардың қастарында құрылыс алаңдарында КПО өкілдері бірге жүрді. Ынталы топтың пікірлері мен сұраныстарының басым бөлігі назарға алынып, құрылыс кезінде ескерілді. Мәселен, Аралталдағы әрбір үйдің ауласында шаруашылық қажеттіліктеріне арналған техникалық су құдығы қазылды. Көшіру іс жүзінде аяқталғанымен, көшірілген тұрғындардың жағдайына мониторинг жасау және оларға қолдау көрсету әлі де жалғасуда.

Көшірілген тұрғындарға ұсынылған әлеуметтік инфрақұрылым Ақсай қаласы Қарашығанақ-1 ықшам ауданындағы 320 орынға арналған жаңа балабақша және Аралталдағы 300 балаға арналған жаңа мектепті қамтиды.