ҚазРусEng

Тұрақты даму

Қоршаған орта мониторингі

КПО өндірістік қызметінің барлық аспектілерін қамтитын қоршаған ортаны қорғау бойынша бірқатар бағдарламаларды жүзеге асыруда. Осындай бағдарламалардың негізгісі болып Өндірістік экологиялық бақылау (ӨЭБ) бағдарламасы табылады. Бұл бағдарлама ҚР Экологиялық кодексі талаптарына сәйкес және келесі міндеттерді атқару мақсатында әзірленген:

 

  • кәсіпорындардың шығарындылары және өндірістік қызметінің қоршаған ортаға әсері туралы сенімді ақпарат алу;
  • қоршаған ортаға және адамның денсаулығына әсерді барынша қысқарту;
  • оқыс жағдайларда шұғыл алдын алу шараларын жүргізу;
  • кәсіпорынның экологиялық қызметі туралы және халықтың денсаулығына төнетін қауіптер жөнінде мүдделі талаптарға (жергілікті халыққа, мемлекеттік бақылаушы органдарға, серіктес компанияларға) хабарлау.

 

Аталмыш бағдарлама аясында қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияларға — яғни шығарындыларды, ағын сулар мен қалдықтарды қайта өңдеу және орналастыруға, сонымен қатар қоршаған орта компоненттерінің сапасына — атмосфералық ауаға, жер үсті және жер асты суларға, топыраққа бақылау жүргізіледі.

 

2022 жылы ӨЭБ бағдарламасы шеңберіндегі қоршаған орта компоненттерінің жай-күйін бақылау аясында анықталатын көрсеткіштердің концентрациясы алдыңғы жылдардағы бақылау деңгейімен бірдей болғанын көрсетті. ҚМГКК қызметінің қоршаған ортаға теріс әсері анықталған жоқ. Ауа сапасының мониторингі аккредиттелген зертхана арқылы сынамаларды іріктеу және талдау негізінде, сондай-ақ 18 стационарлық автоматты ЭМС көмегімен жүзеге асырылады. 2022 жылы ӨЭБ үдерісі аясында 100 мыңнан астам сынама алынып, 115 мың зертханалық талдамалар және 28 мыңға жуық өлшеулер өткізілді.

 

Сонымен қатар КПО тұрақты негізде кен орны аумағындағы қалдықтарды орналастыру нысандарындағы қоршаған ортаның жай-күйіне өндірістік экологиялық бақылау жүргізеді. 2021 жылы Экоорталықтың қатты өнеркәсіптік қалдықтарын көму полигонында, сұйық бұрғылау қалдықтарын уақытша сақтау алаңында, сондай-ақ 35А және 35Б чектерде жер асты сулары мен топырақты бақылау нәтижесінде қоршаған орта компоненттеріне тікелей теріс әсер байқалмайды. Қалдықтардың қозғалысын сандық бақылау көму көлемін, сондай-ақ қалдықтардың жиналу көлемі мен уақытын есепке алу мақсатында жүзеге асырылады.

 

Атмосфералық ауаның сапасын бағалау үшін санитарлық-гигиеналық нормативтер немесе рұқсат етілген шекті шоғырлану (РШШ) талабы қолданылады. Атмосфералық ауаның ластану деңгейін анықтау үшін бақыланатын компоненттердің тіркелген шоғырлануын РШШ-мен салыстырып, бөлшектеп көрсетіледі.

 

Атмосфералық ауадағы ластаушы заттың рұқсат етілген шекті шоғырлануы — қазіргі және болашақ ұрпаққа өмір бойы тікелей немесе жанама еш зиянды әсер етпейтін, адамның еңбекке деген қабілетін төмендетпейтін, оның хал-жағдайын және санитарлық-тұрмыстық өмір салтын нашарлатпайтын шоғырлану.

 

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІСІ:

БАҚЫЛАУШЫ ОРГАНДАРҒА АУА САПАСЫ МОНИТОРИНГІ МӘЛІМЕТТЕРІН ЖІБЕРУДІҢ ОНЛАЙН ЖҮЙЕСІ

Мәселенің мазмұны/ қысқаша сипаттамасы:

«Экомонитор» порталы — «Казгидромет» РММ Березовка ауылындағы атмосфералық ауа сапасы жағдайы туралы ақпаратты жедел түрде алуы және тұрғындардан шағым тускен жағдайда уақытылы шешім қабылдауы мақсатында «КПО Б.В. ЭМС экологиялық ақпараттық бекетін құру» жобасы аясында 2013 жылы Компаниямен дайындалған атмосфералық ауа сапасы мониторингі мәліметтерін жіберудің онлайн жүйесі.

Мақсаты:

  • Одан әрі талдау және шешім қабылдау үшін БҚО мемлекеттік бақылаушы органдарына нақты уақыт режимінде кестелік және графикалық түрде ауа мониторингі деректерін беруге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені құру;
  • Компанияның өндірістік қызметтің атмосфералық ауаға әсері туралы мәліметтерінің ашықтығын арттыру және бақылаушы органдармен өзара әрекеттесу тиімділігін арттыру.

Келешек әрекеттер:

2013 жылы КПО «Экомонитор» порталын дайындады. Оның көмегімен Батыс Қазақстан облысының «Казгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесіне Березовка ауылында орналасқан ЭМС-013 және ЭМС-014 екі экологиялық мониторинг станциясынан атмосфералық ауа сапасы мониторингі мәліметтерін онлайн режимде алуға рұқсат берілді.

 

2018 жылғы маусымда КПО ҚМГКК СҚА және Қарашығанақ кен орны аймағында орнатылған 18 автоматты ЭМС атмосфералық ауа сапасы туралы мәліметтерді Батыс Қазақстан облысының экология бөліміне онлайн жіберуді қамтамасыз етті.

 

2020 жылы корпоративті географиялық ақпараттық жүйені (ГАЖ) дамыту аясында, КПО «Экомонитор» порталын келесі артықшылықтары бар функциялармен жаңартты:

  • ЭМС мәліметтерді жинау және мониторинг нәтижелерін көрсету уақыты айтарлықтай қысқарды;
  • таңдалған кезеңге (тәулікке, айға, жылға) арналған атмосфералық ауаның сапасы туралы есептер шығаруға арналған модуль жетілдірілді, бұл есептер шығаруды едәуір жеделдетуге мүмкіндік берді;
  • ақпарат қазіргі уақытта интерактивті карта арқылы ұсынылады, онда КПО-ның жұмыс істеп тұрған автоматты ЭМС орналасуы, ҚМГКК елді мекендеріне іргелес ҚМГКК СҚА шекаралары бейнеленген;
  • нақты уақыт режиміндегі ЭМС күйі бейнеленеді (қалыпты жұмыс, калибрлеу, электр қуатын ажырату және т.б.);
  • берілетін деректерді қорғау деңгейін арттыру мақсатында портал пайдаланушыларды анықтап тану әдісі жергіліктіден доменге өзгертілді.

2020 жылдың желтоқсанында КПО мамандары «Экомонитордың» жаңа нұсқасының тұсаукесерін және БҚО Экология департаментінің қызметкерлеріне арналған порталмен жұмыс бойынша оқыту тренингін өткізді. Сондай-ақ, сәйкестендіру деректерін жүйенің белгіленген жауапты пайдаланушыларына беру жүзеге асырылды.

Нәтижесі:

Осы жобаны іске асыру нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік реттеуші органдары нақты уақыт режимінде Компанияның экологиялық мониторингінің автоматты станцияларынан атмосфералық ауаның жай-күйі туралы мәліметтерге қол жеткізді.

 

Мониторингтік мәліметтерді мемлекеттік органдарға онлайн режимінде беру жүйесі Компанияның өзінің еңбекті қорғау, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы экологиялық міндеттемелерін орындауына ықпал етеді, оның ішінде:

  • экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және КПО қызметінің адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерін барынша азайту;
  • мемлекеттік органдардың ұсынылған экологиялық ақпаратқа деген сенімін арттыру.

Автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу қажеттілігі жазылған Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексінің талаптарын ескере отырып, КПО-ның ҚМГКК әсер ету аймағында атмосфералық ауа сапасына бақылау жүйесін құру және оны әрі қарай деректерді мемлекеттік бақылаушы органдарға беру туралы шешімі өз уақытынан озып қабылданғанын көрсетіп отыр.