ҚазРусEng
Әлеуметтің әлеуутін көтеріп

Марат Аққұл, «Егемен Қазақстан», 04 Шілде 2012 жылы

Қарашығанақ – көмірсутегі шикізатының қоры жөнінен әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі болып лайықты саналатындығы көпке белгілі. Кәсіпшілікте өнім өндірудің ректордтық деңгейіне қол жеткізілді, ол елімізде жеті қат жер астынан алынатын газдың бүкіл 44 %-ын және сұйық көмірсутегі жалпы өндірісінің 14,5 %-ға жуығын құрайды. ҚПО-ның Жайық өңірінің әлеуметтік ахуалын жайластыруға қосып отырған үлесі де қомақты. Жергілікті инфрақұрылымды дамытуға жұмсалған инвестицияның жалпы сомасы бүгінгі таңда 178 млн. доллардан асып түскендігі мәлім болып отыр. Өнімді бөлу туралы негізгі келісім бойынша, ал инвесторлар мен қазақстандық тараптың өзара қатынасын реттейтін бұл құжатта әлеуметтік қолдаудың негізгі басымдықтары айқындалған. Оның өзегінде денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт өрілген.

– Мен қазыналы Қарашығанақтың Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы  Ақсай қаласының және тұтастай алғанда Қазақстан Республикасының орнықты дамуына маңызды үлес қосып жүргеніне сенімдімін, – дейді ҚПО бас директоры Дамиано Ратти. – Біз облыс басшылығымен, мемлекеттік органдармен және жергілікті халықпен пайдалы әрі игілікті жемісті өзара қатынастың нәтижелерін мақтанышпен атап өтудеміз. ҚПО әлеуметтік жобаларға жыл сайын 10 миллион доллар бөліп келген еді. Ал 2009 жылдан бастап бұл сома екі есеге артты. Мәнісі бөлек оқиға былтыр болды. Осы жылы Қарашығанақ-Орал газ құбырының құрылысы үлкен абыроймен аяқталды. Сөйтіп, өңірдің көптен бергі түйткілі шешілді. Экологиялық таза отын Жайық өзенінің сол жағалауындағы бірнеше аудандарға және облыстың оңтүстік бөлігіне берілді. Жалпысында көгілдір отын 76 әлеуметтік нысанға және 2 мың тұрғын үйге тартылды. Ауыл-аймақ тұрғындары аңсаған армандарына жетіп, ризашылықтарын білдірді. Сонымен бірге газдандыру ауылдағы шағын және орта бизнестің қанат қағып дамуын ынталандырды.  

Осы арада әлеуметтік нысандардың құрылысын тұрғызу үшін тек қазақстандық компаниялар ғана шақырылатынын атап айтудың реті келген сияқты.

– Мердігерлерді таңдай отырып, біз жергілікті өндірушілерді қолдаудың және қазақстандық үлесті арттырудың қағидаларын ұстанамыз, – дейді ҚПО-ның әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Жәнібек Ғалиев. – Құрылыс фирмаларымен әріптестік қатынас әр кез үзілмейді, ол өзара түсіністік ахуалында өрби түсуде. ҚПО барлық келісім-шарттарында қауіпсіздік техникасын сақтауға басты назар аударады. Бұл орайда, әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асырудың барысында біздің нысандарда өндіріспен байланысты бірде-бір жазатайым оқиғаның болмағанын айту ләзім. Бізде сапа мәселесі күн тәртібінен түспейді. Және де халықаралық стандарттарға сәйкес болуы қажет. Ол жобалау үдерісінде де, жұмыс өндірісінде де сақталуы тиіс.  Сапалы құрылыс материалдарының қолданылуын үнемі қадағалаймыз. Міндетті түрде қазақстандық өндірушілердің өнімдеріне артықшылық беріледі. Өйткені, құрылысқа керектілерді алыстан арбалап тасығаннан гөрі, жақыннан дорбалап жеткізгеніміз біз үшін әлдеқайда тиімді.

Білім беру саласы негізгі басымдықтардың қатарына жатады. Қазірдің өзінде тоғыз нысанның төртеуі аяқталды. Қалғандарын бірінші қыркүйекке және жыл соңына дейін пайдалануға қосу жоспарлануды. Инвесторлар білім ошақтарын жиһазбен, ұйымдастыру техникасымен және оқу құралдарымен жарақтандыруды толықтай өз міндеттеріне алған. Орал қаласының халық тығыз қоныстанған солтүстік-шығыс бөлігіне орналасқан 1200 орынды мектептің құрылысы аяқталу сатысында тұр.

– ҚПО-ның қаржысына бұл саны бойынша біз салып жатқан үшінші мектеп, – деп түсіндіреді «Жайыксельстрой» ЖШС директоры Ерденбек Ахметов. – Ғимараттың алаңы – 15 мың шаршы метр. Ол бес блоктан тұрады. Онда 48 сынып, конференц-зал, спорт кешені, кітапхана, асхана, медициналық қосын орналасқан. Мектептің аумағы төрт гектар жерді алып жатыр. Мектеп жабдықпен жабдықталып және «таза әрленген» күйінде тапсырылатын күн алыс емес. Алғашқы қоңырау бірінші қыркүйекте сыңғырлайтын болады. Біз ҚПО-мен 10 жылдан астам уақыттан бері ынтымақтастықтамыз. Бұл компания өте талғампаз тапсырыс беруші және оның талаптарына тек жоғары білікті мамандар ғана сай келеді.

Білім беру нысандарының құрылысы шалғайдағы ауылдарда да жүргізілуде. Мәселен, ҚПО Ақжайық ауданында бірден екі мектептің құрылысын қаржыландыруда. Олар Ақсуат кентіндегі 230 орынды және Сайқұдық ауылындағы 198 орынды мектептер. Ауылдықтар үшін ұзақ күттірген бұл оқиғаның қызығын балалар жаңа оқу жылында көрмек. Ақсуаттағы мектеп Социалистік Еңбек Ері, атақты жылқышы Сұлтан Ошанов атында. Мектеп директоры Дәурен Нұрғожиннің айтуынша, жаңа ғимаратта заманауи технология бойынша оқытудың жан-жақты әдіс-тәсілдері қарастырылған. Ал мектеп атауы Еңбек ерінің есімін одан әрі үнемі зор құрметпен ұстауды дәстүрге айналдырмақ. Өйткені Сұлтан Ошанов Еңбек Ері атағын соғыстан кейінгі қым-қуыт жылдарда ерен еңбегі үшін алған еді. Жылқышының өнегелі ісін енді оның ұлы Есекеш Сұлтанов жалғастыруда. Ол да мал шаруашылығында жеткен жетістіктері үшін бірнеше ордендермен марапатталған.

– Менің қызым дәрігер мамандығын таңдап алды, – дейді ардагер. – Қазір ол аудандық ауруханада жұмыс істейді. Біздің отбасымызда үлкен қуаныш. Немерем Данагүл мектеп бітіріп, ерекше үлгідегің аттестат алды. Ал жаңа мектепте балаларға барлық жағдай жасалған. Енді үздік оқушылардың қатары көбейетіндігіне сенімдіміз. Бұл өз кезегінде өте дұрыс. Себебі жақсы жабдықталған мектепсіз сапалы білім алу мүмкін емес. Осы орайда, Елбасымыздың халыққа жасап отырған қамқорлығын атап айтқан жөн. Президенттің тілекей тапсырмасы бойынша елімізде салынып жатқан мектептер соның нақты дәлелі. Өйткені өркендеген Қазақстанның жастары өте білімді болуы қажет. Мен және менің ауылдастарым облыс және Қарашығанақ кәсіпорынның басшылығына дән ризамыз. Ол қолдарынан келген көмектерін біздің кент тұрғындарына аямайды. Соның нақты көрінісі мына тамаша мектеп болып отыр.

Сондай-ақ көп күттірген қоныс тойы Теректі ауданының Көнекеткен кентінде де бірінші қыркүйекте болады. Мұнда қазіргі уақытта 198 орынды мектептің құрылысы қызу жүргізілуде. Оны вахталық әдіспен «СКФ «Отделстрой» ЖШС-ның бес бригадасы жүргізуде. Компанияның директоры Валентина Михноның айтуына қарағанда, облыс орталығынан бұл кентке дейін арақашықтық 150 шақырымнан астам. Алайда, осы аралықтағы жолдың асфальт жабындысы бар болғаны үштен бірін ғана құрайды. Жолдың тақтайдай түзу еместігіне  қарамастан нысанға материалдар дер кезінде жеткізілуде. ҚПО жұмыстарды орындаудың кестесін қатаң бақылайды. Оны бір жылға жетер-жетпес уақытта аяқтау көзделген. Мұнда оқу кабинеттік жүйе бойынша жүргізілетін болады, ал денешынықтыру сабақтары тек спорт залда ғана емес, сондай-ақ бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған арнайы жабындысы бар үш алаңда жүргізіледі. Ғимаратты жылытуды дербес қазандық қамтамасыз етеді. Қазір құрылысшылар ерекше ынтамен жұмыс істеуде. Валентина Михно балаларға арналған әрбір нысан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жаңа мектепте бәрі де көздің жауын алуы тиіс. «Отделстрой» ЖШС бұл оқу ошағын мерзімінде әрі үздік сапамен тапсыруды ниеттеніп отыр.

Бұл жұмыстардың бәрі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттермен толықтай «үндес» болып отыр. Жолдауда атап көрсетілгеніндей, адами капиталдың сапалы өсу басымдықтарын атап айта отырып, оқытудың үдерісіне заманауи әдістемелер мен технологияларды енгізу қажеттілігі көрсетілген болатын. ҚПО әлеуметтік нысандарды таңдауды әкімдікпен және елді мекендердің консультативтік кеңестерімен келісе отырып жүргізеді.  Компанияның қаржысына ең көкейкесті түйткілдер шешіледі. Атап айтқанда, оған Қарашығанақ кен орнының әкімшілік орталығы болып табылатын Ақсай қаласындағы оныншы шағын аудандағы қазандықты жаңғырту жатады. Қалада сондай-ақ су тартқы салынып, су құбырының қосымша тармағы тартылды.  ҚПО-ның қаржысына Ақсайдағы коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жүргізілді. Тығыз ынтымақтастық пен жергілікті қауымдастықтың инвесторлармен үнқатысуының арқасында соңғы жылдары әлеуметтік маңызды жобалардың қатары толықты. Ауылдағы мектептер, амбулаториялар жөнделді. Мектептер мен медициналық мекемелер үшін жабдықтар сатып алынды. 2011 жылы ҚПО Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне Бөрлі ауданындағы ауылдық округтерде бірнеше инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру туралы ұсыныспен шықты. Ұсыныс осы округтердің консультативтік кеңестерімен келісілді. Келіссөздердің нәтижесінде осы инфрақұрылымдық жобаларды орындауға 2,5 миллион АҚШ доллары мөлшерінде қаржыландыру мақұлданды.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Бөрлі ауданының Приуральный кентінде шын мәнісінде мектеп қайтадан толықтай жөнделіп, пайдалануға берілді. Бар-жоғы бірнеше айдың ішінде ғимарат, қазандық, су және жылумен жабдықтау жүйесі жөндеуден өтті. Сондай-ақ бірлескен консультативтік кеңестердің жоспарлары бойынша Бөрлі ауданындағы Успеновка, Дмитров және Қарашығанақ кенттеріндегі мектептер, Березовка ауылындағы амбулатория жаңартылды. ҚПО-ның қаржысына мәдениет үйлеріне, білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне жабдықтар сатып алынды. ҚПО ауданның алты мектебіне автобустар сатып әперді. 

Өңірде мектеп санын көбейту әрине қуанышты әрі объективті себеп бойынша жүзеге асырылу үстінде. Облыста жыл сайын бала туу саны артуда. Орал азаматтық хал-актілерін тіркеу мекемесінде жастарды жиі кездестіруге болады. Сондықтан да мұнда қызмет көрсету үшін тұрақжай тарлық етуде. Алайда жағдай таяу арада жақсара түспек. Неке сарайының құрылысы аяқталу кезеңінде тұр, онда неке тіркеудің бірнеше залы жұмыс істейтін болады. Бұл сонымен қатар Қарашығанақтың әлеуметтік жобасы ретінде танымал болып отыр. Ғимарат өзінің сәулеттік тұрпаты жағынан бірегей. Мұнда сұлулық пен салтанаттың толқыны есіп тұрғандай. Дөңгеленген нысаны неке жүзігі  тәріздес. Ғимараттың алаңы бес мың шаршы метрді құрайды. Мұны нағыз сарай деп айтуға әбден болады. Құрылысшылар оны белгіленген мерзімде – Тәуелсіздің 21 жылдығы қарсаңында тапсыруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде бұл сарай облыс орталығының көркін ашатын  ғимараттар қатарына еніп отыр.

– Мен бірнеше жасты жақсы білемін, олар өздерінің некелесу күндерін кейінге қалдырды,  олар осы жаңа ғимаратта үлкен өмірдің есігін ашуды қалап отыр, – дейді Жайық өңіріндегі «Үміт» әйелдер одағының төрайымы Әлия Райымқұлова. – Мен әрине, оларды жақсы түсінемін. Әр адамның өмірінде үйлену тойы – естен кетпес оқиға ғой. Ал осындай тамаша дәстүрді әрине көтеріңкі көңіл-күймен өткізгенге не жетсін. Бұл жобалардың маңыздылығын атап айта отырып, ҚПО-мен біздің одақ бірлесіп талай тағылымды істерді атқарып келеді. Ол тілекелй немесе жанама бағытта болсын, бәрібір отбасының бірлігін бекемдеуге бағытталған. Дағдарыс жылдары Қарашығанақ жұмыссыз әйелдер үшін курстарды қаржыландырып, онда оларды оқытты. Біз оны ұйымдастыруға ұйытқы болдық. Сөйтіп курсты бітіргендердің көбі бизнесте жетістікке жетіп, ең бастысы өз отбасыларына қуаныш сыйлады. ҚПО әйелдердің репродукциялық денсаулығын нығайтуға бағытталған «Қызыл алма» жобасына қаржылау қолдау көрсетті. Бұл шын мәніндегі ізгілікті қадам болды және қорғаныш тәрбиесі жобасы шеңберіндегі ынтымақтастықтың нағыз өнегелі көрінісіне айналды. Бұл өз кезегінде өз атауын абыроймен ақтады. Міне, сондықтан да Неке қию сарайы ҚПО-ның көмегімен тұрғызылған нысандардың қатарына кіреді. Оны Жайық өңірінің тұрғындары мақтаныш тұтады. Сондай-ақ, ҚПО-ның қатысуымен қазақ драма театрының, мұз сарайының, отбасалық тұрпаттағы балалар ауылының құрылыстары салынып көптің игілігіне айналды. «қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының облыстың әлеуметтік дамуына қатысуы – бизнестің жоғары жауапкершілігінің үлгілі мысалы екендігі сөзсіз. ҚПО өткен және биылғы жылдары қаржыландырған құрылыстардың тізімі өте кең. Орал қаласының шеткері жағында салынған жаңа газ турбиналық электр стансасынан жылу және электр желілері тартылды. Ақсайда және облыс орталығында жолдар жөнделді, Оралда тенис корты мен 350 орынды балалар бақшасының құрылысы жалғасуда. Шалғайдағы Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында отбасылық-дәрігерлік амбулатория, Жымпиты кентінде музыка мектебі, Үшағаш кентінде мектеп құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жобалардың бәрі еліміздегі қарапайым адамдардың күнделікті түйткілдерін шешуге, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Міне, осындай мақсатты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында үнемі қойып келеді.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы орнықты дамуы жөніндегі есепті елімізде бірінші болып жариялады. Консорциум лайықты өмір сүру және экологиялық таза ортада қауіпсіз еңбек етуге мүмкіндік беретін барлық жағдайды жасауға әркез ұмтылып келеді. Орнықты даму жөніндегі есеп – компанияның айнасы іспетті. Оны компания жергілікті қауымдастықпен қатынастың бағдарлы теңгерімін тұрақты түрде ұстана отырып жүргізеді. Оның негізгі қағидалары мынадай: қызметкерлерге – еңбектегі үздік жағдайды қалыптастыру және кәсіби даму, қоғам үшін тиімді жұмыспен қамту, мемлекетке салық төлеу және ноу-хау, салауатты бәсекелестік жағдайында туындаған өрісті істер осындай.

Компания алдарына қойған және әлі де қоя беретін міндеттерін абыроймен орындап, алған мақсаттарына жетуі шүбәсіз.

Батыс Қазақстан облысы.