ҚазРусEng
Ортақ игілік жолындағы жұмыс

«Айқын», 28 Мамыр 2013 жылы

Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ газ-конденсат кенішін игеріп жатқан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) халықаралық консорциумы күні кеше «1012 жылғы тұрақты дамуы жөніндегі есебін» жариялады. Бұл есепте ҚПО жұмысының өткен жылғы нәтижелері мен компанияның тұрақты даму жолында өз мойнына алған міндеттемелері көрсетілген.

Аталған есептің жария болуына қатысты өз ойымен бөліскен консорциумның бас директоры Дамиано Ратти компанияның өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, еңбек қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғаудың жетілген жүйесін жүзеге асырып отырғанын тілге тиек етті.

Оның айтуынша, «корпоративтік басқарудың заманауи әдістері, өндірістік үрдістерге ең озық технологияларды енгізу, өндірісті жергілікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытындағы бағдарламаларды жетілдіру мен қазақстандық үлесті арттыру – тұрақты дамудың ең негізгі қағидалары болып отыр. Мұның барлығы да ҚПО жұмысында бірінші кезекке қойылған». Аталған есептегі негізгі көрсеткіштерге тоқтала кетсек, ҚПО компаниясы өткен 2012-жылды жоғары көрсеткіштермен аяқтапты.

Атап айтқанда, былтыр жалпы көлемі 139,5 миллион баррель мұнай мен газ өндіріліпті. Бірақ жер қыртысының астындағы қысымды сақтау үшін 8,6 миллиард текше метр газ қайтадан жер астына айдалған екен. Қайтадан жерге айдалған газ көлемі жыл бойы өндірілген газдың шамамен 49 пайызын құрады.

– Тұрақты даму мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қолдайтын ҚПО консорциумы Қарашығанақ бойынша серіктес атанған компаниялар мен Қазақстан Республикасының ортақ игілігі үшін жаңа өндірістік жетістіктерді бағындыруға тырысады», – деп қосты Дамиано Ратти.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының басшылығы өз жұмысшылары үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге үлкен күш салып, оларды үнемі еңбек қауіпсіздігін сақтауға шақырады. 2011 жылы енгізілген еңбекті ұйымдастыру, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау бағдарламаларының арқасында жұмысшылар жұмыс барысында қауіпті факторлар байқалған жағдайда мұны дереу хабарлай алады. 2012 жылы ҚПО-да жұмысшылардың жарақат алуы мен еңбекке жарамдылығынан айырылуы 2011 жылмен салыстырғанда күрт азайды, бірақ компанияның түпкі мақсаты – өндірісте орын алатын оқыс оқиғаларды мүлдем тию. 

Өнімді бөлісудің ақтық келісіміне қол қойылған 1997 жылдан бері «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының қоршаған ортаны қорғау шараларына жұмсаған қаражаты 239,4 миллион долларды құрапты. Компания ел Үкіметінің «жасыл экономикаға» ауысу жөніндегі бастамасына толық қолдау көрсетіп отыр. Бір ғана мысал, 2012 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорында шикізат өндірісі кезінде шығатын ілес­пе және табиғи газдарды қайта өңдеу көрсеткіші бұрын-соңды болмаған 99,87 пайызға жеткен. Бұл Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш әрі әлемдегі ең жоғары экологиялық талаптарға сай келеді.

2012 жылы ашық жолмен өртелген газ көлемі барша өндірілген газдың бар-жоғы 0,13 пайызын немесе өндірілген шикізаттың мың тоннасына шаққанда 0,78 тоннаны құрады. Мұндай көрсеткіштерді мұнай-газ саласындағы әлемдік және еуропалық кәсіпорындармен салыстырсақ,

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының қоршаған ортаны қорғау саласында көшбасшы болып отырғанын байқау қиын емес.

Еліміздің батыс өңіріндегі ең ірі жұмыс беруші болып табылатын ҚПО компаниясы өз қызметкерлерінің денсаулығын қорғау, жұмыс орнын ұзақ уақытқа сақтау мен бәсекелі жалақымен қамтамасыз ету бағытында да мойнына алған бар міндеттемелерін орындап келеді.

Кәсіпорындағы басшылық қызметтегі мамандардың 69 пайызы жергілікті халық өкілдері, ал төменгі звенодағы басшылар мен білікті мамандардың 95 пайызы – Қа­зақстан азаматтары.

Соңғы бірнеше жылдан бері шетелден тартылған жұмыс күштерін жергілікті мамандармен алмас­тыру бағдарламасы жүргізіліп келеді, дәл қазір компаниядағы барлық персоналдың 93 пайызы – жергілікті азаматтар.

Жалпы, өнімді бөлісудің ақтық келісіміне қол қойылған уақыттан бері «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қазақстандық мамандарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыруға 168 миллион доллардан астам инвестиция бағыттаған екен.
Өткен 2012 жылы ҚПО-ның тауар, жұмыс пен қызмет сатып алу бойынша жасасқан келісімшарттарында қазақстандық үлестің деңгейі 56 пайызға жетіп, 335 миллион долларды құрады.

Ал әлеуметтік серіктестік бағдарламалары аясындағы ҚПО-ның инвестициясына көптеген мектептер, балабақшалар мен ауруханалар, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар мен жолдар салынған. Компанияның өңір инфрақұрылымына бағыттаған инвестициясы 270 миллион доллардан асты. Мұның барлығы да тұрақты даму бағдарламасының жүзеге сәтті асырылып келе жатқанының жарқын мысалы.

Айдын ОЛЖАЕВ, Батыс Қазақстан облысы