ҚазРусEng
03.04.2013
Жақсысы – «жасыл» экономика

«Айқын», 03 Сәуір 2013 жылы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі бастамасы мен БҰҰ-ның Дүниежүзілік «Рио+20» саммитінде әлемдік қауымдастық тарапынан мақұлданған жаппай әріптестік жөніндегі «Жасыл көпір» бағдарламасы – біздің еліміздің алдағы жылдарға арналған басты межесі болып табылады. Былтыр Астанада «жасыл» экономика көшу стратегиясын әзірлеу мақсатында Премьер-министрдің төрағалығымен арнайы жұмыс тобы да құрылған болатын.

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің дерегінше, бұл стратегияны әзірлеуде Оңтүстік Корея мен Германия сияқты озық мемлекеттердің тәжірибесі алынып, экологиялық тазалықты ту еткен отандық кәсіпорындарға салық жеңілдіктерін беру сияқты пәрменді тетіктер де ойластырылады.

Алайда Қазақстанда жұмыс істей­тін «Қарашығанақ Петролиум Опе­рейтинг Б.В.» (ҚПО) халықаралық консорциумы аталған стратегияның қабылдануы мен мемлекеттің қосым­ша жеңілдіктерін күтпей-ақ, қазір­ден бастап «жасыл» экономика стан­дарттарын енгізуге кірісті. Бұл ұйым «Би Джи Групп» (үлесі 29,25%), «Эни» (29,25%), «Шеврон» (18%), «ЛУКОЙЛ» (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ (10%) сияқты аса ірі компанияларды біріктіріп отырған халықаралық кон­сорциум болғандықтан экологиялық құндылықтарды жоғары қоюда.

Айта кетсек, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» консорциумы мұ­най мен газ конденсатының әлемдегі ең ірі кеніштерінің бірі – Қарашығанақты зерттеп, игерумен айналысады. Ком­панияның табиғатты қорғауға бағыт­талған жоспары бірнеше кешенді бап­тардан тұрады, оның ішінде әуе бассей­нін ластанудан қорғау, су мен жер ресурс­тарын үнемді игеру, жер қойнауын кү­зету мен үнемді пайдалану, жергілікті өсімдік пен тіршілік әлемін аялап, өн­діріс пен тұтыну қалдықтарын залал­сыздандыру.

Сонымен қатар жүйелі түрде экология саласындағы ең озық технологияларды енгізу мен басқа­ру, ғылыми-зерттеу және жобалық-ізденушілік жұмыстарды жанданды­ру жұмыстары көзделіп қойған екен.Қазірдің өзінде ҚПО еш тоқтаусыз режиммен өндірістің қоршаған ортаға тигізетін ықпалын жіті бақылап отыр: 14 стационарлық автоматтандырыл­ған станция қоршаған ауаның құра­мын тоқтаусыз қадағалап, жылжымалы 2 экологиялық зертхана жұмыс істеуде.

Кәсіпорында экологиялық менедж­мент пен өндірістік қауіпсіздік менедж­менттеріне қатысты әлемдегі ең жоғары стандарттар бірер жыл бұрын енгізіл­ген. Осындай жоғары стандарттарға сай өндіріс жүргізіп отырғанын рас­тау мақсатында әрбір жарты жыл сайын ҚПО-да инспекциялық тексерулер жүргізіліп келеді. 2011 жылдың та­мыз айында мұнда ISO&OHSAS экология мен қауіпсіздік сертификаттары бойын­ша қайта аудит жүргізіліп, қазір кәсіпорынның бұл сертификаттары 2014 жылдың қыркүйегіне дейін жа­рамды екенін айту керек.

Нәтижесін­де «Қарашығанақ Петролиум Оперей­тинг Б.В.» консорциумы осыдан екі жыл бұрын елімізде Президенттің «Па­рыз» сыйлығын иеленген ең алғаш­қы компаниялардың бірі атанған. Мұн­дай жоғары бағаны тегіннен-тегін бере салма­сы анық. Бір ғана мысал, 2012 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорында шикізат өндірісі кезінде шығатын ілес­пе және табиғи газдарды қайта өңдеу көрсеткіші бұрын-соңды болмаған 99,87 пайызға жеткен. Бұл Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш, әлемдегі ең жоғары экологиялық талаптарға сай келеді.

Қоршаған ауаны қорғау мақсатын­да скважиналарды зерттеу мен тазалау кезінде қалдықтардың зиянды заттар шығармай жанып кетуін қамтамасыз ететін «супержасыл от» қолданылады. Өткен жылы ҚПО «Бес жылдың ішінде парник газдарының ауаға тарауын миллион тоннаға дейін азайту» де­ген ерекше стратегиясын жүзеге сәтті асыра бастаған. Осылайша кеніштер­де заманауи газ турбиналары орнаты­лып, электр қуатының өндірісі экология­ға бұрынғыдай зиянын тигізбейді.

Экологияны сақтау саласындағы инновациялық шешімдердің дені шет­елден шығады, сол себепті кеніште озық технологиялар трансфертімен айналысатын экологиялық орталық іске қосылды, қазір мұнда бұрғының ерітінділері мен зиянды қалдықтарын қайта өңдейтін және көметін, сұйық қал­дықтарды залалсыздандырып, мұ­най өнімдерімен ластанған суды таза­лай­тын қондырғылар жұмыс істеуде.

Кәсіпорынның экологиялық орта­лығында зиянды қалдықтарды бас­қару ірі нағыз өнеркәсіптік жолға қойыл­ған, осылайша залалсыздандыруға жұмсалатын шығындар да айтарлық­тай азайыпты. Қазіргі жоғары технология­лар аса қымбат тұратын бұрғыға арнал­ған базалық майды қалпына келтіріп, қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Тек былтырдың өзінде бұрғы майы­ның 640 тоннасы қалпына келтіріліп, қайта пайдаланылған екен. Бұл тек экологияның күтімі ғана емес, ресурс үнемдеуге де зор мүмкіндік ашты.

2011 жылдың желтоқсан айында мұнда зиянды өндірістік қалдықтар­ды қоршаған ортаға зиянын тигізбей кө­муге мүмкіндік беретін жаңа полигон салынған еді. Ондағы айналып тұратын қуатты пеш көптеген зиянды заттар­ды тазартып, бұрын қала сыртындағы қоқысқа тасталып келген тұрмыстық қалдықтарды өртеп, қоқыс көлемін ба­қандай 95 пайызға бірақ қысқартатын болды.

Енді ҚПО тұрмыстық қалдық­тарды сұрыптайтын жаңа қондырғы орнатуда, бұл экологиялық тазалық пен үнемшілдікті одан сайын арттыруға көмектесуі тиіс. Сонымен қатар қа­зір шаруашылық-тұрмыстық су қал­дықтарының түбіндегі тұнбаларды залалсыздандыратын үлкен жоба жү­зеге асырылуда. Кеніштің тағы бір мақ­танышы – суды қайтара пайдалану­ға қатысты қабылданған ерекше тех­никалық регламенті.

Ал техникалық мұқтаждыққа қажетті су жаңбыр мен қар суы жиналатын Қоншыбай қой­масынан алынады. Компания пайда­ланған суын қайта тазартып, оны бұр­ғыға қажетті ерітінді жасауға, шаңды басуға және жасыл желекті суғаруға пайдаланады. Осындай жүзеге асырыл­ған іргелі шаралардың нәтижесінде соңғы үш жылда су ресурстарын үнемдеу көлемі 280 мың текше метрге жетіпті.

Консорциум тек өзінің өндірістік әрекетінен келетін зардаптарды жойып қана қоймай, Қарашығанаққа шетел­дік инвесторлар келмей тұрып пайда бол­ған «тарихи» залалдарды да жойып келе­ді. Бұл маңайда «көненің» қалдықтары – бұрғы станоктары, металл қалдықтары әлі де жатыр. 1998-2007 жылдар ара­лығында мұнда шлам жиналған 40 үйінді тазаланып, топырағы қайта қалпына келтірілді.

Сонау 1987 жылы мұндағы скважи­налардың бірінде апат орын алып, газ, су мен конденсат араласқан сұйықтық атқылаған болатын. Нәтижесінде то­пыраққа ауыр зардап тиіп, 53 гектар аумақ 1 метр тереңдікке дейін ластанған еді. Осылайша талай жер ластанып, ауыл шаруашылығы үшін жарамсыз болып қалған. Бұл жерлерді жөнге келтіру жөніндегі 1999 қолға алынған шаралар 2011 жылдың қараша айында бірақ аяқталды. Қалпына келтірілген аумақтың жалпы көлемі 49,1 гектарды құрады. Ал 2012 жылы компания бұл аймақты мемлекет меншігіне қайтарып берген.

Айдын ОЛЖАЕВ, Ақсай, Батыс Қазақстан облысы