ҚазРусEng
KПО өндірістік қызметін коронавирус пандемиясы мен мұнайдың арзандауына қармастан қалыпты тәртіпте жүргізуде

Коронавирус пандемиясымен одан әрі ушыққан әлемдік мұнай-газ саласындағы құлдырауға қарамастан, Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. компаниясы нысандарының өндірістік қызметі барлық қауіпсіздік талаптарына және 2020 жылға қойылған өндірістік мақсаттарға толық сәйкестікте жалғасуда.

 

Коронавирус эпидемиясының дағдарысы мұнай-газ құнын елеулі арзандатып, әлемдік нарықтарды тығырыққа тіреді. Елдердің оқшаулану тәртібінен ептеп шығуымен мұнайға сұраныс дәрежесі де біртіндеп артуда. Десек те, эпидемияның алғашқы айларында қоймаларда жиналған мұнайдың орасан зор көлеміне байланысты шикізат құнының өсуі әлі де біраз уақыт алуы мүмкін. 

 

КПО бас директоры Эдвин Блом келесідей мәлімдеме жасады: “КПО 2020 жылға мақұлданған жыл сайынғы жұмыс бағдарламасы мен бюджетке сәйкес сұйық көмірсутектер мен газ өндірісі бойынша өз міндеттемелерін орындауды жоспарлайды. Коронавирустың қауіп-қатерлері бойынша тиісті іс-шараларды орындаумен бірге, КПО мұнай бағасы өзгеруінің түрлі сценарийлеріне байланысты өндіріс табыстылығын қамтамасыз ету жолында қажетті қадамдар жасап келеді”.

 

“Біз орын алып жатқан жағдайды дағдарыс әсеріне ұшыраған ағымдағы өндірістік үдерістерді реттеуге қажетті жаңа технологиялар мен платформаларды енгізу үшін де пайдалануымыз керек. Бұған тек технология ғана емес, сонымен қатар шыдамдылық, тапқырлық және жұмысқа берілгендік те қажет. Осыдан кейін, яғни дағдарыс аяқталысымен, КПО компаниясы бұрынғыдан да қуатты және келешектегі сын-қиындықтарға дайындығы мол болып шыға келетініне мен сенімдімін” - деді бас директор.

 

Қазақстандық қызметкерлердің кәсіби өсуі және дамуы - КПО компаниясының негізгі басымдықтарының бірі. Осыдан бірнеше жыл бұрын КПО кәсіби әлеуеті жоғары жұмыскерлерді анықтау және олардың максималды әлеуетіне жетуі мен мансаптық өсуі үшін дағдыларын және біліктілігін дамытуға бағытталған қызметкерлерді қарқынды дамыту бағдарламасын іске қосты. Аталмыш бағдарлама оның қатысушыларына мансаптық мақсаттарды айқын анықтауға мүмкіндік беріп, тиімді даму жоспарларын дайындауда қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде, қатысушылардың 50% қызметте өсіп, көздеген лауазымдарына қол жеткізіп үлгерді.

 

КПО-ның қоршаған ортаға қойған зейіні ешқашан бәсеңдеген емес: қысқа және ұзақ мерзімді шаралар бекітілген жоспарға сәйкес және табиғат қорларын пайдалану бойынша арнайы шарттарды сақтаумен орындалады, біздің мамандар ұзақ уақыт бойы күтіліп отырған жаңа экологиялық кодекс жобасы бойынша ағымдағы талқылауларға белсене қатысып келеді.

 

Карантиндік режимге қармастан, КПО қоршаған ортаға тасталатын шығарындыларды, соның ішінде атмосфераға тасталатын шығарындыларды, төгінділерді және қалдықтар өңделуін, сонымен қатар табиғи компоненттерді: атмосфералық ауаны, жерүсті суларды, жерасты суларды және топырақты жіті қадағалауда.

 

Ауа сапасы, санитарлық-қорғау аймағы және Қарашығанақ кен орнына жақын орналасқан елді мекендермен байланысты сұрақтар әрдайым айрықша назарда. Ауа сапасы күн сайынғы талдама алу және куәландырылған зертханада сыналуы арқылы және үздіксіз жұмыс істейтін экологиялық бақылаудың автоматты станциялары көмегімен қадағаланады.

 

Осыған қоса, жаңа энергетикалық аудит қазір нағыз қызыған кезінде. Бұл аудиттің мақсаты - энергоресурстарымызды пайдалану тиімділігін анықтау және бұның одан да тиімді жолдары мен мүмкіндіктерін іздестіру. Бұл қадам тағы бір күрделі де өршіл әрекетпен, атап айтқанда, энергия ресурстарын пайдалану және парниктік газдарды кәдеге жарату бойынша ұзақ мерзімді жоспармен жалғаспақ.

 

Жақында, КПО компаниясы өз қызметкерлерінің және мердігерлерінің қоршаған ортаны қорғау бойынша хабардарлығын арттыру мақсатында экологиялық семинар өткізді. Шара барысында жаһандық экологиялық мәселелер, соның ішінде ресурстарды пайдаланудың өсуі, пластикалық қалдықтардың артуы және т.с.с. талқыланды. Семинар кезінде әрқайсысымыз күнделікті өмірде қолдану арқылы қоршаған ортаға кері әсерді жалпы азайтуға үлес қосуға мүмкіндік бере алатын пайдалы кеңестер мен ұсыныстар берілді. Карантин режимінің жалғасуымен жұмыс онлайн тәртіпте орындалып келеді, және жақын арада қоршаған ортаны қорғауға және энергияны сақтауға арналған видео сабақ дайындалмақ.

 

Ағымдағы дағдарыс жағдайы әлемде жаңа бағыттардың жолын ашып, дүниежүзілік бизнес қауымдастығын жұмыс істеу бойынша әдістерін өзгертуге итермелегені анық. КПО да бұдан тыс қалған жоқ. Коронавируспен ұштасқан мұнай арзандауынан туындаған сын-қатерлерден өту үшін КПО өз басымдықтары мен бизнес үдерістерін қайта қарауға тиіс. Бұл әрекет көптеген бағыт пен салаларға, соның ішінде бюджет дайындау мен жоспарлау, жеткізілімдерді ұйымдастыру, инфрақұрылым мен қызметтер, компания мен мердігерлік ұйымдар қызметкерлері арасындағы қарым-қатынас және көптеген басқа да мәселелерге өз әсерін тигізуі мүмкін. Ағымдағы және болашақ қауіп-қатерлерге қарсы қадамдар жасаудан өзара әрекеттестіктің жаңа үлгілері пайда болуы әбден мүмкін. Осы жолда КПО ҚР бақылаушы органдарымен, облыстық атқарушы органдармен, салалық серіктестермен және басқа да мүдделі тараптармен мемлекеттік мүдделерді, бизнес басымдылықтарды және корпоративтік құндылықтарды біріктіру мақсатында тығыз әріптестікте жұмыс істейді.

 

КПО ұжымы болашаққа зор сеніммен және асқан ынтамен қарауда, сондай-ақ Қарашығанақ алып кен орнын Қазақстан Республикасымен әріптестікте игеру бойынша жоспарларды орындауға дайын. Уақытпен сыналған серіктестігіміз пандемия тауқыметін әрқайсысымыз үшін бұдан да берекелі әрі жарқын болашақ үшін зор абыроймен жеңіп келеді.