Бас директордың
алғысөзі
Құрметті оқырмандар!
КПО бас директоры ретінде, сіздерге «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының Қазақстандық филиалының 2023 жылғы ESG-есебін немесе Тұрақты даму туралы есебін зор қуанышпен ұсынамын. Бұл Компанияның қаржылық емес есептері жарияланып бастағалы бері жарық көріп отырған он алтыншы есеп болмақ.
КПО-ның ұйым ретінде қаншалықты ауқымды екені және қашан да дамып, түрлі өзгерістерге бейімделуге ұмтылуы маған үлкен әсер қалдырды.
Қазіргі технологиялар қарқындап дамып, түрлі инновацияларды талап ететін заманда болашағымыздың тұрақты болуы өзара бірлесіп әрекеттесу және тәжірибе алмасу сияқты қабілеттерімізге байланысты. Есептің осы басылымының негізгі тақырыбы ретінде коммуникацияны алуымыз бекерден-бекер емес, себебі бір-бірімізбен өзара әрекеттесуіміз ұжым жұмысының тиімділігі мен өнімділігіне ықпал етеді.
Өткен жылғы жетістерімізге келетін болсақ, ең алдымен Компанияның өндірістік философиясы мен ұйымдық моделін түрлендіруге бағытталған КПО-365 бизнес стратегиясының әзірленіп, қолданысқа енгізілгендігін атап өткім келеді. Аталмыш көп деңгейлі стратегия тұрақты даму құндылықтары мен қағидаттарын негізге алып, КПО-ның ұзақ мерзімді дамуына және эволюциялық жолмен өркендеуіне бағытталған. 2023 жылы КПО-365 стратегиясының алты басым бағыты бойынша жұмысымызды жалғастырдық, соның ішінде Газ, Қуат және Су ресурстарын басқару стратегияларын одан әрі жетілдірдік.
2022 жылы КПО мен мердігерлік ұйымдардағы еңбек ету қабілетін жоғалтуға әкелген жарақаттар көрсеткіші 0,22 болған болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 0,05-ті ғана құрады. Ал еңбек ету қабілетін жоғалтуға әкелген жарақаттар саны жетіден (2022 жылы) екіге (2023 жылы) дейін төмендеді. Тіркелуге тиіс жарақаттар жиілігі 2023 жылы 0,37-ні құрады. КПО мен мердігерлік ұйымдарда ЖКО жиілігі 2023 жылы 0,02-ні құрады. Бір ірі ЖКО тіркелді, оның нәтижесінде мердігерлік ұйымның жүргізушісі жарақат алды.
Біз өндірісте де, кеңселерде де, инфрақұрылымдық объектілерде де қауіпсіздік мәдениетін арттыру бағытындағы жұмысымызды тынбай жалғастырып келеміз. Өткен жыл бойы біз өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттырудың негізгі құралы болып табылатын Қауіпсіздік техникасы саласындағы көшбасшылық және мәдениет бағдарламасын енгізу жолында белсенді жұмыс істедік. Сонымен қатар, ҚТ, ЕҚ және ҚОҚ бойынша карталарды енгізу қорытындысы бойынша 125 ықтимал қауіпті жағдай анықталды, демек бұл жүйе өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға шынында көмектеседі.
Есептік кезеңде КПО компаниясы тұрақты және тұрақсыз сұйық көмірсутек, экспортқа жіберілетін шикі газ және өзінің пайдалануына арналған тазартылған газ түрінде 143 миллион мұнай эквивалентінің баррелінен астам өнім өндірді. 2023 жылы 4 өндіруші және 3 кері айдау ұңғымасы бұрғыланды. Ұңғымалық операциялар бөлімі ұңғымаларды жөндеумен, сонымен қатар өндіруді оңтайландырумен айналысады, осылайша қандай да бір оқыс оқиғаларсыз жыл сайын 2,5 миллион баррель өндіреді. Бұрғылау шеберлеріне арналған коучинг бағдарламасы сияқты бірқатар бағдарламаларды іске асырудың арқасында бұрғылау жұмыстарын қауіпсіз жүргізу саласында айтарлықтай жақсартуларға қол жеткіздік.
2023 жылы Компания түрлі бағыттар бойынша 10,8 млн. тонна немесе 85,3 млрд баррель шикі мұнай экспорттады. 4-ші компрессордың іске қосылуының арқасында газды кері айдауда жаңа рекордтар орнатылды. Маркетинг бөлімі мұнай экспортының жаңа бағытын игерді – «Дружба» құбыры арқылы Германияға (Адамова застава бекеті) 1 млн тоннаға жуық мұнай жеткізілді.
Өткен жылы біз сондай-ақ Қарашығанақты кеңейту жобасының 1-кезеңін (ҚКЖ-1) іске асыруда (5-ші компрессор мен ілеспе объектілерді салуды қоса алғанда) елеулі табыстарға қол жеткіздік. Сонымен қатар, басқа да мүмкіндіктер, соның ішінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытының (ҚГЗ) құрылыс жобасы қарастырылуда.
2023 жылғы күрделі жөндеу және жоспарлы жөндеу жұмыстары ешбір оқыс оқиғасыз өтті және осы жұмыстар негізгі өндірістік тораптардың жұмысының сенімділігін нығайтуға, сондай-ақ өндіру тиімділігі мен технологиялық жабдықтардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі заманда бизнесті жүргізуде ақпараттық технологиялардың атқаратын рөлі зор. КПО-ның өндірістік философиясындағы елеулі өзгерістер жақында құрылған Цифрландыру бөлімінің белсенді жұмысының арқасында орын алды. Цифрлық мүмкіндіктердің жаңа деңгейіне шығу мақсатында цифрландыру бойынша кешенді стратегия мен жол картасы әзірленді. Бөлім бастама берген жобалардың ішінде Ұңғымалардың телеметрия жобасын, Көлікке өтінімдерді және жұмыс уақытын есепке алу табельдерін цифрландыру жобасын, Киберқауіпсіздікті енгізу жөніндегі кеңейтілген бағдарламаны (жұмыскерлерді оқыту және Қауіпсіздікті басқару орталығын құруды қоса алғанда) атап өткен жөн.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметімізге келетін болсақ, 2023 жылы КПО-да газды кәдеге жарату деңгейі 99,95 %-ды құрады және бұл – әлемдік деңгейдегі көрсеткіш. Қазіргі уақытта КПО көміртексіздендіру саласында бірқатар бастамаларды қолға алып, белсенді жүзеге асырып жатыр. Оған қоса, компания энергия тиімділігі, метан шығарындыларын азайту, сондай-ақ төмен көміртекті және көміртексіз шешімдерді бағалау мәселелеріне де аса көңіл бөледі. Бұдан басқа, 2024 жылдың басында КПО БҰҰ-ның «Мұнай-газ секторының метан шығарындыларына қарсы күрес жөніндегі серіктестігі 2.0» бағдарламасына қосылды, осылайша Компания метан шығарындыларын азайтуға деген ниетін растады.
КПО сондай-ақ су ресурстарын басқару жөніндегі жаңа стратегияны дайындауда айтарлықтай ілгері бастық. Аталмыш стратегияның мақсаты – тұтынылатын техникалық суды азайту және азаматтық объектілерден шыққан сарқынды суларды қайта өңдеп, оның қол жетімді көлемін қызметке пайдалану мүмкіндіктерін іздеу.
КПО «жасыл» технологияларды енгізуді, ПГ шығарындыларын азайтуды және қалдықтарды қайта өңдеудің тиімді әдістерін енгізуді ілгерілететін жобаларды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмысын жалғастырып келе жатыр. 2023 жылы «Жасыл кеңсе» жобасы аясында Компанияның ҚМГКК-ден тыс барлық кеңселерінде бір реттік пластик ыдыстарды пайдаланудан бас тарттық, қалдықтарды бөлек жинау бойынша бірқатар бастамаларға бастау берілді және жұмыскерлердің хабардарлығын арттыру және «экологиялық (жасыл) ойлауды» қалыптастыру науқаны өткізілді. Сонымен қатар, Uralsk Green Forum-ның ҚОҚ саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаңға айналғанына 6 жыл болды.
Компаниямыздың экологиялық және энергетикалық менеджмент жүйелері үнемі аудиттен өткізіліп отырады және ISO 14001:2015 және ISO 50001:2018 және ISO 14001:2015 халықаралық стандарттарына сәйкес келеді және тиімді деп танылған.
Өткен жыл бойы жұмыскерлерді оқытуға және кәсіптік даярлауға арналған жыл сайынғы бағдарламалар сәтті іске асырылды. 2023 жылы кадрлардағы жергілікті қамту үлесі кәсіптік-техникалық лауазымдар бойынша 98 %-ға және басқарушы лауазымдар бойынша 86 %-ға жетті. 2023 жылы тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алудағы КПО-ның жергілікті қамту көрсеткіші 63,24 %-ды немесе 756,1 миллион АҚШ долларын құрады. Ұзақ мерзімді бастамалар аясында КПО Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықпен бірлесіп, белсенді жұмыс істеп келеді. Бірлесе атқарған ортақ жұмыстың арқасында 2022–2023 жылдары жергілікті тауар өндірушілермен жалпы сомасы 94 млн АҚШ долларынан асатын бірқатар келісімшарт жасалды. Сонымен қатар, 2022–2023 жылдар аралығында қазақстандық компанияларға жергілікті өндірілген тауарларды жеткізуге 107 млн АҚШ долларға 30 келісімшарт жасалды.
Мердігерлік ұйымдармен немесе бизнес-серіктестермен орнатқан өзара ынтымақтастығымыздың деңгейі де үнемі өсіп келеді. Әрбір мердігер ұйым Қарашығанақта тұрақты өндірістік қызметті қамтамасыз етуге өз үлесін қосады. Оңтайлы әлеуметтік ахуалды сақтау үшін КПО мен мердігерлік ұйымдар арасында тұрақты сындарлы диалог болып, ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ, қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын, ҚР Эко кодексінің талаптарын сақтау және осы сияқты тағы басқа өзекті мәселелер талқыланғаны маңызды.
Әлеуметтік салада КПО әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Өткен жылы 24 объекті бойынша жұмыстар жүргізілді, соның 18-і пайдалануға берілді. Оның ішінде 13 мектептің, екі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің, визит-орталықтың құрылысы және Батыс Қазақстан облысындағы жолдарды жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Ақсай қаласының орталық аудандық ауруханасы жаңа медициналық жабдықтар алды. 1998 жылдан бастап компания қаражатына 250-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілер салынды.
2023 жылдың соңындағы деректерге сәйкес Қарашығанақ жобасы бойынша серіктестер ҚМГКК игеруге барлығы 31,3 млрд көлемінде инвестиция салған.
Аталған жетістіктердің барлығы – алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу жолындағы барлық КПО ұжымының еңбекқорлығы мен үйлесімді жұмысының айғағы. Салалас бизнес-серіктестерімізді инновация мен тұрақтылық даму жолында бізге қосылуға шақырамыз.
Күшіміз біріктіріп қана инновациялық, тиімді және экологиялық тұрғыдан орнықты энергетикалық болашақ құра аламыз. Барлық мүдделі тараптармен ойымызды ашық бөлісіп, сындарлы диалог құру арқылы біз бизнес ортасын жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктер аша аламыз.
Осы Есептің көмегімен компаниямыздың тұрақты даму саласындағы қызметімен жақынырақ танысып, біліміңізді кеңейтесіз деп үміттенемін. Берілген ақпараттың мазмұны мен форматы туралы қандай да бір пікіріңіз немесе ұсынысыңыз болса, жіберуіңізді сұраймыз – оларды келесі басылымдарды дайындау кезінде ескеріп, есебімізді одан әрі жетілдіру үшін пайдаланамыз.