КПО-ның қаржылық емес есептілігінің тарихы
КПО тұрақты даму туралы есептерін 2008 жылдан бері жариялап келеді.
  • 2008 ж. – 2012 ж.– – ең алғашқы шығарылған есептер GRI үшінші Нұсқауына – G3 сәйкес әзірленді.
  • 2013 ж. – 2016 ж.– бұл жылдары жарық көрген КПО есептері Есептілік бойынша жаһандық бастаманың төртінші нұсқауына (GRI G4) сәйкес әзірленді. 2014 жылы КПО компаниясы GRI G4 нұсқауы талаптарын қолданған Қазақстандағы алғаш компаниялардың бірі болды.
  • 2017 ж. – 2022 ж.– есептер БҰҰ ТДМ ескеріп, GRI стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленді.

Есеп туралы

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының қазақстандық филиалы (бұдан әрі – КПО) – Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысы аумағында мұнай және газ шикізатын барлаумен және өндірумен айналысатын 1998 жылы Нидерландыда тіркелген халықаралық мұнай және газ компаниясы. КПО компаниясы «Шелл», «Эни», «Шеврон», «Лукойл» мен «ҚазМұнайГаз» ҰК акционер компаниялары мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында жасалған Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің (бұдан әрі – ӨБТК) негізінде осы компаниялар атынан әрекет ететін Қарашығанақ мұнай, газ және конденсат кен орнының операторы болып табылады.

КПО 2008 жылдан бері, яғни 15 жыл бойына тұрақты даму саласындағы қызметі туралы жыл сайын есеп беріп келеді. 2009 жылы Компания Тұрақты даму кодексін қабылдады және оған сәйкес жыл сайын тұрақты даму саласында «жасалған жұмыс туралы сыртқы мүдделі тараптарға толық және расталған ақпарат баяндалған есеп беруге» міндеттенеді. КПО-ның Тұрақты даму кодексіндегі ережелер тұрақты дамуға қатысты жалпы қабылданған анықтамасына сәйкес келеді: «болашақ ұрпақтың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктеріне еш нұсқан келтірмей, бүгінгі күн қажеттіліктерін өтеу».

Компанияның бұл Есебі – Компания дайындаған он алтыншы есеп. Аталмыш Есеп компанияның қызметін жүзеге асырып жүрген аймаққа әсері (ең маңызды аспекттер бойынша) туралы барлық мүдделі тараптармен ашық және айқын қарым-қатынас орнатылғандығының айғағы болып табылады. Бұл құжатта біз Компанияның есепті кезеңдегі қызметінің нәтижелерін тұрақты дамудың үш негізгі бағыты бойынша ашып баяндаймыз: әлеуметтік (S), экологиялық және экономикалық (E), сондай-ақ кәсіпорынды басқаруды ұйымдастыру (G).

Есепте өндірістік көрсеткіштер мен дамыту жоспарлары, энергетикалық бетбұрыс саласындағы ұстанатын әдістеріміз, сонымен қатар мүдделі тараптардың топтарымен өзара әрекеттесу арқылы жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар, экологиялық бастамалар мен экономикалық серіктестіктер туралы ақпарат берілген.

Бүгін біз осыдан 25 жылдан астам уақыт бұрын негізі қаланған істеріміздің нәтижесін көріп отырмыз. Біз қызметіміздің өңірге, жалпы елге, тіпті бүкіл әлемге әсерін түсінетін болғандықтан, тұрақты даму қағидаттарын ұстану Қарашығанақты игеруде моральдық «лицензиямыз» болды және одан әрі де солай қала береді.

Есептің қолдану аясы мен шегі

КПО-ның ESG-есебі Қарашығанақ мұнай, газ және конденсат кен орнына бөлінген жер телімі мен Қарашығанақ-Орынбор тасымалдау жүйесі (ҚОТЖ) және Қарашығанақ-Атырау тасымалдау жүйесі (ҚАТЖ) экспорттық құбыржол жүйелері шегіндегі барлық қызметтерді қамтиды.

Бұл басылымда КПО-ның 2023 жылғы жұмысы баяндалады. Құжатта 2023 жылғы көрсеткіштеріміз, сондай-ақ 2024 жылға жасалған жоспарларымыз да көрсетілген. Қызметіміздің тұрақтылығын көрсету мақсатында іріктеп алынған маңызды тақырыптар бойынша көрсеткіштеріміз өткен бірнеше жылмен салыстырылып берілген. Қалыптасқан тәжірибеге және GRI стандарттарының талаптарына сәйкес біз жетістіктерімізбен қоса қызметімізде кездескен түрлі қиындықтар туралы да айтуға тырысамыз. Мазмұнында біз ең маңызды деп тапқан тақырыптарды белгіледік, кейін олар тиісті тарауларда егжей-тегжейлі сипатталған.

2022 жылғы Тұрақты даму туралы есебі 2023 жылғы маусымның соңында жарияланды. Барлық бұрынғы КПО тұрақты даму туралы есептерін КПО вебсайтындағы «Тұрақты даму» бөлімінен табуға болады.

Тұрақты даму саласында қолданылатын есеп беру стандарттары

Бұл есеп 2021 жылғы GRI стандарттарының талаптарына сәйкес және 2021 жылғы мұнай-газ секторына арналған GRI стандарттары талаптарын ескеріп дайындалды. Есепте Компания үшін аса маңызды тақырыптар бойынша көрсеткіштер жарияланған. Сонымен қатар, біз GRI стандарттарының талаптарына сәйкес келетін ESG күн тәртібін зерделедік. Біз БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі мақсаттарының Қазақстанда орындалуына қосып жүрген үлесімізге үнемі салыстырмалы талдау жүргізіп отырамыз. Біз сондай-ақ CSRD, SASB сияқты қаржылық емес есеп берудің жаңа стандарттарын зерттеп жатырмыз және олардың компаниямызға қаншалықты қатысты екенін анықтап жатырмыз.

GRI стандарттары талап ететіндей Есептің ашықтығы мен шынайылығын қажетті деңгейде қамтамасыз ету біз үшін қашан да маңызды. GRI стандарттарын тұрақты даму туралы есеп беру үшін ең лайықты деп санаймыз.

Ақпараттың тәуелсіз расталуы

Компания Тұрақты даму туралы есебін растау тәжірибесін 2009 жылы бастады. Содан бері аудиторлық компаниялар КПО-ның он үш есебіндегі ақпараттың растығын тексерді. Есептерімізді тәуелсіз растау арқылы қаржылық емес есептеріміздің ашықтық пен шынайылық тұрғысынан жоғары деңгейде болуына ықпал ететініне сенімдіміз.

Осы есепте ашып көрсетілетін деректерді растау үшін КПО «PwC Kazakhstan» компаниясының тәуелсіз сарапшыларының көмегіне жүгінді. PWC Kazakhstan компаниясының «Шектеулі сенімділікті қамтамасыз ететін тәуелсіз тексеру нәтижелері туралы есебі».

Есеп мазмұнын Компания ішінде келісуге келетін болсақ, ESG-есепті Компанияның директорлар комитеті бекітеді, есепті дайындау барысында оны оператор компаниялар тарапынан Тұрақты даму мәселелері жөніндегі қосалқы комитет мүшелері мақұлдайды.