Нормативтік-құқықтық сәйкестік
Противодействие коррупции
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
КПО сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ерекше көңіл бөледі. КПО-ның Парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа және ақшаны жылыстатуға қарсы әрекет ету жөніндегі нұсқаулығы (бұдан әрі – Нұсқаулық) Тәртіп кодексі мен Іскерлік қағидаттарға негізделген және парақорлық пен сыбайлас жемқорлыққа тиым салатын ұлттық және халықаралық заңнаманы сақтау жөніндегі Компанияның талаптарын белгілейді. Барлық персонал, соның ішінде бас компаниялардың іссапарға жіберілген жұмыскерлері, штаттағы қызметкерлер мен жіберуші тараптардың (кадрлар агенттіктерінің) жұмыскерлері осы Нұсқаулықты басшылыққа алуға міндетті. Нұсқаулық сыйлықтар мен қонақжайлылық белгілерімен байланысты жұмыс процестерін анықтап, персоналға сыбайлас жемқорлыққа қатысты ықтимал қауіп-қатерлерді бағалауға көмектеседі. Келесілерге ерекше назар аударылады:
- Келісімшарттар жасасу,
- Сыйлықтар мен қонақжайлылық белгілері,
- Әлеуметтік инвестицияларды қаржыландыру,
- Мемлекеттік органдармен әрекеттесу,
- Мүдделер қақтығысы.
КПО-ның бас директоры, директорлары мен басқарушылары тиісті директораттарда/басқармаларда нормативтік-құқықтық сәйкестік бойынша негізгі құқықтық және этикалық қауіп-қатерлерді анықтайды, бағалайды және қадағалайды.
«ТӘРТІП КОДЕКСІ, НОРМАТИВТІКҚҰҚЫҚТЫҚ СӘЙКЕСТІК ЖӨНІНДЕГІ САЯСАТТАР МЕН ПРОЦЕДУРАЛАРДЫҢ ТАЛАПТАРЫНЫҢ ЕЛЕУЛІ БҰЗЫЛУ ҚАУПІН» БАҒАЛАУ ПРОЦЕСІНЕ КПО-НЫҢ БҮКІЛ ҚЫЗМЕТІН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ҚАУІП-ҚАТЕРЛЕРДІҢ БАР-ЖОҒЫ ТҰРҒЫСЫНАН БАҒАЛАУ КІРЕДІ.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қауіп-қатерлерді азайту мақсатында келесі ережелер мен процестер енгізілген:
- Контрагентпен келісімшарт немесе кез келген заңды күші бар келісім жасау алдында кешенді тексеріс жүргізіледі (төмендегі «Контрагенттердің этикалық сәйкестігін тексеру» бөлімін қараңыз).
- Парақорлыққа және кез келген ресми рәсімдерді оңайлатуға төленетін төлемақылар беруге (соның ішінде пара алу, пара беру, параға коммерциялық сатып алу, пара алу не беруде/параға коммерциялық сатып алуда делдалдық) тиым салынады.
- Қайырымдылық және демеушілік сияқты бизнес-процестер үшін қатаң ережелер мен шектеулер белгіленді, шығындар міндетті түрде есепке алынады және процеске қатысушылардың барлығы алдын ала тексеруден өтеді.
- Саяси партияларға, саяси ұйымдарға немесе олардың өкілдеріне Компания қаражаты есебінен қандай да болса төлемдер (тікелей немесе жанама) жасауға тиым салынған.
- Сыйлықтар алу/беру және қонақжайлылық белгілерін қабылдау/көрсетудің негізгі ережелері, шекті сомалары, мақұлдау және бекіту деңгейлері белгіленген, тиісті тізілім жүргізіледі.
- Мүдделер қақтығысы туралы хабарлау (нақты, ықтимал және болжалды) қағидаттары мен ережелері, жұмысқа қабылдауға қатысты ерекше шарттар белгіленген. Барлық мүдделер қақтығысы оқиғалары тиісті тізілімге енгізіледі, жауапты бөлімшелер оларды реттеу бойынша шаралар қабылдайды (төмендегі «Мүдделер қақтығысы» бөлімін қараңыз).
- Мерзімді оқытулар жүргізіледі, жұмыскерлердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар туралы білімі тексеріледі (төмендегі «Нормативтік-құқықтық сәйкестік талаптарын сақтау бойынша оқыту» бөлімін қараңыз).
- Компанияның ішкі құжаттарының ережелерін және қолданыстағы заңнаманы бұзу туралы хабарлау процестері реттелді, Компанияның ішкі ережелерін бұзу жағдайларын тергеу және сол ережелерді бұзу үшін жауапқа тарту тәртібі анықталды.
Мүдделер қақтығысы
КПО-да мүдделер қақтығысы Тәртіп кодексімен, Парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа және ақшаны жылыстатуға қарсы әрекет ету жөніндегі нұсқаулықпен және Мүдделер қақтығысын басқару жөніндегі нұсқаулықпен реттеледі. Нұсқаулықтардың соңғысы жұмысқа алумен айналысатын КПО менеджерлеріне, сонымен қатар Заң директоратына болжамды, ықтимал немесе іс жүзіндегі мүдделер қақтығысын басқаруда көмек ретінде әзірленді. Оператор комитеті мүдделер қақтығысын қарау процесін реттеуді нормативтік-құқықтық сәйкестік саласында аудиттер өткізу арқылы бақылайды. КПО-ның басқа жұмыскерлерімен, мемлекеттік лауазымды тұлғалармен, мердігерлермен, жеткізушілермен, бәсекелес ұйымдар және бизнес серіктестермен туыстық байланыс болған жағдайда, Компания жұмыскерлерінде мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін. Мұндай оқиғалар Компания ішінде қаралып, реттеледі.
Нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз ету бөлімі барлық жұмыскерлерге мүдделер қақтығысын мәлімдеу қажеттілігін мезгіл-мезгіл еске салады. Жұмысқа тұрмас бұрын әрбір лайықты кандидат КПО-да мүдделер қақтығысының болуы немесе болмауы туралы мәлімдеу нысанын толтырады.
Мүдделер қақтығысы тақырыбының маңыздылығы және нормативтік-құқықтық талаптарды сақтау қажеттілігі туралы Бас директор мен нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз ету бөлімі барлық жұмыскерлерге жүйелі түрде хабарлайды.
Нормативтік-құқықтық сәйкестік талаптарын сақтау бойынша оқыту
КПО-ның барлық жұмыскерлері нормативтік-құқықтық талаптарды сақтау мәселелері бойынша жүйелі оқытудан өтеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша компания жұмыскерлерінің орта есеппен 93 %-ы жыл сайынғы интерактивті оқытудан өтті. Жұмыскерлердің барлық санаттары – бас компаниялардың іссапарға жіберілген жұмыскерлері, штаттық жұмыскерлер және жіберуші тараптардың жұмыскерлері курстар бойынша жыл сайынғы интерактивті оқытудан өтті:
- Тәртіп кодексі,
- Жағымсыз әрекеттерге, қысым жасауға және алымсақтыққа қарсы іс-қимыл,
- Құпиялылық.
Кемсітушілік және жағымсыз әрекеттерге қарсы тұру жөніндегі оқыту тақырыптары нәсілдік және діни, жас, жыныс, шығу тегі, сыртқы түрі (киім, шаш түсі, дене және т. б.), әлеуметтік мәртебесі, қабілетсіздігі, денсаулық жағдайы сияқты критерийлерді қамтыды.
2023 жылы нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз ету бөлімі комплаенс саласында құқық бұзушылық жасау қаупі жоғары қызметкерлер санаты үшін «Сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы іс-қимыл» курсы бойынша 18 сессия өткізді. КПО Директорлар комитетін қоса алғанда, осы курсқа 246 қызметкер қатысты.
Бұдан басқа, Компанияның әрбір жұмыскері жыл сайын Іскерлік қағидаттармен, Тәртіп кодексімен, Парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа және ақшаны жылыстатуға қарсы әрекет ету жөніндегі нұсқаулықпен танысқандығын растауы және Заңнама мен этикалық құндылықтарға сәйкестік туралы мәлімдемеге қол қоюы қажет. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұмыскерлердің 91 %, соның ішінде бас компаниялардың іссапарға жіберілген жұмыскерлері, штаттағы қызметкерлер, заңнама мен этикалық құндылықтарға сәйкестік туралы жыл сайынғы мәлімдемеге қол қойды.
Кез келген жұмыскер нормативтік-құқықтық сәйкестік жөніндегі барлық саясаттар мен процедураларды КПО-ның Интранет желісінен тауып таныса алады. Барлық мүдделі тараптар Іскерлік қағидаттар мен Тәртіп кодексін КПО-ның сайтынан таба алады.
Контрагенттердің этикалық сәйкестігін тексеру
КПО корпоративтік басқаруда, соның ішінде этикалық және нормативтік сәйкестікті қамтамасыз етуде ең жоғары стандарттарға қол жеткізіп, сол деңгейді сақтауға ұмтылады. КПО-ның жетістігі біздің бизнестегі тұрақты табысқа жетуімізде маңызы зор және осы міндеттемені бөлісетін Компанияның серіктестерімен байланысты.
КПО ықтимал бизнес серіктестерінің әрқайсысымен байланысты қауіп-қатерлерді анықтау үшін және қатер төндіруі мүмкін мәселелерді реттеудің тиісті шараларын айқындау мақсатында өз жеткізушілерінің этикалық сәйкестігін бағалауды орындайды.
Әрбір ықтимал бизнес серіктеске меншік түрі және иесі, басшылығы және шаруашылық және коммерциялық қызметі, соның ішінде оның этикалық іскерлік қағидаттары туралы ақпарат пен растайтын құжаттарды жіберуді сұрайтын сауалнама жіберіледі. Тексеру шеңберінде КПО серіктестер берген мәліметтерді растау үшін және іскерлік тәжірибесі мен нарықтағы беделі туралы пікірлерді тексеру мақсатында ашық көздерден алынған ақпаратты да пайдаланады. Бұл үшін КПО халықаралық дерекқорды, Қазақстандағы заңды тұлғалар туралы дерекқорды және ашық ұлттық дерекқорларды, солардың ішінде салық және сот дерекқорларын пайдаланады, сонымен қатар тәуелсіз халықаралық сарапшыларды тартады. Содан кейін, компанияның бизнес серіктес болуға лайықтығын анықтау мақсатында қауіп-қатерлерді бағалау жұмыстары жүргізіледі. Қажет болған жағдайларда, қалдық қауіп-қатерлерді азайту үшін тиісті шаралар қолданылады.
КПО ӨЗІНІҢ БИЗНЕС СЕРІКТЕСТЕРІНЕН КОМПАНИЯМЕН КЕЛІСІМШАРТ ЖАСАСҚАНДАҒЫ СТАНДАРТТЫ ҮЛГІНІҢ БІР БӨЛІГІ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІ ОРЫНДАУ АРҚЫЛЫ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖӘНЕ ПАРАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗАҢДАРҒА СӘЙКЕС ЖҰМЫС ІСТЕУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ.
Сонымен қатар, КПО өзінің бизнес серіктестерінен компаниямен келісімшарт жасасқандағы стандартты үлгінің бір бөлігі болып табылатын міндеттемелерді орындау арқылы жемқорлыққа және парақорлыққа қарсы қолданыстағы қазақстандық және халықаралық заңдарға сәйкес жұмыс істеуді талап етеді. Барлық бизнес серіктестер өткен күнтізбелік жыл ішінде КПО-ның әрбір келісімшартының 25-бабы «Этика және іскерлік тәжірибесінде» көрсетілген мәлімдемелерге, кепілдіктерге және міндеттемелерге сәйкес қызмет еткендігін растайтын Жыл сайынғы сәйкестік бойынша сертификатты толтыру қажет.
Осы шаралардың барлығы серіктестерімізге КПО-ның бизнес жүргізуде жоғары этикалық стандарттарды ғана ұстанатынын көрсететініне сенімдіміз. КПО өзінің бизнес серіктестерімен тығыз жұмыс істейді және жемқорлық пен парақорлықты болдырмау мақсатында олармен бірге қолданыстағы барлық заңнамаларды сақтауы керек.
Жедел желі және сәйкестіктің сақталуын қамтамасыз ету бойынша басқа да шаралар
Компанияның нормативтік құқықтық сәйкестік бағдарламасын іске асыру мақсатында КПО-да тегін, анонимдік және құпия Жедел желісі жұмыс істейді.
Жедел желі КПО қызметкерлері, жеткізушілері және мүдделі тараптары үшін әділ және қауіпсіз жұмыс ортасын құрудағы маңызды құрал болып табылады. Жедел желі арқылы компания жұмыскерлері мен үшінші тұлғалар (мердігерлер, жеткізушілер және басқа да мүдделі тараптар) хабарлай алатын тақырыптарға ықтимал құқықтық және этикалық тәртіп бұзушылық, соның ішінде кемсітушілік, жыныстық алымсақтық, мүдделер қайшылығы, қаржыға қатысты ереже бұзулар немесе жемқорлық кіреді. Мәлімдемені телефонмен немесе онлайн нысанды толтыру арқылы жолдауға болады. Келіп түскен мәлімдемелерді олардың құпиялығы мен анонимдігіне кепілдік беретін тәуелсіз компания өңдейді. Бұдан әрі мәлімдемелер олардың кәсіби қаралуын қамтамасыз ететін КПО-ның тиісті тұлғаларына беріледі. Сондай-ақ, Компания қызметкерлері нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз ету бөліміне, еңбек ресурстары бөліміне немесе өздерінің тікелей жетекшілеріне жүгіне алады.
2023 жылы нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз ету бөліміне тікелей және жедел желі арқылы 129 шағым түсті. Шағымдардың көбі жұмыс орнындағы қатынастар мен мүдделер қақтығысына қатысты болды. 2023 жылы барлығы 123 тергеу жұмыстары аяқталды, оның ішінде 2022 жылғы шағымдарға қатысты тергеулер де бар. Тексерілген шағымдардың 37 %-ы толық немесе ішінара негізді болды. Шағымның түріне қарай тергеу Нормативтік-құқықтық сәйкестіктің бұзылуын тергеу процедурасы және / немесе Тәртіптік мәселелерді шешу жөніндегі ереженің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Келіп түскен барлық мәлімдемелер нормативтік-құқықтық сәйкестікке қатысты ереже бұзуларды тергеу тобымен тергеледі және, қажет болғанда, салдарларды басқару бойынша тиісті іс-шаралар қолданылады. 2023 жылы салдарды басқаруға бағытталған 83 іс-шара ұсынылды, оның 55-і аяқталды және жабылды. Тергеудің сапасы «Мәлімдемелерді тіркеу журналын» үздіксіз жүргізу мен жаңарту арқылы қамтамасыз етіледі, бұл тергеулердің тиімділігін бағалауға және қызмет нәтижелері теріс болған жағдайда үрдістер мен алғашқы себептерді талдауға мүмкіндік береді.
ЕҢ МАҢЫЗДЫ ТЕРГЕУЛЕР МЕН САЛДАРДЫ БАСҚАРУ ҮДЕРІСТЕРІН БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУ МАҚСАТЫНДА КОМПАНИЯДА ЭТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ.
Салдарды басқару бойынша барлық шаралар КПО-ның қолданыстағы саясаттарына сәйкес қадағалауға және бақылауға жатады. Этика мәселелері бойынша кеңес талқылап, мақұлдағаннан және бекіткеннен кейін, салдарды басқару бойынша шаралар тиісті директораттарда/басқармаларда орындалу үшін міндетті болады. Осы шаралардың барлығы арнайы журнал («Шаралар тізілімі») арқылы тіркеледі, қадағаланады және бақыланады.
2023 жылдың қыркүйегінде Заң директоратының бастамасымен Компанияда корпоративтік этикалық құндылықтарға және этика мәселелерінде көшбасшылық деңгейін арттыруға арналған «КПО Этика күні» өткізілді. Бұл шараның мақсаты – өзекті этикалық тақырыптар мен комплаенс мәселесін талқылауға арналған алаң құру.
Шараға КПО-ның бірінші және екінші деңгейдегі басшылары, сондай-ақ бас компаниялар Shell және ENI-дің өкілдері қатысты. Этика күнін жыл сайын өткізу жоспарлануда.
Монополияға қарсы күрес
Монополияға қарсы заңдар кәсіпкерліктің еркіндігі мен бәсекелестіктің әділдігін қорғайды. Заңда жазылғандықтан ғана емес, бұларға өзіміз кәміл сенетіндігімізден осы қағидаларды сақтаудың КПО үшін маңызы зор.
КПО Тәртіп кодексі қызметкерлердің барлығы сақтауы тиіс заңға қайшы әрекеттерге, соның ішінде бағаны белгілеу, нарықты бөлісу, өндіріс көлемін шектеу, тендерге қатысуға өтінімдер тапсыру немесе тендерге қатысу кезіндегі келісу, бәсекелестікке қарсы әрекет ету және монополиялауға қарсы күреске қатысты ережелерді реттейді. КПО қызметкерлеріне монополияға қарсы заңнаманы бұзу болып есептелуі мүмкін мәселелер бойынша бәсекелестермен келісімдер жасауды айтпағанда, бәсекелестермен мұндай мәселелерді тіпті жеке талқылауға да тыйым салынады.
2023 жылы КПО-да жосықсыз бәсекелестікке және монополияға қарсы заңнаманы бұзуға қатысты аяқталмаған немесе аяқталған сот қуынымдары болған жоқ.
Заңнама мен нормативтік актілерді сақтау
КПО өз қызметін іске асыратын мемлекеттерің қолданыстағы барлық заңдары мен нормативтік актілерін сақтайды.
КПО Директорлар кеңесінің барлық мүшелері мен Заң директораты нормативтік-құқықтық сәйкестік мәселелері ӨБТК және Бірлескен қызмет туралы келісімге, мұнай-газ компанияларының қызметін реттейтін барлық ҚР заңдарына және халықаралық заңнамаға, сонымен қатар нормативтік-құқықтық сәйкестікке қатысты процестерді реттейтін КПО-ның саясаттары мен процедураларына сай шешілуін қадағалайды.
2023 жылы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша барлығы сегіз іс жүргізілді, атап айтқанда «Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті» ММ ісі, «БҚО Әділет департаменті» ММ ісі, БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ісі, Бөрлі полиция бөлімінің үш ісі; «БҚО бойынша ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаменті» ММ ісі және «БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ ісі.
Әкімшілік құқық бұзушылықтардың барлығы 2023 жылдың кезеңіне жатады. Есепті кезеңде КПО әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша жеті іс шеңберінде жалпы сомасы 167 453 920 теңгені құрайтын әкімшілік айыппұлдар төледі. Сегізінші іс бойынша – «БҚО мемлекеттік сәулет – құрылыс бақылау басқармасы» РММ ісінде ақшасыз санкциялар қолданылды.
КПО-да біз адамдарға сыйластықтың негізін қалайтын құндылықтарды басшылыққа аламыз. Біз үшін бұл адалдық, әдептілік және әділдік. Осы құндылықтарды қабылдап, оларды жұмысымызда ұстану арқылы әрқайсымыз КПО беделін қорғауға және нығайтуға үлес қосамыз. Баршамызға ортақ құндылықтар – бұл біз орындайтын жұмыстың айнасы және олар КПО-ның Тәртіп кодексі мен Іскерлік қағидаттарының негізі болып табылады.
КПО Іскерлік қағидаттары компания өз қызметін атқару барысында басшылыққа алатын ережелерді белгілейді және акционерлер, тапсырыс берушілер, жұмыскерлер, бизнес серіктестер мен қоғам алдындағы міндеттерімізді анықтайды. Тәртіп кодексінде КПО-ның барлық жұмыскерлері орындауға міндетті тәртіп ережелері және компанияның өз жұмыскерлері алдындағы міндеттері түсіндіріледі.
Бізді іс-әрекеттеріміз негізінде бағалайды. Жұмысымызды заңнамаға, КПО Іскерлік қағидаттарына, Тәртіп кодексіне сүйеніп жүзеге асыратын болсақ, беделіміз арта түседі. Бизнес серіктестерімізге КПО Іскерлік қағидаттарын немесе оларға парапар қағидаттарды міндетті түрде басшылыққа алуға кеңес береміз.