Бизнес-этика
КПО Іскерлік қағидаттары
КПО өз қызметін 2019 жылы енгізілген және КПО Директорлар кеңесінің барлық мүшелерімен бекітілген «КПО Іскерлік қағидаттарына» сәйкес іске асырады. Бұған дейін іскерлік қағидаттар КПО Тәртіп кодексінің бөлігі болатын.
КПО Іскерлік қағидаттары қызметімізде басшылыққа алатын негізгі іскерлік аспекттерді айқындайды және қызмет пен этикалық тәртіпке қатысты жоғары стандарттар қояды. Мүдделі тараптар, соның ішінде мердігерлер мен жеткізушілер, Іскерлік қағидаттарды құрметтейді және өз жұмысын осы қағидаттарға сүйеніп орындайды деп күтеміз.
8-сурет.КПО Іскерлік қағидаттары негізгі жеті категорияны қамтиды:
«КПО Іскерлік қағидаттары» құжатының толық нұсқасын және таныстырма бейнебаянын КПО сайтындағы «Іскерлік этика» бөлімінен тауып таныса аласыздар.
Тәртіп кодексі
КПО Тәртіп кодексі Компания мен оның жұмыскерлерінің қызметін және беделін қорғауды мақсат ететін нормативтік-құқықтық сәйкестікке қатысты құжат болып табылады. Тәртіп кодексі – бұл жұмыскерлеріміз, мердігер ұйымдардың қызметкерлері және КПО атынан жұмыс істейтін басқа тұлғалардың барлығы міндетті түрде сақтауы тиіс КПО-ның іскерлік этика және корпоративтік мәдениет саласындағы жалпы ережелер жүйесі.
Тәртіп кодексі кәсіпкерлік еркіндігі мен адал бәсекелестік қағидаттарын ұстану, адам құқықтары мен Компания активтерін қорғау, бірдей мүмкіндіктер беру, сыбайлас жемқорлыққа және қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыруға (ақшаны жылыстатуға), сондай-ақ жұмыс орнындағы кез келген қудалауға жол бермеуге қатысты ережелерді қамтиды, сонымен қатар ұлттық және халықаралық сауданың, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғаудың, ақпаратты (оның ішінде жеке деректерді) қорғау және алмасудың кейбір аспектілерін реттейді.
КПО Тәртіп кодексінің толық нұсқасын КПО сайтындағы «Іскерлік этика» бөлімінен тауып таныса аласыздар.
Адам құқықтары
КПО адам құқықтарын құрметтейді және қолданыстағы заңнаманың талаптарын, соның ішінде БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында белгіленген нормаларды және Халықаралық еңбек ұйымының негізгі конвенцияларын сақтайды. Сонымен қатар, бұл нормалар Қазақстан Республикасының (ҚР) Конституциясында, ҚР Еңбек кодексінде, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде, ҚР «Азаматтық қорғау туралы» заңында, ҚР Экологиялық кодексінде және тиісті нормативтік құқықтық актілерде белгіленген.
Адам құқықтарын сақтау Компания «қызмет жүргізуге лицензия» алу үшін міндетті шарт болып табылады. Компанияның барлық қызметі жұмыскерлеріміз, мердігерлеріміз, жергілікті халықтан бастап жергілікті билік органдарына дейін барлық мүдделі тараптардың адам құқықтарын сақтауға негізделген. Бұл мақсаттарды ұстана отырып, КПО сыртқы мүдделі тараптармен үнемі өзара әрекеттестікте болады және өзі жұмыс істейтін қауымдастықтардың жалпы өркендеуіне тікелей немесе жанама үлес қосуға ұмтылады.
Адам құқықтары мәселелері әлеуметтік үлес, қауіпсіздік және адам ресурстары тұрғысынан талаптардың сақталуын сипаттайтын Компанияның ішкі ережелерінде көрініс тапқан. Осы мақсатта адам құқықтарын қорғауға қатысты талаптар Тәртіп кодексіне және КПО-ның қолданыстағы қағидаттарына, саясаттарына және ішкі ережелеріне енгізілген. Олардың қатарына мыналар жатады:
- Әлеуметтік қызмет – біздің әлеуметтік даму жөніндегі жоспарларымыз бар және біз өндірістік қызметіміздің жергілікті халық тұрмысына тигізетін әсерін ескереміз.
- Қауіпсіздік – бүкіл Компанияға қойылатын қауіпсіздік талаптары жұмыскерлердің, мердігерлердің және объектілердің қауіпсіздігін адам құқықтары мен жергілікті халықтың қауіпсіздігі сақталатындай қамтамасыз етуге көмектеседі.
- Адам ресурстары – саясаттарымыз бен стандарттарымыз жұмысқа әділ орналастыру, этикалық еңбек қатынастары, жағымды жұмыс ортасы мен еңбек жағдайларын құру қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға көмектеседі.
- Келісімшарттар мен сатып алулар – біз тұрақты дамуға үлес қосатын және экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан жауапты мердігерлермен және жеткізушілермен жұмыс істеуге ұмтыламыз.
Заңнамаға сәйкестік саласындағы жалпы саясат шеңберінде КПО этикалық нормалар мен нормативтік-құқықтық сәйкестікті сақтау саласында оқытудың жаңа бағдарламасын қабылдады және орындауға кірісті. Бұл бағдарлама қабылданған қағидаттар мен міндеттемелер бойынша жоғарыда аталған негізгі мәселелерді шешуге бағытталған.
КПО қазіргі заманғы құлдық пен балалар еңбегін пайдалануға мүлдем қарсы. Осы орайда Компания өзінің жеткізу тізбегінде не қызметінің басқа салаларында балалар еңбегін пайдалануды, құлдықты және адам саудасын анықтауға және мүмкіндігінше жоюға ұмтылады.
2023 жылы КПО мен оның мердігерлік ұйымдары ішінде балалар еңбегін пайдалану және адам саудасы оқиғалары тіркелген жоқ.
КПО-да біз адамдарға сыйластықтың негізін қалайтын құндылықтарды басшылыққа аламыз. Біз үшін бұл адалдық, әдептілік және әділдік. Осы құндылықтарды қабылдап, оларды жұмысымызда ұстану арқылы әрқайсымыз КПО беделін қорғауға және нығайтуға үлес қосамыз. Баршамызға ортақ құндылықтар – бұл біз орындайтын жұмыстың айнасы және олар КПО-ның Тәртіп кодексі мен Іскерлік қағидаттарының негізі болып табылады.
КПО Іскерлік қағидаттары компания өз қызметін атқару барысында басшылыққа алатын ережелерді белгілейді және акционерлер, тапсырыс берушілер, жұмыскерлер, бизнес серіктестер мен қоғам алдындағы міндеттерімізді анықтайды. Тәртіп кодексінде КПО-ның барлық жұмыскерлері орындауға міндетті тәртіп ережелері және компанияның өз жұмыскерлері алдындағы міндеттері түсіндіріледі.
Бізді іс-әрекеттеріміз негізінде бағалайды. Жұмысымызды заңнамаға, КПО Іскерлік қағидаттарына, Тәртіп кодексіне сүйеніп жүзеге асыратын болсақ, беделіміз арта түседі. Бизнес серіктестерімізге КПО Іскерлік қағидаттарын немесе оларға парапар қағидаттарды міндетті түрде басшылыққа алуға кеңес береміз.