ІСКЕРЛІК ҚАҒИДА
Ақпарат беру және
өзара әрекеттесу
|
Біз мүдделі тараптармен жүйелі түрде диалог жүргізу мен өзара әрекеттесудің маңыздылығын түсінеміз Біз жұмысымыз туралы хабардар болуға және тиісті ақпарат алуға толық құқылы мүдделі тараптарға сол ақпаратты ұсынуды міндетіміз деп санаймыз, алайда бұл ретте заңды басым құқыққа ие іскерлік құпиялық ережелерін ескереміз. Жұмыскерлерімізбен, бизнес серіктестермен және жергілікті қауымдастықтармен қарым-қатынасымызда біз адал әрі толық жауапкершілікпен тыңдауға және әрекет етуге тырысамыз. |
Маңызды тақырыптар және мүдделі тараптармен өзара әрекеттесу
Тұрақты даму саласындағы табыс бизнес пен мүдделі тараптар арасындағы диалогтың тиімділігіне байланысты. Біз мүдделі тараптармен тығыз байланыстымыз және олардың пікірлері біз үшін маңызды. ESG-есеп мүдделі тараптарды қызметіміз туралы хабардар етудің негізгі құралы болып табылады. Есепте сонымен қатар негізгі мәселелерді қалай шешкеніміз туралы, есеп берілетін кезеңде компанияға да, мүдделі тараптарға да қандай да бір жолмен әсер етуі мүмкін осыған байланысты өзгерістер туралы баяндаймыз.
Оған қоса, Есепте КПО компаниясының бүкіл өңірдің дамуына ықпалын талдауға мүмкіндік беретін көрсеткіштердің үлкен көлемі ұсынылған. Есепті әзірлеуде біз бас компанияларымыздың мол тәжірибесін негізге аламыз және қаржылық емес есептілік саласындағы әлемдік деңгейде мойындалған практика талаптарын ұстанамыз.
Мүдделі тараптарымызбен орнатылған нәтижелі қарым-қатынасымызды жалғастыру және өзара тиімді шешімдер қабылдау біз үшін маңызды. Әдетте, шешімдер өзара әрекет кезінде қабылданады. Мүдделі тараптармен өзара әрекеттестік – Компания қызметінің ажырамас бөлігі: ол заңнама шеңберінде және Компанияның ішкі процедураларына сәйкес жоспарланады, құжат жүзінде тіркеледі және іске асырылады. КПО бөлімшелері өз мүдделі тараптарын қауіп-қатерлер мен маңызды тақырыптарды талдау негізінде анықтайды және осы Есепте олармен өзара әрекеттесу бойынша тәжірибелерімен бөліседі.
КПО қызметі ауқымды болғандықтан оның мүдделі тараптарының құрамына көптеген топтар мен ұйымдар кіреді. 3-суретте мүдделі тараптардың біз үшін аса маңызды топтарын атап шықтық және 2023 жылы олармен өзара әрекеттестікті қандай жолмен жүзеге асырғанымызды көрсеттік.
ESG-есепті дайындау кезінде Компания ішіндегі түрлі бөлімдермен, сондай-ақ одан тыс мүдделі тараптармен өзара әрекет арқылы ақпарат алмасып, деректер жиналады. Есепті әзірлеудегі көпжылдық тәжірибемізге сүйеніп, біз қызметіміз үшін ең өзекті және маңызды тақырыптар бойынша мәлімет беру үшін жыл сайын қайта қаралатын бірқатар маңызды тақырыптарды белгілеп алдық. Есептің осы шығарылымында біз олардың даму қарқыны туралы хабарлауды жалғастырамыз.
Маңызды тақырыптар шегін анықтау құралы ретінде GRI Есептілік бойынша жаһандық бастама стандарттарын және олардың мұнайгаз саласына арналған қосымшасын басшылыққа аламыз. Есепте берілген нәтижеліліктің аса маңызды көрсеткіштерін Халықаралық мұнай-газ өндірушілер қауымдастығының (IOGP) деректерімен салыстырмалы түрде көрсетеміз. Қолданылатын GRI стандарттарын біз менеджмент саласындағы әдістерді және Компания қызметінің негізгі көрсеткіштерін ескере отырып ашамыз. Сонымен қатар, қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер бағаланады, алға қойылған мақсаттар өткен кезеңдердің жетістіктерімен сандық түрде салыстырылады.
Әртүрлі стандарттардың талаптарына қарамастан, біз Компанияның қызметі мен тұрақты даму саласындағы маңызды тақырыптар бойынша барынша толық ақпарат беруге тырысамыз. Сондықтан, Есепте берілген ақпарат GRI көрсеткіштерімен ғана шектеліп қоймайды.
Есепте талқыланатын маңызды тақырыптар жалпы КПО қызметінен және жеке өндірістік операцияларды жүргізу кезінде болатын экономикалық, экологиялық және әлеуметтік әсер ету мәселелерін қамтиды.
Есеп беру кезеңінде баяндалған тақырыптар бас компанияларымызбен, өкілетті орган «PSA» ЖШС-мен, әртүрлі бақылаушы органдармен, мердігерлерімізбен, салалық серіктестерімізбен, жұмыскерлерімізбен, кәсіподақтармен, жергілікті халықпен және БАҚ өкілдерімен көп тарапты өзара әрекеттестік барысында ұдайы қадағаланып отырады. Мүдделі тараптар жергілікті тұрғындармен өткізілетін консультативтік кеңестерде, форумдарда, конференцияларда, қоғамдық тыңдаулар сияқты түрлі жиналыстар барысында, әлеуметтік сауалнамалар мен тексерулер жүргізу кезінде, сондай-ақ Компаниямен тікелей байланысу арқылы өздерін толғандыратын мәселелерді көтереді. (3-суретті қараңыз)
2023 жылдың аяғында осы есепте көрсетілетін аса маңызды тақырыптарды анықтау мақсатында негізгі мүдделі тараптарымыздың арасында сауалнама жүргіздік. Таңдалған сыртқы респонденттердің ішінен мемлекеттік органдардың, бас компаниялар мен мердігерлік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Компания қызметкерлері сауалнамаға жауап берді. Аталмыш сауалнама есеп беру процесін талдап зерделеуге және маңызды тақырыптар тізімінде басым бағыттарды белгілеуге көмектесті. 2-суретте көрсетілген барлық тақырыптар 2023 жылы да КПО мен оның мүдделі тараптары үшін маңызды болып қала берді. Біз 2024 жылдан бастап Климаттың өзгеруі деген жаңа тақырыпты қостық. Себебі, бұл тақырып жаһандық және қазақстандық күн тәртібінде аса маңызға ие.
Сауалнама нәтижелері сонымен қатар технологиялар мен инновациялар, қоршаған ортаны қорғау, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы сияқты тақырыптардың жоғары маңыздылығын көрсетті. Одан кейін персоналды дамыту және оқыту, энергия тиімділігі және технологиялық процестердің қауіпсіздігі тақырыптары жүреді. Парниктік газдар мен ластаушы заттардың шығарындыларын азайту және су ресурстарын тиімді пайдалану тақырыптары да маңызды деп атап өтілді. Соңғы үш жыл ішінде таңдалған үздік 8 тақырып 1-кестеде берілген.
1-кесте.2021–2023 жылдары мүдделі тараптардың негізгі топтарына жүргізілген сауалнама нәтижесінде неғұрлым маңызды деп танылған тақырыптарды салыстыру.
2023 |
2022 |
2021 |
|
|
|
Осы есепте баяндалатын қандай да бір тақырыптардың өзектілік деңгейін 2-суретте байқауға болады. Тақырыптар маңыздылығына қарай диаграмманың сыртқы шетінен ортасына дейін 0-ден 3-ке дейінге диапазонда көрсетілген. Шекті мәні бірден жоғары ең маңызды тақырыптар диаграмманың ішкі қабаттарында орналасқан.
Есепті дайындау барысында негізгі мақсатымыз осы Есепте жарияланатын маңызды тақырыптар туралы қоғамның хабардарлығын үнемі арттырып отыру деп білеміз. Кері байланыстың онлайн формасын веб-сайтымыздан таба аласыз. Есеп туралы ойыңызды кез келген уақытта өзіңізге ыңғайлы формада Sustainability@kpo.kz электронды поштасына жолдай аласыз.
Есептердің қағаз нұсқаларында оқырмандар жыртып алып, толтыра алатын кері байланыс формасы бар. Келіп түскен ескертулер мен ұсыныстар келесі есепті дайындаған кезде назарға алынатын болады.
2-сурет.2023 жылдағы сауалнама нәтижесі бойынша КПО тұрақты дамуының маңызды тақырыптары
Ескерту: Тақырыптар маңыздылығы диаграмманың сыртқы шетінен ортасына дейін қойылған 0-ден 3-ке дейінге диапазонда көрсетілген. Ең маңызды тақырыптар диаграмманың ішкі шеңберлерінде орналасқан.
3-сурет.КПО мүдделі тараптары және олармен 2023 жылы өзара әрекеттесудің негізгі жолдары
Іскерлік серіктестіктер және қауымдастықтарда мүшелік ету
Біз «KAZENERGY» қауымдастығы, «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталығы», «Тұрақты дамуға арналған табиғатты пайдаланушылардың қазақстандық ассоциациясы» және Қазақстанның сервистік компанияларының одағы сияқты қазақстандық қауымдастықтардың жұмысына қатысуымызды стратегиялық маңызды деп бағалаймыз. Осы қауымдастықтардың шегіндегі серіктестік арқасында КПО-ның мұнай және газ саласындағы басқа кәсіпорындармен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жұмыс топтары мен комитеттерге қатысу арқылы компания мүдделерін ілгерілетуге мүмкіндігі бар.
KAZENERGY қауымдастығымен бірлесе отырып, біз КПО және мемлекеттік мүдделі тараптар көтерген көптеген мәселелерді шешудеміз. Үйлестіру кеңестері, комитеттер мен жұмыс топтары аясында өзара әрекеттесу бірнеше бағытта жүзеге асырылуда.
Әлеуметтік салада талқыланатын мәселелер ауқымы еңбек қатынастары, жобалар бойынша әлеуметтік-тұрмыстық қамсыздандыру, сондай-ақ ұжымдық шарттардың жобаларына арналған базалық құжат ретінде Салалық келісім жобасын әзірлеу, жұмыстар мен кәсіптердің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамасын ауыстыруға арналған кәсіби стандарттарды әзірлеу және т.б. қамтиды. Қоршаған ортаны қорғауға қатысты тақырыптар мұнай-газ саласында жаңа қолжетімді технологияларды әзірлеу және қолдану, экологиялық заңнаманы, оның ішінде Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексінің жобасын жетілдіру, жер қойнауын пайдаланушылардың нормативтік-құқықтық актілерге түсініктерге уақтылы қатысуы, парниктік газдар шығарындыларын және көміртексіздендіруді реттеу бойынша нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу, қоршаған ортаның құрамдастарына арналған сапаның экологиялық стандарттарын белгілеу, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің жобасын әзірлеу және т.б. арқылы жүзеге асырылуда.
2023 жылдың қазан айының басында КПО Каспий және Орталық Азия өңірлеріндегі мұнай-газ секторындағы ең ірі халықаралық шаралардың бірі – KAZENERGY XV Еуразиялық форумына белсенді қатысты. КПО делегациясы бірқатар техникалық сессияларға, дөңгелек үстелдерге және панельдік пікірталастарға қатысты. КПО бас директоры Джанкарло Рую 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу үшін Үкімет пен шетелдік инвесторлар арасындағы кешенді шаралар мен өзара іс-қимыл тақырыбына арналған панельдік сессияда сөз сөйледі. Іс-шара аясында KAZENERGY «EmpowerHer energy forum» Әйелдер энергетикалық клубының VI форумы өтті. Ол форумда әйелдердің бастама көтерудегі және әлеуметтік және экологиялық нәтижелерге қол жеткізудегі рөлі, теңсіздікті төмендетудің тиімді стратегиялары талқыланды. Бұл туралы толығырақ «КПО әйелдер клубы» бөлімінде сипатталған.
Қазақстан Республикасындағы отандық мұнай-газ машина жасау саласын дамыту бойынша іс-шараларды жүзеге асыратын Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталығының (IMBC) жұмысына белсенді қатысу Қарашығанақ жобасында тауарлар, жұмыстар және қызметтердегі жергілікті қамту үлесін арттыруға көмектеседі.
2023 жылдың сәуір айында КПО Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, сондай-ақ ірі мұнай-газ операторлары НКОК және ТШО қолдауымен IMBC бастамасымен мұнай-газ машина жасау саласын дамыту бойынша жыл сайынғы форумға қатысты. Өз сөзінде КПО бас директоры Джанкарло Рую тоғыз жергілікті өндірушімен жаңа келісімшарттарға қол қойылғаны туралы баяндады. Бұл жергілікті қамту үлесін 75 %-ға дейін арттыру міндеттемесімен қоса, 150-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
КПО мен IMBC-дің ортақ жұмысы туралы толығырақ «Жергілікті қамтуды дамыту» тарауынан біле аласыз.
2023 жылдың 17 қарашасында КПО Қазақстанның сервистік компаниялар одағы ұйымдастырған «Казнефтегазсервис-2023» XI жыл сайынғы мұнай сервисі конференциясына қатысты. Конференцияға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, отандық мұнай сервистік компаниялардың, сондай-ақ Қазақстанның ірі жер қойнауын пайдаланушыларының өкілдері қатысты.
«Казнефтегазсервис» форумы қазақстандық мұнай сервистік саласы мен тәжірибелі шетелдік мердігерлер арасындағы сұхбат пен кері байланыс үшін тиімді алаң болып табылады, ол байланыстар орнатуға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді. Іс-шарада қазақстандық компаниялардың мұнай-газ саласындағы инжиниринг пен құрылыс жұмыстарына қатысу мәселелері талқыланды.