«КПО 365» стратегиясының бірінші саны алдымызға қойған 3 негізгі мақсатты білдіреді. Олар жылдан жылға өзгеріссіз қала береді. Бұлар стратегияның негізгі іргетасы іспетті және стратегияның қалған элементтері осыларға негізделеді. Осы мақсаттар КПО-ны қызметі орнықты және тұрақты даму қағидаттарына сәйкес ұйымдастырылған әлемдік деңгейдегі кәсіпорынға айналдыратын қозғаушы күштер болып табылады.
Одан кейінгі сан 6 басым бағытты білдіреді. Олар да тұрақты болып қалады, тек қажет болған жағдайда 3 жыл сайын жаңартылып отыруы керек.
«КПО 365» стратегиясындағы әр басым бағыт «5» жолды қамтиды. Бұл жолдар – КПО-ның ұзақ мерзімді көздеген мақсатына жетуге жетелейтін жыл сайынғы қысқа мерзімді стратегиялар. Жоспарымызға сәйкес аталмыш жолдар жыл сайын қайта қаралып, бекітіліп немесе жаңартылып отырады, содан кейін тиімділіктің жылдық негізгі көрсеткіштерімен байланыстырылады және кейін осы ақпаратты негізге алып, болашақтағы қызмет жоспарланады.
КОМПАНИЯНЫҢ МИССИЯСЫ
Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» негізгі миссиясы – Қарашығанақ мұнай, газ және конденсат кен орнын табиғатқа қамқорлық және экономикалық тиімділік қағидаттары негізінде, сондай-ақ жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өркендеуі үшін мүмкіндіктер жасай отырып игеру.
Осы мақсатқа қол жеткізу жолында КПО өз қызметтерінде тұрақты даму қағидаттарын берік ұстанады және келесілерді жүзеге асыруға өз үлесін қосады:
- Компания қызметімен байланысты теріс әсерді барынша азайту, ал мүмкіндіктерді барынша арттыру;
- Қарашығанақ кен орнын игеру барысында қабылдайтын шешімдерінің ұзақ мерзімді салдарын ескеру;
- Мүдделі тараптарды сындарлы сұхбатқа тарту;
- Өндірісті ұйымдастырудың озық әдістерін енгізу және ашықтықты қамтамасыз ету.
Компания өз қызметін Тұрақты даму кодексінде, сонымен қатар КПО бизнес қағидаттарында бекітілген он тұрақты даму қағидатын басшылыққа алып, БҰҰ-ның тұрақты даму саласындағы мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге өз үлесін қосып жүзеге асырады.
КПО БИЗНЕС СТРАТЕГИЯСЫ
Ұзақ мерзімді әлеуметтік, экологиялық және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге деген талпынысымыз КПО миссиясында көрініс тапқан. Бұл мақсатымызға 3 мақсаттан, 6 басым бағыттан және 5 «жолдан» тұратын «КПО 365» атты стратегиямызды іске асыру арқылы қол жеткізуді жоспарлап отырмыз (1-суретті қараңыз).
КПО-ның бизнес стратегиясының мақсаты – бүкіл ұйым аясында миссияға қатысты тұтастықтың болуын қамтамасыз ету және алға қойылған міндеттер мен берілген уәделердің орындалуын қадағалау үшін құрылған жүйеге сәйкес әрекет ету.
Стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін компанияның ұстанымы мен миссиясын тактикалық және нақты әрекеттерге айналдырған өте маңызды. Бұған «КПО 365» корпоративтік стратегиясын енгізу арқылы қол жеткізбекпіз. Бұл стратегия болашақта КПО-ны табысқа жетелейтін құрамдас элементтерді анықтайды және олар 1-суретте көрсетілген.
1-сурет.«КПО 365» стратегиясы
Климатқа қатысты қатерлер мен мүмкіндіктер
Біз климаттың өзгеруінен туындайтын тәуекелдер мен мүмкіндіктерді бағалау және басқару тәсілін үнемі жетілдіріп отырамыз. Бұл жұмысымыздың аясында түрлі уақыт аралығын қарастырып, ол кезеңдердің қатерлерді анықтау және қызметті жоспарлау үшін маңыздылығын анықтаймыз. Біз шығарындылар саудасы жүйесіне, көміртегі бағасына, жаңартылатын энергия көздеріне және офсеттік шешімдерге қатысты заңнамадағы өзгерістерді белсенді түрде қадағалап отырамыз. Энергетикалық бетбұрыстың орта және ұзақ мерзімді перспективада қалай өрбуі мүмкін екені туралы түсінік беретін әлеуетті сценарийлерімізге осы факторлар енгізілген. Осы идеялар стратегиялық көзқарасымызды, қаражатты бөлуді және парниктік газ шығарындыларын азайтуға бағытталған мақсаттар қоюды анықтайды.
Біз сонымен қатар климаттың өзгеруіне байланысты орын алуы мүмкін физикалық қатерлерге қарсы төзімділікті арттыру үшін активтеріміз бен өндірістік қызметімізді тиімді бейімдеу жолында жұмыс істеп жатырмыз. Активтер мен персоналды климаттық қатерлердің физикалық әсерінен қорғау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың наурыз-сәуір айларында КПО компаниясы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының жергілікті билік органдарына су тасқынына қарсы қоршаулар салуда қолдау көрсетіп, зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созды. Компания су тасқыны салдарынан үйлері жарамсыз болған адамдарға жаңа тұрғын үй сатып алуға 2 млрд теңге көлемінде өтеусіз қаржылық көмек көрсетті.
Біз сондай-ақ ҚР Үкіметімен ынтымақтасып, нормативтік базаны қалыптастыру бойынша түрлі жұмыс топтарына қатысып жүрміз, бұл өз кезегінде Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік бермек.
2024 жылдың наурызында КПО шығарындыларды дәл өлшеуге негізделген кешенді есеп беру жүйесі – «Мұнай-газ секторының метан шығарындыларына қарсы күрес жөніндегі серіктестік 2.0» (OGMP) атты халықаралық бастамаға қосылды. OGMP 2.0 – БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының мұнай-газ саласындағы есептілікті жақсартуға және метан шығарындыларын азайтуға бағытталған озық бастамасы.
Қазақстанның жетекші мұнай-газ кәсіпорындарының бірі ретінде КПО энергетикалық бетбұрыстың қатерлері мен мүмкіндіктерін алдын ала анықтауға тырысады.
Коммерциялық қатерлер (орта және ұзақ мерзімді)
Төмен көміртекті экономикаға көшу және Еуроодақтың көміртек шығарындыларын трансшекаралық реттеу механизмінің мұнай мен газға таралуы мұнай-газ өнімдерін өндіруге көп энергия жұмсалатын болғандықтан сатылатын өнім көлемінің және/немесе табыстылығының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, инвесторлар мен қаржы институттары артық көріп, басымдық беретін бағыттардың өзгеруі капитал пайдалануға деген мүмкіндікті шектеп, оның құнын арттыруы мүмкін.
Нормативтік-құқықтық талаптарға қатысты қатерлер (қысқа, орта және ұзақ мерзімді)
Басқа нарықтар сияқты Қазақстанның көміртек нарығы да ПГ шығарындыларына берілетін тегін квотаны төмендету арқылы және шығарындыларға берілетін квоталарды саудалау жүйесін дамыту арқылы бизнесті төмен көміртекті технологияларға жүйелі көшіруді көздеп отыр. Болжам бойынша көміртек шығарындыларын реттеу механизмінің күшейтілуіне байланысты нормативтік талаптарды орындауға кететін шығындар арта түседі. Дегенмен, қазіргі уақытта тегін көміртек квоталарының төмендеу қарқынына, көміртегі бағасына және басқа да реттеу механизмдеріне қатысты шешімі табылмаған түрлі сұрақтар бар. Бұл жобаларды жоспарлау және инвестициялық шешімдер қабылдау процестерінде ескерілуі қажет тиісті болжамдарды анықтауды қиындатады.
Физикалық қатерлер (қысқа мерзімді, орта және ұзақ мерзімді)
Су тасқыны, құрғақшылық, жаз кезіндегі жоғары температура сияқты қатерлерді қамтитын климаттың өзгеруінен туындайтын әлеуетті жағдайлар КПО объектілеріне, өндірістік қызметіне және жеткізу тізбегіне әсер етуі мүмкін. Бұл қауіпті факторлар мен әсерлердің жиілігі арта түседі деп күтіледі. Климаттың өзгеруіне байланысты болса да не байланысы жоқ болса да, ауа-райының экстремалды құбылыстары КПО-ның қаржылық жағдайына теріс әсер етуі мүмкін.
Беделге қатысты қатерлер (ұзақ мерзімді)
Беделге қатысты қатерлерге келетін болсақ, егер КПО өзін климаттың өзгеруіне қарсы күресте көшбасшылардың бірі ретінде көрсете алмаса, ол материалдық емес беделге қатысты қатерлерден зиян шегу мүмкін. Бұл мұнай-газ саласындағы әрбір кәсіпорынның процеске қосылып, ортақ жауапкершілікті бөлісу қажет екенін көрсетеді. Демек, КПО-ның бүкіл сала күш жұмылдырған бастамаға қосатын үлесі айқын және танылатындай болуы керек. Бұл КПО-ның өзінің және бас компанияларынан алынған ең жақсы қолданыстағы технологияларды, тәжірибелер мен бастамаларды қолдануға деген ұмтылысын білдіреді. Бас компанияларымыздың көпшілігі өздерінің операциялық философияларында энергетикалық бетбұрыс тұрғысынан үлкен серпіліс жасады.
Энергетикалық бетбұрыстың арқасында КПО-ға заңнаманың және нарық сұранысының өзгеруін өз пайдасына пайдалануға оңтайлы мүмкіндіктер береді. Біз шығарындыларды мейлінше азырақ шығарып, барынша көбірек құндылық қамтамасыз етуге тырысатындықтан, бүгін біз энергия тиімділігі құралдарына, жаңартылатын энергия көздеріне, табиғатпен байланысты офсет мүмкіндіктеріне және метан шығарындыларын бақылауға назар аударамыз. Энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану өнімдеріміздің ПГ шығарындылары мен көміртек ізін азайтуға көмектеседі. Бұл заңнаманың орындалуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар квота шегінен асып кетумен байланысты ықтимал шығындардың туындауының алдын алады және бәсекеге қабілеттілігімізді сақтайды. Басқа шешімдер дайындалып, кең қолданысқа енгенге дейін көміртекті офсеттік шешімдер қысқа және орта мерзімді перспективада болашақтағы көміртексіздендіру процесіне көпір ретінде тез және құнды рөл атқарады. Толығырақ ақпарат осы есептің «Климаттың өзгеруі және энергетикалық бетбұрыс» бөлімінде берілген.
Оған қоса айта кетері, метан шығарындыларын бірнеше себептерге байланысты бақылау қажет. Ең бастысы – метан климаттың өзгеруіне және ауа сапасына айтарлықтай әсер етеді. Тиімді бақылау жүйелерін енгізу есеп беру процестерін жақсартуға және метан шығарындыларының қоршаған ортаға шығуының алдын алуға көмектеседі. Метан шығарындыларының жетілдірілген мониторингі мен есептің ашықтығын қамтамасыз ету біздің алдағы бес жылдағы – 2024 жылдан 2029 жылға дейінгі басты басымдықтарымыз болып табылады.