ҚазРусEng
Қарашығанақты кеңейту жобасын іске асыруда кезекті белес алынды

Ақсай қаласы, 2024 жылғы 4 шілде — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) Қарашығанақты кеңейту жобасын (ҚКЖ-1А) жүзеге асыру жолында маңызды кезеңнің аяқталғанын хабарлайды. Бұл Қазақстанның энергетика секторы үшін маңызды бір белес. Жүйеге отын газы сәтті жіберілді, енді жоба іске қосу-реттеудің соңғы сатысына жетті. Осының арқасында алдағы апталарда бесінші компрессор көмегімен резервуарға кері айдау жұмыстарын бастау мүмкін болады.

 

Бұл жетістік КПО-ның алып Қарашығанақ кен орнын қауіпсіз әрі тиімді игеру жөніндегі міндеттемесін бұлжытпай орындап жатқанын көрсетеді. Логистикалық шектеулер және жеткізу тізбегіндегі дағдарыс сияқты сыртқы қиындықтарға қарамастан, жоба адымдап дамып келе жатыр, бұл өз кезегінде КПО ұжымының табандылығы мен жұмысына адалдығын көрсетті.

 

Жаңа компрессор газды кері айдау көлемін айтарлықтай арттырады, соның арқасында резервуар қысымын ұстап тұруға және кен орнындағы сұйық көмірсутекті өндіру мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Жоба аясында газды тиімді өңдеу және кері айдау үшін қажетті жаңа газды сығымдау және газды сусыздандыру қондырғыларын орнату көзделген.

 

Қарашығанақ жобасы басталғалы бері, одан республикалық бюджетке түсетін салықтар мен міндетті төлемдер сияқты жарналарының көлемі қомақты болды. Қазіргі кезде жүргізіліп жатқан кеңейту республиканың бюджетіне түсетін кірістерді арттыруға және өңірлік дамуға ықпал етеді деп күтілуде.

 

КПО қызметінің іргелі бір бағыты — жергілікті қамтуды арттыру. Жобаның ерекше жетістігін ондағы жергілікті қамту көрсеткіштерінен де байқауға болады. Бұл көрсеткіш шамамен 62%-ды құрап, күтілгеннен әлдеқайда асып түсті. Бұл жетістік КПО-ның жергілікті қауымдастықтарды және экономиканы қолдауға деген ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар, ҚКЖ-1А тауарларының жергілікті қамту көрсеткіштері шамамен 18%-ға өсті, бұл да Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіндегі жергілікті өндірушілерді дамытуға деген ынтаның дәлелі. Сондай-ақ құрылыс кезеңінде ҚКЖ-1А жобасы жеті мыңға жуық жергілікті тұрғынға жұмыс орындарын ашқанын және пайдалану кезеңінде жергілікті қауымдастықты одан әрі жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін айтып өткен жөн.

 

Бүгінгі алған белес елдің энергетика саласын дамыту перспективасына қатысты ҚР Үкіметінің көзқарасымен тұспа-тұс келіп, Қарашығанақтың Қазақстан энергетикалық ландшафтындағы маңызды орнын паш етеді. Бесінші кері айдау компрессорын салудағы құрылыс кезеңінің сәтті аяқталуы — ұзақ мерзімді өндірістік тұрақтылық пен экономикалық өсуді қамтамасыз ететін Қарашығанақ кен орнын үздіксіз игерудегі атаулы жетістік.

 

КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі

 

 

 

БАҚ-қа арналған ескертпе:

 

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), " Лукойл" (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК" АҚ (10%) компанияларының бірлескен кәсіпорны.

 

КПО әлемдегі ең ірі газ конденсат кен орындарының бірі — Қарашығанақ кен орнын игерумен және кеңейтумен айналысады.