ҚазРусEng
14.07.2020
КПО Орал қаласындағы №7 қалалық емханада күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтады

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, 2020 жылғы 14 шілде - «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы Орал қаласы облыстық клиникалық аурухана аймағында орналасқан №7 қалалық емханада күрделі жөндеу жұмыстарын сәтті аяқтағаны туралы хабарлады.

Компания бас директоры Эдвин Блом атап өткендей «Қарашығанақ жобасы аймақтың әлеуметтік және экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. КПО компаниясы корпоративтік жауапкершілік қағидаттарына негізделген, және Қарашығанақ кен орнын игеруден Қазақстан Республикасы экономикасы мен жергілікті тұрғындар үшін барынша көп табысты қамтамасыз етіп, жергілікті атқарушы органдарға жан-жақты қолдау көрсетуде. Қазіргі кездегі жағдайды ескерсек, бұл әлеуметтік жоба аса маңызды. Жобаны жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдармен бірге ауқымды жұмыс атқарылды. Жергілікті тұрғындар КПО-ның әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және аймақтың медициналық базасын нығайтуға қосқан үлесін оң бағалайтынына сенімдімін» - деді Эдвин Блом.

№ 7 қалалық емхананың бес қабатты ғимаратын күрделі жөндеу кезінде қажетті бөлшектеу және шатыр жұмыстары, сыртқы және ішкі өңдеу жұмыстары, сондай-ақ ғимарат қабырғаларын жылумен оқшаулау және сайдингпен қаптау жұмыстары жүргізіліп, терезелер, есіктер мен сантехника толығымен ауыстырылды. Оған қоса жылумен және сумен қамту жүйелері ауыстырылып, өрт сөндіру, бейнебақылау, ауаны баптау мен желдету жүйелері, және екі лифт орнатылды.

Мекемеде облыстық клиникалық аурухана тарапынан жұқпалы аурулары бар науқастарға арналған 146 төсек орны ұйымдастырылып, қосымша медициналық жабдықтар жеткізілді, оның ішінде 21 өкпені жасанды желдету аппараты бар.

Соңғы жиырма жыл ішінде КПО қаражатына Батыс Қазақстан облысында ондаған жаңа мектеп, аурухана, спорт пен мәдени нысан, және көптеген шақырым жаңа жолдар салынды. Жалпы, КПО-ның аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жұмсаған инвестицияларының жалпы көлемі шамамен 400 миллион АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар, құрылыстың барлық кезеңінде Компанияның әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға тек жергілікті мердігерлер қатысады.