ҚазРусEng
12.08.2021
КПО бірінші жартыжылдықтағы өндірістік қызметінің нәтижелерін ұсынды

АҚСАЙ, Батыс Қазақстан облысы, 2021 жылдың 11 тамызы - «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы бірінші жартыжылдықтағы өндірістік қызметінің нәтижелерін ұсынды.

Осы кезеңде КПО тұрақты және тұрақсыз сұйық көмірсутектер түріндегі 73 миллион баррельге жуық мұнай эквивалентін, экспортқа арналған шикі газды және отын ретінде пайдалану үшін тазартылған газды өндірді. Сонымен қатар, шамамен 5 миллиард текше метр шикі газ резервуарға құйылды, бұл кен орнында өндірілген газдың жалпы көлемінің 48,4 пайызын құрайды.

Бүгінгі таңда Қарашығанақ кен орнын игеруге серіктестер шамамен 28 миллиард АҚШ долларын инвестициялады.

Коронавирустық пандемияға қарамастан, компания барлық жоспарланған жұмыстарды уақытылы, қауіпсіз және ең аз шығынмен орындады. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы «ҚӨК газы бойынша өндірістік шектеулерді алу» бойынша жоба нысандарын пайдалануға берілуімен және Қарашығанақты кеңейту жобасын іске қосуға рұқсат алуымен ерекшеленді.

Кадрларды ұлттандыру тұрғысынан алғанда, алғашқы алты айда жергілікті КПО қызметкерлерінің пайызы инженер-техник қызметкерлерінің жалпы санының 98% -ын және барлық басқару персоналының 84%-ын құрады.

КПО қоршаған орта мәселелеріне ерекше көңіл бөледі.

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қарашығанақта газды кәдеге жарату көрсеткіші 99,94%-ды құрады, бұл әлемдік деңгейдегі жетістік болып табылады. Бүгінгі таңда КПО -ның қоршаған ортаны қорғауға жалпы инвестиция көлемі 437 миллион АҚШ долларын құрайды.

КПО - Қазақстандағы жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасын табысты енгізген алғашқы компаниялардың бірі. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысы бойынша КПО тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуге арналған келісімшарттарындағы жергілікті қамту үлесі 72%-дан немесе ақшалай есептегенде 296 миллион АҚШ долларынан асты.

КПО мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, коронавирус жұқпасы таралуының алдын алу және тежеу мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастыруда.

КПО өз қызметкерлерінің ерікті түрде екпе алуға ынталандыру арқылы Covid-19 мемлекеттік вакцинация бағдарламасын қолдайды.

2021 жылдың маусым айында жедел медициналық көмекті жетілдіру бағдарламасы аясында КПО қолдауымен Бөрлі орталық аудандық ауруханасында реанимация және компьютерлік томография бөлімдерін орналастыру үшін жаңа қабылдау-диагностикалық бөлімшесі ашылды. Ағымдағы жылы компания БҚО-ның Казталов ауданы Жалпақтал және Теректі ауданы Подстепное ауылдарында екі жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін облысқа табыстады.

Бүгінгі таңда КПО-ның өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға салған инвестициясы 439 миллион АҚШ долларынан асты.

«КПО ұйымдасқан командалық жұмыстың, қызметкерлердің кәсібилігі мен жаңа биіктерге ұмтылысының арқасында үлкен шығармашылық әлеуетке ие. Біздің басымдықтарымыз ағымдағы жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалады – бұл ретте Қазақстан Республикасының, жергілікті қоғамдастықтың және барлық мүдделі тараптар үшін пайданы  барынша арттыра отырып, өндіріс пен қауіпсіздіктің ең жоғары көрсеткіштерін қамтамасыз ету», - деп қорытындылады КПО бас директоры Джанкарло Рую.

КПО Корпоративтік байланыстар бөлімі