ҚазРусEng
24.05.2022
КПО-да OPITO стандарттары бойынша жабдықты пайдалану техниктерін кәсіби даярлау бағдарламасы іске қосылды

Батыс Қазақстан облысы, АҚСАЙ, 2022 жылғы 23 мамыр — «Kарачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) Электр және БӨҚжА технигі мамандықтары бойынша кәсіби даярлау бағдарламасы іске қосылғандығы туралы хабарлайды. Бағдарламаға қатысу үшін іріктеу қорытындысы бойынша 24 адамнан тұратын топ құралды, олар Қазақстан Республикасының жоғары және орта кәсіптік оқу орындарының түлектері.

Бағдарламаны іске қосу салтанатына КПО жоғарғы басшылық өкілдері, атап айтқанда Еңбек ресурстары бөлімінің басқарушысы, Слушаш Избасарова, Кен орны бастығы Карл Шмитц және ГКДҚ-2 бастығы Ержан Қанатов қатысты. Олар шәкірттерді оқу процесінің басталуымен құттықтап, оқуда озат болуға тілек білдірді.

КПО еңбек ресурстары бөлімінің басқарушысы, Слушаш Избасарова атап өткендей: «Аталмыш кәсіби даярлау бағдарламасы КПО-ның өндіру және техникалық қызмет көрсету бөлімінің талаптарына сай келетін қажетті техникалық білімді алып, дағдыларды үйренуге мүмкіндік береді. Теориялық және практикалық оқу, сондай-ақ жұмыс орнында алынатын практикалық тәжірибе арқылы бағдарламаға қатысушылар кейін Компанияда табысты еңбек етуге қажет білімді алып шығады».

OPITO мұнай мен газ академиясының халықаралық стандарттарына негізделген жас мамандарды даярлау бағдарламасы 14 жыл бойы КПО-да жүзеге асып келеді. Аталмыш бағдарлама шеңберінде қазіргі таңда Компанияның өндірістік нысандарында табысты жұмыс жасап жүрген 500 астам өндіру операторы мен жабдықты пайдалану технигі даярлықтан өткен.

«Kарачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы Батыс Қазақстан облысында ірі жұмыс берушілердің бірі. Жалпы, соңғы жиырма бес жылда КПО Қазақстандық қызметкерлердің білімі мен біліктілігін арттыруға 200 млн. АҚШ долларына астам қаражат жұмсады. Бүгінгі таңда КПО-дағы техникалық қызметкерлер мен супервайзерлердің жалпы санының 98%-ін, және жетекшілердің 85%-ін Қазақстандық қызметкерлер құрайды.